Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Бриллиант дауысты бала

Бриллиант дауысты бала


Бриллиант дауыс. Чехияның Прага қаласында өткен «Diamond voice» байқауында гран-при иелен­ген Дінмұхаммедке осындай атақ берілген. Халықаралық деңгейдегі өнер додасында оза шабу – кез келгенге бұйырмас бақ.
Ал Дінмұхаммед Төлеубай әлемнің әр түкпірінен келген өнерпаздар арасында өзінің шын талант екенін дәлелдеді. Қазақ елін, өнерін, дарынын көпке паш етті. Ұстазы Қаракөз Ақдәулетовадан тәлім алып, шеберлігін шыңдаған оның өнері жоғары бағаланды. Одан кейін де Беларусь қаласында өткен «Арт-парад» І халықаралық конкурстың гран-при иегері атанды. Жуырда Украинаның Харьков қаласында онлайн өткен «Спивограй» халықаралық фестивалінде бас жүлде алды.
Халқымызда «Ата өнері – балаға мұра» деген нақыл бар. Тегінде өнердің нәрі бар Димаштың таланты тегін емес. Бабасы Төлеубай Жалағаш өңіріне белгілі айтыскер ақын, өнерлі кісі екен. Атадан балаға қонар қасиет шөбересінен көрініс тапты. Өнерпаз бала өнерімен әлемді тамсандырды.
– Атамыз Төлеубай өз заманында белгілі суырып салма ақын, айтыскер болған деседі. Оның бұл қасиеті немересі Бисенбек Төлеубаевқа берілген. Ол өңірге танымал жыршы, термеші, Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжде дәстүрлі ән бағыты бойынша сабақ береді. Одан соң Дінмұхаммедке қонса керек, – дейді анасы Лида Бейсенова бізбен әңгімесінде.

Қарапайым отбасында өскен дарын­ды баланың әншілік жолы алғаш бала­бақшадан бастау алыпты. Ән сабағы­нан берген Оразкүл апайы бала­ның таланты барын байқап, түрлі байқауға қатыстырады. Сөйтіп оның өнерге деген қызығушылығын оятады. Бойында таланты бар бала тасада қалмайды. Мектеп қабырғасында жүр­генде де Дінмұхаммед ерекше даусымен ұстаз­дарын елең еткізеді. Осыдан соң музыка пәнінің мұғалімі Қайрат Қамаров оны баули бастайды. Анасының айтуын­ша, өреннің жұлдызды сәті респуб­ликалық «Бозторғай» байқауынан соң басталады. Конкурстың қала бойынша іріктеу турында дипломант атанған Дінмұхаммедке талай таланттың бағын ашқан ұстаз, әнші Қаракөз Ақдәулетова ерекше ықылас білдірген екен. Ұстазының тәлімімен жас өнерпаз біршама белесті бағындырды. Жоғарыда атап өткен байқаудың алғашқы екеуіне Қаракөз апайы баптады. Бағы да, бабы да келісіп, ең жоғарғы жүлдені алды. Дарынның деңгейін алыстан көре білген білікті ұстаз баланы 5 жыл көлемінде шыңдады. Музыка әлемінің қыр-сырын меңгертті. Соның нәтижесінде жоғары дауысты еркін иегере алатын қабілетке ие. Репертуары күрделі шығармаларға толы. Кез келген әнші орындауға бата қоймайтын әндер оған жеңіс сыйлауда. Өмірден өткен ұстазы Димаштың алар асуы алда екенін ерте таныған еді.
Бүгінде жас өнерпазға Халық шығармашылығын дамыту орталығын­дағы «Балалар студиясының» жетекшісі Жадыра Белгібаева тәлім жасайды. Жас өнерпазды Украинада өткен «Спивограй» халықаралық байқауына дайындаған да сол кісі. Димаш бұл байқауда Абайдың «Әсемпаз болма әр неге» өлеңін орындап, бас жүлдеге ие болды.
Бүгінде Дінмұхаммед Төлеубай Тас­бөгет кентіндегі №11 мектеп-лицейдің 8 сынып оқушысы. Ұстаздары оқу мен шығармашылықты қатар алып жүрген өреннің болашағынан үлкен үміт күтеді, қолдау білдіреді.
Сырдың жас өнерпазы Димаш Құдайбергенов сынды өнер әлемінде айшықты орын қалдырсам дейді.

А.СЕЙІЛ
21 қараша 2020 ж. 452 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам