КЕЛЕСІ ЖЫЛДАН БАСТАП МЕКТЕП ОҚУЛЫҚТАРЫ ЛАТЫНҒА КӨШІРІЛЕ БАСТАЙДЫ
Бұл туралы электрондық үкімет сайтындағы құжатта айтылады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Құжатқа сәйкес, бұл мақсатта 202 670,9 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр екен.
«Қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мектептерге арналған барлық оқу пәндері бойынша, қазақ тілінде оқытпайтын мектептерге арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқу пәні бойынша латын графикасы негізіндегі оқулықтарды қайта шығару және оларды жергілікті атқарушы органдардың сатып алуын ұйымдастыру — 202 670,9 миллион теңге», — делінген «Қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру бойынша іс-шаралар жоспары» құжатында.
Бұл бағдарламаны жүзеге асыратындар ретінде БҒМ, «Оқулық» РҒПО, баспалар, Астана, Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктері көрсетілген.
Бағдарлама, жоспар бойынша, 2019-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
Жүзеге асыру бойынша жоспар кестесі төмендегідей көрсетілген:
Ал латын графикасы негізіндегі жаңа Қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігінің қолжазбасын әзірлеу және жасауға 47,4 миллион теңге қарастырылған. Бұл шараны БҒМ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жүзеге асырады. Латын графикасы негізіндегі жаңа Қазақ тілінің үлкен орфоэпиялық сөздігінің қолжазбасын әзірлеу және жасауға 47,0 миллион теңге бөлінеді. Латын графикасы негізіндегі жаңа Қазақ орфографиясы бойынша үлкен анықтағыштың қолжазбасын әзірлеу және жасауға 28,5 миллион теңге және Латын графикасы негізіндегі жаңа Қазақ орфоэпиясы бойынша үлкен анықтағыштың қолжазбасын әзірлеу және жасауға тағы 28,5 миллион теңге қарастырылған.
Латын графикасы негізінде терминографияның ғылыми негіздерін әзірлеу, терминологиялық база жасауға — 47,5 миллион теңге. Салалық топонимиялық және антропонимиялық сөздіктердің қолжазбасын әзірлеуге — 47,0 миллион теңге. Латын графикасы негізінде Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық бірліктері атауларының және физика-географиялық атауларының анықтамалығын әзірлеуге — 37,9 миллион теңге. Жаңа үлкен орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер мен анықтамалықтарды шығару және таратуға — 300 миллион теңге. Латын графикасы негізіндегі жаңа Қазақ тілінің үлкен түсіндірме сөздігінің қолжазбасын әзірлеуге — 293,2 миллион теңге.
Жаңа Үлкен қазақша-орысша-ағылшынша сөздіктің қолжазбасын әзірлеуге 291,9 миллион теңге. Мұнымен қатар, латын графикасына көшуді ескере отырып, жалпы орта білім беру ұйымдары оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға 10896,1 миллион теңге жұмсалмақ екен. Бұл бағдарламаны да БҒМ, «Өрлеу» БАҰО АҚ, Астана, Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктері жүзеге асырады.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде блогерлерді тарту арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге 462,6 миллион теңге бөлінгелі отыр екен. Осы тұрғыда қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша материалдарды әлеуметтік желілерде тарату барысында пайдалану үшін арнаулы хэштегтер жасау жоспарда бар.
Дереккөз: 365.kz