ҚЫТАЙҒА БАЛЫҚ ЭКСПОРТЫ АРТТЫ
Мәселен, өткен жылы аймақта 7 мың 600 тонна су маржаны сүзілген. Ал экспортқа 3 мың 400 тонна балық өнімі шығарылып отыр. Бұған дейін Еуропа нарығын еңсерген кәсіпорындар жуырда алғаш рет өнімдерін Қытайға саудалай бастады. Бұл туралы 24.kz телеарнасы хабарлайды.
Бұл – Еуропаға балық өнімдерін экспорттайтын Сыр өңіріндегі 3 зауыттың бірі. Мұнда тәулігіне 1 жарымнан 5 тоннаға дейін су маржаны өңделеді. Кәсіпорын өнімі биыл алғаш рет Қытайға экспортталды.
– Бізде осы жерде Арал ауданына қарасты Бөген елді мекенінде үлкен сервистік дайындау орталығымыз бар. Тастүбек, Үш шоқы деген учаскелерде балық ауланып, жылына маусымдық және тұрақты жұмыспен қамтылған бірнеше бөлімшеміз бар,– дейді технолог Ғазиза Құлнияз.
Заманауи қондырғылардың көмегімен бар-жоғы 2 минуттың ішінде 20 келі балықты тазалауға болады. Одан кейін бірнеше сатылы өңдеуден өтеді.
Жалпы Арал маңында осындай 8 балық өңдеу зауыты бар. Олар жылына 11 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Балық шаруашылығының қарқынды дамуы аймақтағы балық өнімдерінің экспортын соңғы 3 жылда 2 есеге арттыруға мүмкіндік берген.
Облыстық табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы Жалғас Ахметовтің айтуынша өткен жылы экспортқа 3400 тонна балық өнімдері шығарылған. Оның 70 пайызын Ресей Федерациясына, 900 тоннаның үстінде Еуропа елдеріне, 60 тонна өнімді Қытайға жөнелтті.
Өңірде балық қорын сақтау жұмыстары да жүйелі жүруде. Жыл сайын Арал теңізі мен оның маңындағы су айдындарына 15 миллиондай шабақ жіберіледі. Одан бөлек Қызыл кітапқа енген Арал қаязы балығын көбейту қолға алынып отыр.