НАШАҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ТОЛАСТАМАЙДЫ
Қызылорда қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қалалық қоғамдық кеңес отырысы өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, қалалық мәслихат депутаттары мен кеңес мүшелері қатысты. Басқосуды қоғамдық кеңес төрағасы Серік Дүйсенбаев жүргізді.
Күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралды. Алғашқысы – есірткі бизнесіне қарсы күресте – мүдделі органдармен атқарылып жатқан шаралардың тиімділігі және «Көкнар-2017» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасының қорытындылары туралы. Бұл туралы қалалық ішкі істер басқармасының есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшесінің бастығы Мұрат Сейдахметов мәлімдеді. Ал, екіншісі – қосымша мәселелер. Онда кеңес мүшелері келесі жылы қаралатын жоспарға өз ұсыныстарын айтты.
Әлемді жайлаған нашақорлық дертімен күресу бүгінгі күннің басты назарында. Соңғы жылдары тиісті орындар есірткімен күресу шараларын ұдайы жүргізіп келеді. Дегенмен, біздің өңірдің өзінде 700-ден аса адам тіркелген. Бір қуантарлығы олардың арасында жасөспірімдер жоқ. Мамандардың айтуынша, есірткіні егетіндер қатары жойылмай отыр. Өздері қолданбаса да, кәсіп көзіне айналдырғандар бар екен. Бұл бағытта көптеген қылмыс ашылған. Нашақорлықпен күрес әлі де өз деңгейінде жалғасын табады.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.