Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Нәтижеге бағытталған жұмыс жемісін береді

Нәтижеге бағытталған жұмыс жемісін береді


Осы аптада қалалық мәслихаттың кезектен тыс жетпісінші сессиясы өтті. Халық қалаулылары бас қосқан жиында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасап, осы кезге дейін атқарылған жұмыстарды саралады.

Сұлу Сырдың бойында орналасқан әсем қала – Қызылорда күн санап құлпырып келеді. Қала көшелері кеңейген, жарықтандырылған, сымбаты артқан. Бір сөзбен айтқанда, қазір Қызылорда жаңарды, жасарды, ерекше кейіпке енді. Ең бастысы, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар көптің көңілінен шығуда. Ауыз суы үйіне дейін барған, жолы жөнделген, шаңырағын табиғи газбен жылытып отырған жұрт атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, ризашылығын білдіруде.
Елбасының бастамасымен өмірге келген жаңа бағдарламалар және тың идеялардың ықпалымен, сондай-ақ Мемлекет басшысының халықтың тұрмысын жақсартуға негіз болған Жолдаулары аясында Сыр өңірінің орталығы – Қызылорда қаласында маңызды мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Шаһар басшысы мәслихат депутаттарының алдында жасаған баяндамасында алдымен Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне, соның ішінде өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлеміне тоқталды. Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 84,8 пайызды құрап отыр. Оның ішінде мұнай өндіру 4,4 млн тоннаны құраса, 653,1 млн метр куб табиғи газ өндірілген. Өңдеуші өнеркәсіп саласында да нәтижелі жұмыс бар. Есептік мерзімде тамақ өнімдерін өндіру 17,1 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 7,1 пайызға, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 21,8 пайызға артқан.

Биыл қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымының барлық нысанында 8746 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде, өңіріміздің басты дақылы – күріш 4075 гектарға егіліп, оның әр гектарынан 52,2 центнерден өнім алынды. Нәтижесінде ел қамбасына 20 914 тонна Сыр салысы құйылды. Қалалық шаруалар Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Ауғанстан, Түркіменстан мемлекеттеріне 31 мың тоннаға жуық күріш экспорттады. Сонымен қатар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет өндіру 2,2 пайызға артса, сүт өндіру 2,5 пайызға өскен.
Осындай мәліметтерді алға тартқан қала әкімі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша биыл 110 маманға көтерме жәрдемақы берілгенін және 46 маманға баспана алу үшін жеңілдетілген несие берілгенін жеткізді. Мұнан соң қала бюджетіне, негізгі капиталға салынған инвестицияға, құрылыс жұмыстарына тоқталған шаһар басшысы қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 292 237 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін тілге тиек етті.
Бүгінгі таңда Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артып келеді. Нәтижесінде осы уақытқа дейін Қызылордада жаңадан бірнеше шағын аудан бой көтеріп, 9 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын тапты. Нәтижесінде 2380 пәтерлі 52 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері үй кезегінде тұрған 1242 қызылордалық баспаналы болып, қоныс тойын тойлады.
Осындай мәліметтерді алға тарт¬қан қала басшысы мемлекеттік бағдарламалар негізінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қызылордада «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту бағытында біраз тірлік атқарылған. Бұдан бөлек қаладағы 32 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылды. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қызылорда қаласының канализациялық станцияларына реконструкциялау, жаңарту және елді мекендерді ауыз сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында Қызылордада 98 жоба жүзеге асуда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Ақсуат ауылдық округіндегі №143 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге және 16 көшенің жол жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінді. «Индустриялықинновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға» арналған мем¬лекеттік бағдарламасына сай қалада өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген 8 жоба жүзеге асуда. Ондағы 1 жоба республикалық картаға енгізілсе, қалған 7 жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Жобалар толық іске қосылғанда 1000-нан аса қызыл¬ордалық жұмыспен қамтылатын болады.
«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы негізінде 87 жоба қаржыландырылса, мемлекеттік қайтарымсыз грант беру бағыты бойынша комиссия шешімімен 21 адамның жобасы қолдау тапты. Екінші деңгейлі банктерде 64 жобаның құжаттары қаралуда. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» жеңілдікпен несиелеу арқылы биыл 12 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар 4 жобаның құжаттары банктерде қаралуда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында қалада жыл басынан бері шағын несиелендіру бағытында 109 жобаға қолдау көрсетілген.

Жасалған жұмыстың көлеміне қарап, атқарылған тірліктің аз емес екенін аңғаруға болады. Бірақ бұл жұмыстар ел игілігі үшін атқарылған көп тірліктің бірі ғана. Бұған жол жөндеу, көлік инфрақұрылымын дамыту және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бойынша атқарылған жұмыстарды қосыңыз. Биылдың өзінде жалпы ұзындығы 358,4 шақырымды құрайтын көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 141 көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Жұмыспен қамту 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасына» сай қаржы бөлінген. Бұдан бөлек 147 көшенің орташа және ағымдағы жөндеуіне облыстық, қалалық бюджеттен қаржы бағытталған. Қаланың шет аймақтарындағы 50 көшеге қаржы бөлініп, тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Тәуелсіздік даңғылының жалғасы саналатын С.Бейбарыс көшесінен Қызылжарма каналына дейінгі аралыққа магистралды көше құрылысы да жүргізілуде. Қаланың санитарлық тазалық жұмыстарын қамтамасыз етуге қажетті қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ қаладағы 823 көшенің ұзындығы 352,8 шақырымды құрайтын 135 көшесі жарықтандырылған. Бұған қоса 59 сквер мен аллея және 86 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларына жарық бағаналары орнатылды.
Өткен жылы ғана Қызылорданың бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, шаһар маңындағы саяжайлар қаланың теңгеріміне алынған болатын. Бүгінгі күні «Орбита», «Еңбек», «Болашақ», «Эдельвейс» саяжайларының инженерлік инфрақұрылымдық желілерін дамытуға жобалық-сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптамасын әзірлеуге және КОПЭС пен Ягодка саяжайларына баратын жолдарды орташа жөндеу үшін қалалық бюджеттен қажетті қаржы бөлініп отыр. Тиісті құжаттар арқылы жұмыстардың көлемі анықталғаннан кейін республикалық, облыстық бюджеттерден қаржы бөлуге ұсыныс берілетін болады.
Баяндамасына осы негіздегі ақпараттарды арқау еткен қала әкімі елдің сұранысын қанағаттандыру мақсатында халық қалаулыларынан түскен ұсыныстар мен депутаттық сауалдарды ұдайы назарға алатынын атап өтті. «Сіздердің қолдауларыңызбен қалада шешімін табуы тиіс өзекті мәселелердің түйіні тарқатылып, тындырымды тірліктер атқарылды. Жұдырықтай жұмыла жасаған жұмыстың нәтижесінде экономиканың қай саласында болмасын, Сырдың бас шаһарында тың жетістіктер мен жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз. Ендігі жерде Мемлекет басшысының саясатын ел мүддесіне сай жүзеге асырып, өнімді еңбек ету, Қызылорда қаласын айшықты ордаға, озық өндiрiстiң ошағына, жаңа дәуiрдiң салтанаты жарасқан қаласы ету бағытындағы жұмыстар тиісті деңгейде жалғасын табатын болады», – деп сөзін түйіндеді.
Өз кезегінде депутаттық корпус қалада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға оң бағасын берді.
Сессия отырысында «2016-2020» жылдарға арналған Қызылорда қаласының даму бағдарламасын бекіту туралы» қалалық мәслихаттың 2015 жылғы 24 желтоқсандағы №51/3 шешіміне тиісті өзгерістер енгізілді.
Жалпы Қызылордада атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Алысқа ұзамай-ақ соңғы екі-үш айдың көлемін ғана алайықшы. Ауыз толтырып айтатын нәтижелі тірліктің бірі ретінде қала орталығындағы медициналық ұйымдарға жасанды тыныс алу аппараттары мен оттегі концентраторларын алу үшін қала әкімінің құрылыс компанияларын біріктіре білгенін айтуға болады. Шынында да, пандемия белең алған шақта Қызылордадағы құрылыс компанияларын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырған басқа емес қала әкімі екенін айта кеткен дұрыс болар. Нәтижесінде 40 млн теңге жиналып, жасанды тыныс алу аппараттары мен оттегі концентраторлары алынды.
