Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Баяншы Абылай

Классикалық музыка – өнер атаулының төресі. Иә, біз кез келген елдің ән өнерін құдды бір ана тілімізде тыңдап отырғандай құмарта құлақ тосамыз. Ондағы тылсым күш жүрек түкпіріне терең бойлағанда саз сиқырына қалай арбалып қалғаныңды сезбей қаласың. Өйткені, музыка жан-дүниемізді өзге бір әлемге жетелеп, сезім пернелерін дәл басады. Ал әсем әуен ой-қиялымызға қанат бітіріп, көңіл сарайына нұрын төгеді. Шығыстың ғұлама ойшылы, Әбу Насыр әл-Фараби осынау құдіретті өнер туралы былай деген екен: «Музыканың үш түрі бар. Біріншісі, жәй ғана рахат сезімін туғызады, екіншісі құмарлықты, ынтықтықты білдіреді, үшіншісі біздің қиялымызға бағытталады. Жағымды сезім оятатын музыка демалыс үшін қолданылады, ол бізді жақсы тынықтырады» дейді.
Елімізде өнер әлеміне еркін қанат қағып, әлемдік сахналарда орындау шеберлігімен танылып жүрген талай таланттар бар. Олар музыка арқылы өзін қоршаған дүниенің сырына үңіле отырып, содан рухани нәр алып, бойындағы нәзік сезімін оятады. Сырбойылық жас баяншы Абылайхан Абайұлы да ұшы-қиыры жоқ жоқ өнер биігінде жас қырандай қалықтап келеді. Жуырда ғана Италияда өткен халықаралық аккордеоншылар байқауында топ жарған жас өнерпаз тек Сыр өңірінің ғана емес, күллі Қазақ абыройын ән әлемінде асқақтатып келді. Шынашақтай ғана баланың бойынан шымыр болаттай төзім мен таланттың барын онымен бірауыз тілдескенде аңғардым. Түймелі аспаптың тиегін дөп басқанда құйқылжыта төгілген сазды әуені өне бойымды шымырлатып жібергендей болды. Сүйріктей саусағымен пернелерді алма-кезек алғанда оның музыканы ойымен түйсініп, жанымен сезінгені бірден байқалады. Бала кезінен музыканы сүйіп өскен кейіпкеріміздің өнер жолына келуіне әкесі ықпал етті. Өйткені, ол да өнерден құр алақан емес. Бүгінде жас бүлдіршіндерге баян тартудан сабақ беріп, бар білгенімен бөлісіп жүрген жайы бар. Үйде аспаптың баяу үні естіле бастаса, жанына келіп қызығушылық танытқан баласының өнерге таласы бар екенін байқаған әкесі оны өнер мектебіне ертіп апарған. Міне, содан бері Абылай ата-анасының сенімін ақтап келеді. Бүгінде ол Қазанғап атындағы музыкалық колледждің 4-курс студенті. Талай жылдар бойына өнер шыңында тек табысқа жетуді ойлаған ол қазіргі сәтте арманына бір қадам жақындағандай сезінеді.
Кәрі құрлықта өткен байқауда Абылайханның орындау шеберлігі мен талғамына таң қалмаған жан қалмады. Өйткені, ол күй атасы Құрманғазының «Бозқаңғыр» күйін әлемдік сахнада шырқап, тыңдармандарды тәнті етті. Бұл оның үлкен өнерде бағындырған алғашқы белесі.
– Италияның Ланчано, Кастельфидардо қаласында өткен аккордеоншылар байқауы халықаралық деңгейдегі маңызды шара. Оған әлемнің әр түкпірінен келген 17-18 жас шамасындағы өнерпаздар қатысты. Байқауға еліміздің атынан 4 өнерпаз қатыстық. Мен онда әлемге әйгілі композиторлардың бірнеше шығармасын орындадым. Ланчано қаласындағы сайыста 5 дәреже бойынша сынға түстім. Алғашқы классика жанры бойынша Алексей Ефременконың баянға өңдеп түсірген Құрманғазының «Бозқаңғыр» күйін орындап шықтым.Ол бойынша 1 орынды иелендім. Ал, екінші «Юниор варете» сатысында неміс композиторының «Прилюдия и фуга», Вячеслав Семеновтың «Каприз №1» шығармасын алып шықтым. Бұл орындауым 2-ші орынға лайық деп танылды. Жеткен жетістігім бала кезден бергі дайындығымның нәтижесі деп санаймын.
Бұл байқауға мен кездейсоқ келгенім жоқ. Биыл сәуір айында Атырау қаласында баяншылар мен аккордеоншылардың тұңғыш «Еуразия Кубогы» халықаралық байқауы ұйымдастырылды. Сол сайыста үздік орындаушы атанып, Италияда өткен сайысқа жолдама алған болатынмын. Енді осы байқауда қаңтар-ақпан айында Франция елінде өтетін фестивальға белгілі композитор Франк Анжелистің шақыртуын алдық. Оған осы бастан дайындықты бастап кеттім, – деді Абылайхан Абайұлы.
Иә, Абылайдың бұл үлкен сахнада алғаш өнер көрсетуі. Бірақ бұған дейін ол республикалық байқауда өнер көрсетіп, топ жарып жүр. Мәселен, Астана қаласында өткен «Шабыт» өнер фестивалінде музыкалық колледждер арасында 1 орынды иеленген. Әрине, оның өнер жолындағы таудай талабын шыңдап, кәсіби музыканың қыр-сырын үйреткен ұстаздарын айтпай кету мүмкін емес. Жас бүлдіршіннің қанатын қағып, ән әлемінде дүниетанымын қалыптастырған алғашқы мұғалімі Талғат Дәрменов болса, классикалық музыканың көркемдігін терең сезіндіріп, ноталарды жазбай тануға баулыған колледждегі ұстазы Әсия Боранғұлованың еңбегі орасан.
Қашанда ата өнері – балаға мұра. Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған текті өнер Абылайханның шығармашылық жолын аша түседі. Келешекте әлемге әйгілі музыкант Франк Анжелиспен бірге үлкен сахналарда өнер көрсетуді арман еткен ол, мақсатыма тынымсыз еңбегім арқылы қол жеткіземін дейді. Олай болса, талғамы биік, талабы зор жас өнерпаздың өнеріне тәнті болып, алдағы байқауларда жеңіс тіледік.

Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
19 қазан 2019 ж. 1 720 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам