Бриллиант дауыс бала
Жыр-әннің елі, Тұранның төрі болған өңірімізді нағыз таланттарды түлеткен өнер ордасы десек артық болмас. Еліміздің ән өнерін асқақтатып жүрген Сыр өнерпаздары жетерлік. Кешегі Роза Бағланова, Мәдина Ералиева сынды күміс көмей әншілердің бүгінгі жалғасы қазақтың төл өнерін әлем елдерінің аспан астында әуелетіп жүр. Қазақ атын, Қазақстан елін, Сыр аймағын төрткүл дүниеге паш етуде. Соның бірі – жуырда Беларусь қаласында өткен «Арт-парад» І халықаралық конкурсының Гран-при иегері қызылордалық жас өнерпаз Дінмұхаммед Төлеубай.
Тасбөгет кентіндегі №11 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Дінмұхаммедті табу қиынға түспеді. Білім ордасына хабарласып, жөнімізді айтқан соң жас таланттың өзімен тілдесуге мүмкіндік туды. Солай келісілген уақытта кездесудің сәті түсті. Аталған білім ордасында технология пәнінен сабақ беретін анасы Лида Бисенова мен Димаш есік алдынан күтіп алды. Небәрі 12 жастағы талантпен танысып, жөн сұрастық. Әрі қарайғы әңгіме ауаны оның өнер жолына ауды.
Анасының айтуынша, ұлының бойындағы талантын балабақшада ән сабағынан берген Оразкүл апайы байқапты. Өнерлі бала ондағы кез келген шараның белсендісі болған. Сонда жүріп қалалық «Ботақан» ән байқауына қатысқан. Кейін мектепте табалдырығын аттағанда оның бұл дарынын музыка пәнінің мұғалімі Қайрат Қамаров та тани білген екен. Осыдан соң ол өренді өнер жолына баулиды. Сөйтіп, алғаш рет республикалық «Бозторғай» байқауының қалалық турында бағын сынайды. Димаштың жұлдызды сәті осы кезден басталды деуге болатын шығар. Себебі, ол өнер додасында дипломант атанып, талай таланттың жолын ашқан ұстаз Қаракөз Ақдаулетованың оң бағасын алады. Міне, содан бері Дінмұхаммед сол кісінің қамқорлығында.
Жалпы, әу, демейтін қазақ жоқ. Көңіл күйіміз соққанда шабытты да шақырып, әндете жөнелеміз. Алайда, кез келгеніміз ән айтсақ та, нақышына келтіре орындай алмаймыз. Рас қой. Ал, біздің кейіпкерімізге дарыны арғы атасынан қонса керек. Атасы Төлеубай – өз заманының белгілі ақыны, айтыскері болған өнерлі кісі деседі. Бүгінде әулетте Димаштың ағасы (әкесінің інісі) Бисенбек Төлеубаев қана өнер жолында. Ол – өңірге белгілі жыршы, термеші, Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжде дәстүрлі ән бағыты бойынша дәріс береді. Осындай өнерлі әулеттен шыққан оның «Бриллиант дауыс» деген атағы барын да айта кеткен жөн. Чехияның Прага қаласында өткен «Diamond voice» байқауында Гран-приді жеңіп, осындай атақ қоса берілген. Көп ұзамай Беларусь жерінде «Арт-парад» І халықаралық конкурсының Гран-при иегері атанды.Әлемнің кіл мықтылары қазылық етіп, ең үздіктері бақ сынаған өнер додасын жарып шығу оңайға түспегені анық.
– Байқауға әлемнің бірнеше елінен келген әншілер қатысты. Жас ерекшелігіне қарай өтетін байқауда алғашқы да өз қатарластарыммен сынға түстім. Одан үздік шыққан соң, 18-25 жас аралығындағы таланттармен бақ сынастым. Қорқыныш, қобалжу болды. Үмітті ақтай аламын ба? Жеңіске жетпесем, елге қалай барамын деп уайымдадым. Бірақ, ұстазымның қолдауымен жігерленіп, сахнада өнерімді көрсеттім. Ал, гран-приді алғанда ерекше қуандық, – дейді жас дарын Дінмұхаммед бізбен әңгімесінде.
Бүгінде 12 жасар өнерпаз Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледждің түлегі. Баланың болмысынан-ақ деңгейін көре білетін білікті ұстаз оған 5 жылдан бері тәлім беріп, музыканың қыр-сырын меңгертіп жүр. Қажырлы еңбек, көп дайындықтың нәтижесінде жоғары дауысты еркін игере алатын болған. Сондықтан оның репертуарында күрделі шығармалар басым. Айтқандай, Димаш аталған байқауға итальяның атақты опера әншісі Энрико Карузоның құрметіне жазылған «Карузо» әнін орындап шыққан. Бұған ол екі жылдан астам уақыт дайындық жүргізіпті. Кез келген әнші орындауға бата алмайтын әнді орындау оған үлкен жеңіс әкелді. Енді Витебск қаласында өтетін «Славян базары» халықаралық байқауына дайындық үстінде.
Қайсыбір өнер сайысы болмасын тек биіктен көрініп жүрген дарынды өреннен ұстаздары көп үміт күтеді. Хакім Абай атамыз айтпақшы, «өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Десек те, шын талант қана жарып шығады. Ал, Дінмұхаммед болса елінің атын әнімен әлемге паш етсем дейді.
Айдана САЙДУЛЛА