ТҰТЫНУШЫ ТАЛҒАМЫНА ТАРТУ
Жаңа жыл қарсаңында қалаға қарасты Титов және Гагарин тұрғындары үшін қолайлы «Аль-Асад» сауда үйі ашылды. Бұл орын азық-түлік, тұрмысқа қажетті тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында қолға алынған.
Жиынға қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, көпшілікті аталмыш нысанның ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ, өткен жылдың өңір үшін толайым табыстарға толы жыл болғандығын, әсіресе, кәсіпкерлік саласында оң өзгерістер қалыптасқанын тілге тиек етті. Одан әрі қарай сауда орталығының жұмыс барысымен танысқан қала басшысы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда қызмет етіп жүрген кәсіпкерлерге қай кезде де қолдау жасалатынын жеткізді.
Осы кезге дейін аталмыш дүкендер желісі «Ескі базар», «Сәулет» аумағы мен Шымбай көшесінің бойында халыққа тұрақты қызмет көрсетіп келді. Енді ол шет аймақтағы тұрғындарға да қолжетімді болмақ. Жобаны жүзеге асыруға «Аль-Асад» ЖШС өз қаржысы есебінен 150 млн. теңге жұмсады. Қараусыз қалған ескі ғимарат қайта жаңғыртылып, 1 мың 300 шаршы метр аумақты қамтитын сауда үйі бой көтерді. Мұндағы азық-түлік өнімдері 10-15 пайызға төмен бағада сатылады. Көбіне отандық өнімдерге басымдық берілген. Заманауи талапқа сай арнайы автотұрақтар салынып, тұтынушыларға барынша қолайлы жағдай жасалған. Мұнда 30-ға жуық азамат тұтынушыларға қызмет көрсетеді.
Өткен жылы қаладағы кәсіпкер азаматтардың қаражаты есебінен құны 6 млрд. 465 млн. теңге болатын осындай нысандар іске қосылды. Соның нәтижесінде 1760 жаңа жұмыс орны ашылды.
Айдана СЕЙІЛ.