ИТТІ ТЕПКЕН ЫРЫСТЫ ТЕБЕДІ
Ауылдағы қарашаңырақта атам көзі тірісінде үнемі ит асыраушы еді. Ол жүрген жер бәле-жаладан, аң-құстан дін аман болады деп отыратын. Әлі есімде, біздің кішкентайымызда үйде Көксерек деген ит бар еді. Ол атамның сенімді серігіндей жанынан бір елі ұзамайтын. Сонда деймін, әлгі төрт аяқты достың сезімталдығына таңмын.
Атамның көңіл-күйін кәдуілгі замандас жолдасындай ұғып, қабағына қарап аңдап қадымдайтын. Иесімен бірге аңға шығып, қанжыға майланып қайтқан күні атама жас балаша әбден еркелейді-ау. Ал, қожайынының сәл қатулы қабағын көрсе, анадайдағы әудем жерге барып қыңсылай тып-тыныш жата қалатын. Сол Көксерек бізден екі-үш көше бұрын тұратын ауылдас келіншекті көргеннен абалап үріп, айналаны азан-қазан ететін. Үйге бір адым жақындатпай, ақыры сырттан кері қайтарады. Сонда әжем байғұс қауып алып, қате қылар деп шыр-пыры шығушы еді. Ал, атам сол баяғы маңғаз кейпінде: «Адам пиғылын мына жарықтық жазбай таниды. Ит екеш ит те арам ниеттіні жауындай көреді. Қорықпа, өлтірмейді. Есесіне қожасының шаңырағын осындай іші тар, пасық көңілді жандардан қызғыштай қориды» деп төрт аяқты досының әрекетіне сүйсініп отыратын. Бір қызығы, атам дүние салғаннан соң Көксерек үйге ат ізін салмай кетті. Иесін жер қойнына тапсырған күні екі жанары мөлтілдеп босағада ұзақ уақыт жатты да, басын төмен салған күйі көше бойын жағалап кете барды. Бұл – Көксеректің үйдегі соңғы күні еді. «Жақсы ит өлігін көрсетпес» деген ел аузындағы тәмсіл осындайдан қалса керек, сірә...
«Итті тепкен ырысты тебеді» деп дәріптеген данышпан халқымыз бұл жаратылыс иесін қашаннан құрмет тұтады. Оны жеті қазынаның біріне балап, мал-жанының сенімді серігі, қорғаушысы деп білген. Расында, тіршілік тұтқасы төрт түлік малмен астасқан шаруақор халқымызға жәрдемші, қорған болған иттің ықпалы айрықша. Әсіресе, ауылдық жерлерде оның орны білініп-ақ тұрады. Малды қайыру, бөтен қойды куалап бөліп жіберу сынды жұмыстарды құдды бір сол үйдің «қолбаласындай» атқарады. «Ауыл иті ала болса да, бөрі келгенде бірігеді» дегендей жақын маңға қандай да бір қауіп төнсе, абалап үріп, әйтеуір кесірдің бетін қайтарады. Өзі жараланса да, иесіне адалдығынан таңбайды. Адамнан басқа жаратылыста ес жоқ дейміз-ау, иттердің кейде осындай қасиетіне қарап құлқынының қамын ойлайтын бәзбіреулерге қарағанда осы төрт аяқты әлдеқайда артық па деген ойға қаласың. Ал, қазақ халқы үшін осындай маңызға ие үй хайуаны жаңа жылдың есігін қақпақ. «Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп отыратын тәубешіл халқымыз келе жатқан жеті қазына жылын үлкен жағымды жаңалыққа жорып, жақсылыққа ниет етіп отыр. Өткен жылда өкпеге қалған жақын-жуықтарымен өзара араздықты артқа тастап, жаңа жылда төрт көзі түгел татулықпен ғұмыр кешуді тілейді. «Ит жылы – игілік» деп мақсат еткен мұратына жеті қазына салтанат құрған жылы қол жеткізсем деп армандайды. Ендеше, адамзаттың айнымас серігіне айналған келер жылдан біздің де күтеріміз көп.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.