Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ПОЭЗИЯ – ҰЛЫ ӘЛЕМ, ТЫЛСЫМ КҮШ

ПОЭЗИЯ – ҰЛЫ ӘЛЕМ, ТЫЛСЫМ КҮШ

    «Сыр елі – жыр елі» деген теңеу осы қасиетті жердің өркен жайған өрісті өнері мен мерейлі мәдениетінің айшықты нышаны іспетті. Өйткені, бұл өлкеде небір ғажайып туындыларды дүниеге әкелген тума таланттар өмірге келген.
Сол үрдісті жалғастырып келе жатқан ақындарды құрметтеу, ұлықтау мақсатында Сыр өңірінде «Парасатты поэзия» атты жыр кеші өткізілді. Онда Қырғызстан мен еліміздің әр түкпірінен келген ақындар бас қосты. Еліміз бойынша алғаш рет ұйымдастырылған игі бастама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өрбіді.
Қара сөзден маржан терген қаламгерлерді алдымен облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдады.
– Бүгін облысымызда ежелден Алатауды тең жайлаған етене жұрт – қазақ пен қырғыз елінің қарымды қаламгерлері бас қосып отыр. Әдебиет әлеміндегі танымал тұлғалардың Сыр өңіріне келуі – аймақтың рухани өміріндегі үлкен жаңалықтың бірі. «Әдебиет пен өнер – егіз ұғым» десек, кез келген кемелденген өркениетті мемлекет өз әдебиетін, мәдениетін, тарихын қастерлеп, оны ұрпақ тәрбиесіндегі басты құралына айналдырады. Әдебиет – ел көрген сан алуан саяси-қоғамдық өзгерістер мен тарихи кезеңдердің айнасы. Сонымен қатар, оның рухани қазынасы әрі кез келген ұлттың төлқұжаты. Ал, поэзия – ұлы әлем, тылсым күш. Қасиет қонып, бақ дарыған киелі Сыр өңірі ақын-жазушылардан кенде емес. Сондықтан ұлылар, даналар, ғұламалар шыққан өңірді әрбір қазақ жақын тұтады. Бүгін еліміз бойынша алғаш рет өткізіліп отырған жыр кешіне қарымды қаламгерлер келді. Бұл бастаманы алдағы уақытта да дәстүрлі түрде кең көлемде жалғастырамыз, – деді аймақ басшысы.
Осы киелі жерде дүниеге келіп, алғашқы шығармасын туған топырақта жазып, бүгінде қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған тұлағалар жетерлік. Мәселен, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Жарасқан Әбдірашев, Шөмішбай Сариев, Жақсылық Түменбаев, Иран-Ғайып, Тынымбай Нұрмағанбетов, Молдахмет Қаназов, Сайлаубай Жұбатырұлы, Қомшабай Сүйеніш, Жүсіп Қыдыров, Қази Данабаев, Махмұтбай Әміреев, Әскербек Рақымбекұлы, Шәкизада Әбдікәрімов, Сәнімкүл Желдербаева сынды әдебиет өкілдерін ерекше айтуға болады.
Олардың есімі – халыққа етене таныс. Поэзия әлемінде бұл қаламгерлер өз өрнегімен ерекшеленген. Оқырмандарды сезім шуағына бөлеп, ой тереңдігі мен парасатқа баулыды. Ақындардың әрбір туындылары көркем келістілігімен, нақыш-өрнектерінің өзгешелігімен дараланады. Себебі, әрқайсысының өлеңдері өмірде, ортада, қоғамда болып жатқан сан алуан құбылыстардан сыр шертеді. Оқырманды адамгершілік асыл қасиеттерге, ізгі мұраттарға жетелейді.
Айтулы шараға қырғыз ақындары Бақтыгүл Чотурова мен Қарбалас Бакиров, елімізден Ғалым Жайлыбай, Қазыбек Иса, Ертай Ашықбаев, Ұларбек Дәлейұлы, Бақытгүл Бабашева арнайы келді. Ал, өз өңірімізден Қатира Жаленова, Қаршыға Есімсейітова, Толыбай Абылаев, Алтай Үсенов, Дүйсенбек Аяшұлы, Толқын Қабылшаева сынды жиырмаға жуық ақын қатысты.
– Өмірін өлеңмен өрнектеген, ақындарын құрметтеген Сыр жұртшылығына алғысым шексіз. Қырғыз-қазақ түбі бір түркі жұртынан тараған, бір туған ағайынды халық. Қос бәйтерек Ш.Айтматов пен М.Шахановтың достығы неге тұрады. Бүгін солардың ізін жалғастырған ізбасарлары басқосудамыз. Осылайша киелі өнердің қасиетіне бойлап, қара өлеңді тағы бір мәрте асқақтатудамыз. Осындай әдеби кешке арнайы шақырып, қонақ етіп, сыйлап жатқандарыңызға мың алғыс, – деді қырғыз ақыны Қарбалас Бакиров.
Бұл бастаманы Сыр өңірінің қарымды қаламгері, сыршыл ақын Шахизада Әбдікәрімов ұсынған. Соның нәтижесінде жыр кеші кең көлемде тойлануда.
– Бүгін міне, ақындарды төрге шығарып, сый-құрмет көрсетіп жатырсыз. Қырымбек Елеуұлы, сізге алғысым шексіз. Бұл ұсынысты қабылдап, оң көзқарас танытып, қолдау көрсетіп, жоғары деңгейде ұйымдастыруға қамқорлық көрсеттіңіз. Осы кешті өткізіледі дегенді естіген жас ақындардың қуанышында шек жоқ. Қайта-қайта хабарласып, алыстан ат артып келді, – деді Шахизада Әбдікәрімов.
Басқосу барысында аймақ басшысы әдебиет, руханият пен мәдениеттің дамуына, публицистика мектебінің заманауи деңгейге көтерілуіне елеулі үлес қосып келе жатқан шығармашылық иелеріне өз тартуын ұсынды. Естелік сый ретінде «Шахнама» аудиоэнциклопедиясын табыстады.
Аталған жыр кеші А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде жалғасын тапты. Онда ақындар жырсүйер жұртшылыққа өз туындыларын ұсынды. Осылайша, бүгінгі күннің шайырлары оқырмандарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.
25 желтоқсан 2017 ж. 2 169 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам