Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Елбасы Жолдауы – дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел өтті. Онда Мемлекет басшысының ерекше басымдық берген «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші бағыты кеңінен сараланып, ғылыми, саяси, азаматтық көзқарас тұрғысынан жан-жақты талқыланды. Шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессорлары – Меруерт Аңсатова, Қазбай Құдайбергенов, Аман Абасилов және медицина, білім саласының мамандарымен қатар, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Елбасы Жолдауы кеңінен сараланған жиында цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кеңжолақты ғаламтор жүйелерінің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ, мемлекеттің кемел келешегі – озық технологияларды жетік меңгерген, салт-дәстүріміздің түп тамырынан ажырамаған жастарды ұлттық тәрбиеде қалыптастыру мәселелері сөз болды. – Жолдаудың жетінші бағытында білім берудің жаңа сапасы, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеру және латын әліпбиіне көшу мәселесі қарастырылған. Сондай-ақ, онда «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай қазіргі заманға лайықтауымыз керек» деп атап көрсетеді. Мен бұған толық қосыламын. Шынымен де, қазір тіліміз жөн-жосықсыз аударылған терминдерге толып кетті. Соның салдарынан түсініксіз мәтіндер пайда болды. Бүгінде оларға жаппай балама табу белең алуда. Бұл үдерісте барлық жаңа қолданыстар сәтті шығып жатыр деуге болмайды. Меніңше, бұл тұрғыда А.Байтұрсынов ұстанған қағидатты, яғни, кірме сөздерді бұрынғы қалыбында емес, тіл заңдылығына қарай «бұзып алған» түрлерін қолдану қажет, – дейді филология ғылымдарының кандидаты А.Абасилов. Ал, Қазыбай Құдайбергенов мұғалімдер мен ақ халатты абзал жандардың қоғамдағы мәртебесін тілге тиек етсе, Меруерт Аңсатова адами капитал ұғымының мәнісін кеңінен талдап берді.Шара соңында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.