Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жаңашылдыққа бет бұрған мектеп

Жаңашылдыққа бет бұрған мектеп


Мектеп білімнің ғана емес рухани құндылықтың ордасы. 1945 жылы Сырдария өзеніне су торабын салу белгіленіп, облыс аумағынан жұмысшы топ жасақталады. Жан-жақтан халықтың көп жиналуына орай осы жылы жаңа бастауыш мектеп ашылады. Тасбөгет кентіндегі №11 мектеп-лицейдің қалыптасу тарихы, міне, осыдан бастау алды.
Білім ұясы 1947 жылы жеті жылдық қазақ-орыс мектебі болып қайта құрылып, оқушылардың білім сапасына баса мән беріліп, мектеп абыройы арта түсті. Мектеп қабырғасы қаланған жылдардан бастап өнегелі ісі, қажыр-қайратымен халық қалаулысына айналған ұлағатты жандар – Ахмет Әбсадықов, Шарбан Бегімқұлова, Ақан Тажиева қарапайым ұстаз болған қоғам қайраткерлері.
Бұл білім ұясынан көптеген түлек бітіріп шығып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Олардың арасында Астана медициналық академиясының оқытушысы Гүлзира Жолмаханова, Алматы меди­цина институтының оқытушысы Жанат Үдербаева, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің оқы­ту­шысы Шолпан Иманғалиева бар. Сонымен бірге осы білім шаңырағынан түлеген Есқозы Исабеков педагогика ғылымының кандидаты, Қазыбек Ержанов химия ғылымының докторы, Алмас Әбсадықов филологияғылымының кан­ди­даты, Бота Сүлейменова педагогика ғылымының кандидаты атанды. Иә, ұстаз – ұлы да қадірменді тұлға. Үздік үрдісті үлгілі мектеп осындай мұғалімдері мен шәкірттерін мақтан етеді.
Ел ертеңінің нұрлы болуы бүгінгі ұрпақтың біліміне байланысты. Мағжан Жұмабаевтың «Алаштың алты баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген сөзінің астарында аласармас ақиқат жатыр. Ғибратты ғұмыр иелерінің өнегелі өмір жолдарынан жарқын істер жалғастығын, қайталанбас қолтаңбасын аңғаруға болады. Мектеп тарихында ардагер-ұстаздардың қажырлы еңбегі, шәкірттердің қол жеткізген жетістіктері тарих сөресіндей сайрап тұр. Білім ұясының өткені өнеге, келешегі кемел екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Олимпиадада озған оқушылар

Бала бойына білімнің сарқылмас бұлағы мектепте беріледі. Түрлі олим­пиада да мектеп оқушылары үздіктер қатарынан көрініп жүр. Атап айтар болсақ, информатикадан Бибінұр Аманжолова І орын, орыс тілінен Айда Көптілеуова ІІ орын, химиядан Айда Шарапат ІІІ орын, Қазақстан тарихынан Жансая Жеткергенова ІІІ орын иеленді. Ғылым негіздері бойынша олимпиадалық іріктеудің қала­лық кезеңінде матема­тикадан Дархан Оңғаров І орын иеле­ніп, мектеп мәртебесін асқақтатты. Инфор­матикадан Арлан Ағаділ, қазақ тілі мен әдебиетінен Мақсат Нұрлыбек, орыс тілі мен орыс әдебиетінен Айда Шарапат, ағылшын тілінен Қаракөз Демекбай, химиядан Сымбат Жайықбай жүлдегер атанып, ұстаздар сенімін ақтай білді.
Педагогика саласындағы жаңаша оқу әдістемелері де оқушылардың шығар­ма­шылық қабілетін дамытуға жол ашты. 2003-2004 оқу жылдары мек­тепте оқушылардың ғылыми қоғамы құры­лып, содан бері тұрақты, жүйелі жұмыс жүргізуде. Мектеп оқушысы Ақбота Ешенова Гүлзира Назарәлиеваның жетек­шілігімен биологиядан облыстық эко­логия және балалар ғылыми жобалар конференциясына қатысып, «Қоршаған орта­ның адам денсаулығына әсері» тақырыбында ғылыми жұмыс қорғап, ІІІ орын иеленді. Мектеп мұғалімдерінің жетекшілігімен оқушылар «Дарын» республикалық ғылыми жоба байқауынан да жүлдемен оралды. Қалдыгүл Әбді­халықова есімді оқушының «Асқар Тоқ­мағанбетовтің шығармашылығы» тақы­рыбындағы ғылыми жобасы үздік танылып, «Алғыс хатпен» марапатталды. Тарих пәні мұғалімі Бақытгүл Жүбекешованың жетекшілігімен Жанар Үргенішбаева Ұлы Отан соғысының ардагері Тасмағанбет Батыршаев  туралы «Ер есімі – ел есінде» тақырыбында ғылыми шығарма жазып, мақтау қағазымен марапатталды. Сонымен қатар  Малика Махамбетова «Театр – руханият» тақырыбында өткен облыстық байқауда жүлдегер атанды. Тарих пәні мұғалімі Болар Оразбаеваның нұсқаулығымен Құралай Сартаеваның өлкетану бағыты бойынша жазылған шығармасы жоғары бағаланды.
Мектеп оқушылары мен пән мұға­лімдері Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университетінің ғалым­дарымен ұдайы байланыста болып, шығармашылық қабілеттерін дамытып келеді. Облыстық «Үздік ғылыми қоғам» байқауында №11 мектеп-лицей жұмысы жаңа қырынан танылып, қала мектептері арасында жүлделі орынға ие болды.
Семей қаласында «Экология» тақырыбында өткен шығарма байқауында Диана Дәулетбаева ІІ орын иеленіп, дипломмен марапатталса, «Зерде» жас ғалым-зерттеушілердің республикалық сайысында Әділет Жарылқасынұлы «Су – тіршілік көзі» тақырыбында ғылыми жобасын сәтті қорғап ІІ дәрежелі диплом иегері атанды. Айдана  Махамбетова  «Абай оқулары» жарысының жүлдегері атанып, мемлекеттік білім грантына қол жеткізді. Зияткерлік байқау жеңімпазы Айдана Ілиясованың есімі республикалық  «Надежды Казахстана» кітабына енгізілді. Міне, осылайша мектеп оқушылары түрлі сайыстарда  топ жарып, ұстаздар үмітін ақтап келеді.

Білім  грантының көрсеткіштері

«Мектепте білім грантының көрсет­кіштері жоғары деңгейде» дейді мұндағы мұғалімдер. Жыл сайын бітіруші түлектер мемлекеттік грант иеленуде абырой биігі­нен түскен емес. №11 мектеп-лицей түлек­тері білім көкжиегіндегі мемлекеттік сынақтан сүрінбей өтіп келеді. Білім алушы түлектер де, білім беруші ұстаздар да қашан да марапатқа лайық. Мектеп тарихында «Алтын белгімен» бітірген түлектер саны жыл сайын артып келеді. Бұл – «Ұлт болашағы – білімді ұрпақ» екендігінің жемісті нәтижесі. 
Осы тұрғыда №11 мектептің ғылыми-әдістемелік оқу тәрбиелеу үрдісі мұға­лім­дердің жаңашыл педагогикалық зерт­теушілік іс-тәжірибелеріне арқау болып, жүйелі жұмыс жасалуда. Мектептегі ғылыми-әдістемелік жұмыстар мен пән бірлестіктері жалпыға міндетті білім беру стандарт талаптарының орындалуын қадағалайды. Барлық  пән бірлестіктері жүйелі түрде педагогикалық оқулар, шығармашылық әдістемелік сабақтар, ашық есік күндерін, семинар, шеберлік-дәрістер тағы басқа да түрлі іс-шара топтамасын өткізіп отырады. Бұл білім ошағында 2005 жылдан бастап «Жас ұрпақ» бірлестігі жұмыс істеуде. Бірлес­тік құрамында 600-ден астам оқушы бар.   Құрылған уақыттан бері көптеген сайыстарға қатысып, жеңімпаз атанып келеді. “Жас ұрпақ” бірлестігінің “Жас ұландар” байқауында “Ең үздік бірлестік”, “Ең үздік ту ұстаушы”, “Ең үздік газет” аталымы бойынша жеңіске жеткендерін атап өту қажет.   
Қазіргі таңда білім ұясында 240 мұғалім 2287 оқушыға дәріс беруде. Білім ұясында 10 пән бірлестігі, түрлі нысандағы үйірмелер, спорт секциялары, мультимедия, алғашқы әскери дайындық, жеті интерактивті тақталы кабинеттер және ата-аналар комитеті жұмыс атқаруда.
– Мектеп заман талабына сай техни­калық құрал-жабдықтармен толыққанды жабдықталған. Жаңадан химия, биология, физика кабинеттері жасақталып жатыр. Сонымен қатар мұғалімдер мен оқушы­лардан құралған оркестр ашуды мақсат етіп отырмыз. Желтоқсан айында 25 домбыра, баян тағы да басқа музы­ка­лық аспаптар алдыртамыз деген жоспарымыз бар. Теннис үстелі де келеді деп күтілуде. Ең бастысы, оқушылардың сабақ үлгеріміне мән беру – біздің басты міндетіміз. Қазір карантин уақыты болған соң арнайы бастауыш сыныптар ғана мектепте білім алуда. Қалған сыныптар қашықтықтан оқуды жалғастыруда, – дейді мектеп-лицей директоры Ғани Сардарбеков.   

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
21 қараша 2020 ж. 481 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам