Ауыл әкімдері неге сын естіді?
Осы аптада қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Шаһар басшысы күн тәртібіндегі мәселелерден бұрын кадрлық өзгерістерге тоқталды. Бұған дейін қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген Алмасбек Есмаханов Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғандығы белгілі. Ал оның орнына қалалық ішкі саясат бөлімінің жаңа басшысы Сейдуали Әбдіқадыров болды.
Одан әрі мәжілісте Ақсуат, Қосшыңырау ауылдық округінде жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер қаралды.
«Наурызға» газ қашан барады?
Қалаға жақын орналасқан Ақсуат ауылдық округіндегі «Наурыз» саяжайы мен Жақыпбек Маханбетов ауылы тұрғындарын қоса есептегендегі халық саны 8000-нан асады. Жыл басынан 5 салық түрі бойынша салық түсімі 113 пайызға орындалды.
Баяндамасына осындай мәліметтерді арқау еткен ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев кәсіпкерлік саласына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 36 кәсіпкерге артқан. Кәсіпкерлікке оқыту «Бастау Бизнес» және «Бизнес мектеп» курстарына барлығы 17 адам тіркеліп, 16-сы сертификатын алды.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 39 млн 700 мың теңге болатын 11 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы», «Сыбаға» бағдарламалары бойынша және «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы 1 жобадан қаржыландырылды. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар мен «Жас кәсіпкер», «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыған 20 адам 11 млн 112 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Ал «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясына 3 жоба ұсынылып, оның 2-і қолдау тапты.
Әйткенмен кәсіпкерліктегі көрсеткіш қала әкімінің көңілінен шықпады.
– Қалаға жақын орналасқан ауылда жаңа жобалар ашып, кәсіппен айналысуға толық мүмкіндік бар. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша 1 ғана жобадан қаржыландырылған. Бірақ бұл аз деген сөз, жұмыс істеу керек, – деп қала басшысы жыл соңына дейін жаңа жобаларды енгізу керектігін тапсырды.
Ауылдың әлеуметтік мәселелері де назардан тыс қалмады. Өткен жылы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген 120 орындық «Асыл-Ай» бөбекжай-бақшасына облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, қажетті жиһаздар алынуда. Осы тұрғыда шаһар басшысы бөбекжай-бақшасының жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Көшелерге келсек, мәселе баршылық. Кей көшелеріне жөндеу жұмысы жүргізілгенімен сапасыз аяқталғандығы сөз болды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында барлығы 21 көшеге, «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде 1 көшеге қаржы қаралып, мердігер «Набат-2000» мекемесі жол жөндеу жұмысын жүргізсе, жергілікті бюджеттен қаралған қаржыға 1 көше жөндеуден өтуде.
– Ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен А.Найзағараев, Ү.Тоқмағанбетова көшелеріне, №143 мектеп алдына ұзындығы 1,6 шақырым болатын қала көшелерінен ауыстырылған брусчаткалардан жаяу жүргіншілер жолы салынды, – деді ауыл әкімі.
Ақсуаттағы көптің көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі – «көгілдір отын». Ауыл әкімінің айтуынша, Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспарына сәйкес, Ж.Маханбетов ауылы мен «Наурыз» саяжайын газбен қамту 2021-2022 жылдарға жоспарлануда.
Көшелер жөнделді десе де сапасы сын көтермей тұрғандығын қала басшысы нақты жеткізді. Бұл жұмысқа жауапты мердігер мекемелердің салғырттығына жол берілмеу, олармен келісім-шартты бұзу, тіпті қаржысын аудармау қажеттігін тапсырды. Мұндай талаптың қойылуы да орынды. Өйткені атқарылған іс сапасыз болса, кімге керек? Салықты толығымен орындаса да, алда Ақмырзаев атқаратын қыруар тірлік тұрғандығы жасырын емес.
Қосшыңыраудың «Сыбағасы» қайда?
Келесі мәселе бойынша Қосшыңырау ауылының әкімі Дулат Таубайдың баяндамасы тыңдалды. Бұл ауылда салық түсімі толық орындалмаған. Бірақ ауыл әкімі жыл соңына дейін 100 пайыз орындалатынын жеткізді.
Коммуналдық сала бойынша бірқатар жұмыс атқарылған. «Жұмыспен қамту 2020-2021» бағдарламасының І бағыты – инфрақұрылымды және тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты дамыту аясында Бейбітшілік көшесіне орташа жол жөндеу, Досан ауылының №17-20 көшелеріне тас төсеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, «Қайнар-LTD» ЖШС жөндеу жүргізді. Оған қоса Абай ауылының Гагарин көшесіне орташа жол жөндеу жұмысына қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда «Қызылорда-Траст» ЖШС келісім шарт жасалып, іске кірісті. Қараша айында аяқтау жоспарлануда.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Досан ауылының №15, 20 көшелеріне 22 жарық бағанасы орнатылды. Абай ауылы толықтай электр энергиясымен қамтылған.
– Алайда есепті кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселенің бірі кешкі мезгілде электр қуатының әлсіреуі болатын. Осы тұрғыда Абай, Бейбітшілік және Маханбетов көшелерінің жарығын тұрақтандыру мақсатында қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, қосалқы станциясы орнатылып, жұмыс аяқталуға жақын, – деді ауыл әкімі.
Ал кәсіпкерлік саласы бойынша көрсеткіш көңіл көншітпейді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «Қызылорда инвестициялық орталығы» РИЦ арқылы – 1, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 9, «Сырдария несие серіктестігі» арқылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында жалпы құны 26,2 млн теңгені құрайтын 2 жоба іске асырылды.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 3 жоба жүзеге асса, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасындағы «Бастау Бизнес» оқыту бойынша 5 ауыл тұрғыны өз білімін шыңдап, сертификаттарын алды.
– Биыл қаржы ұйымдарынан 144,4 млн теңгені құрайтын 15 жоба қолдау тапты. Алдағы уақытта қосымша 18 жобаның құжаты дайын, – деді Д.Таубай.
Ауылға қажетті, маңызы зор мемлекеттік бағдарламаның бірі – «Сыбаға». Бірақ бұл бойынша атқарылған жұмысты байқай алмадық. Ауылдағы ағайын мал шаруашылығымен айналасуды қойған ба деген ойда қалдық. Әлде Д.Таубай «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы жайлы үгіт-насихат жұмысын дұрыс жүргізбей жүр ме? Бұл тұрғыда қала әкімі Н.Нәлібаев ауыл әкіміне қатаң тапсырма берді.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Қос ауылдың тыныс-тіршілігін саралап, жыл көлеміндегі жетістіктерін тыңдаған шаһар басшысы қала іргесінде қанат жайып, күре жолдың бойынан орын тепкен Ақсуатта мемлекеттік бағдарламаларға мойын бұрған азаматтардың қатары әлі де аз екенін айтып, кәсіпкерлік бағытқа келгенде Қосшыңырау да кейін қалып тұрғанын атап өтті.
Қала әкімі жыл аяғына дейін екі ауылдың да көрсеткіштерін көтеруді жауаптыларға жүктеді. Сонымен қатар ауылдық округтердегі жол жөндеу, ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру, тазалық, қылмыстарды болдырмау мақсатында жұмыстарды ұйымдастыру және жасалған қылмыстардың ашылуы бойынша бірқатар сын-ескертпелер айтқан қала әкімі қос басшыға да жұмыстарын ширатуды тапсырды.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