Тағы бір атап өтерлігі, шаһар басшысының халық үніне құлақ асып, қоғамдық көліктегі жол жүру ақысын қымбаттатпай бұрынғы тарифті сақтау туралы шешімі де көпті қуантқан іс болды. Бұдан бөлек Қызылорда қаласының жылу беру маусымына жылдағыдан ерекше әзірленгенін, жылуды ертерек қосқанын да тілге тиек еткен ләзім. Сондай-ақ Қызылордада саябақтарды дамытып, көгалдандыру жұмысына да ден қойылған. Қала күні қарсаңында «Сыр-Ана» монументі жаңғыртылып, «Дәрігерлер» аллеясы мен «Денсаулық» саябағы ашылды. Бұдан бөлек 600 орындық мектеп пен балалар алаңдары пайдалануға берілді. Сонымен бірге тұрғындарға Сырдария өзенінің сол жағалауынан соғылған жаңа үйден пәтер кілті табысталды.
Осы тұста Сырдария өзенінің сол жағалауында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталғанды жөн көр¬дік. Қарқынды түрде құрылыс жұмыс¬тары жүргізіліп жатқан аймақ жұртшылықтың да ерекше қызығушылығын тудыруда. Сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Екі аралықты байланыстырып тұрған көпірдің өзі мұндағы толассыз тірлікке дем бергендей әсер қалдырады. Өйткені осы көпір салынғаннан кейін дарияның арғы беті мен бергі бетіне еркін қатынауға мүмкіндік туды. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі парк пен жасыл желекті аймақтар қарастырылып отыр. Бүгінде Сыр¬дария өзенінің сол жағалауында алыстан-ақ көздің жауын алатын «Болашақ» университетінің ғимараты мен заманауи үлгідегі ІТ-паркі бар жастар ресурстық орталығы орна¬ласқан. Сондай-ақ сол жағалауда 2234 пәтері бар жалпы саны 48 көпқабатты тұрғын үй бар. Одан бөлек 700 оқушыға арналған жеке мектеп және 320 орындық балабақша да осында орналасқан. Ал сонау 1925 жылы Қырғыз АССР-нен Қазақ АССР-і деп өзгерту туралы шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің ғимараты бүгінде қайта жаңғыртылып (сызба негізінде қайта салынған), «Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық музей жұмыс істеуде. Сол жағалаудан ауданы 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып, соның 1 миллионы 2025 жылға дейін жобаның бірінші кезеңі аясында пайдалануға берілмек. Нәтижесінде алдағы 5 жылда 50 мың тұрғын қоныс тойын тойласа, жоба соңында жалпы саны 150 мың тұрғын баспаналы болады деп күтілуде. Жоба бойынша қаланың жаңа аумағында 16 мектеп пен 12 балабақша салынбақ. Бұдан бөлек 4 денсаулық сақтау мекемесі, яғни 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана, отбасылық медицина орталығы және облыстық қан орталығы халыққа қызмет ететін болады. Одан өзге облыстық музыкалық драма театр, неке сарайы, мәдени-спорттық және әлеуметтік нысандар да сол жағалаудан бой көтермек.
Қызылордада ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар мұнымен бітпейді. Биыл жаяу жүргіншілерге арналған жолға ерекше көңіл бөлінгені байқалады. Қаланың бірқатар аумағында тротуар салу жұмыстары қызу жүрді. Бұдан бөлек жол жөндеу жұмыстарының да қарқыны жаман емес. Қалай айтсақ та қала көлемінде атқарылған тірліктен нәтижеге бағыт¬талған жұмыстың жемісін беретіні көрініп тұр.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ
21 қараша 2020 ж. 267 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам