КІТАПТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУШІ

– Бұл іс тек әйелдің нәзік қолынан келеді. Бұған ептілік, шыдамдылық пен ұқыптылық қажет. Біз кітаптың тарихи, ақпараттық және көркемдік құндылығын сақтай отырып, зақымдалуларды жою, қалпына келтіру, ұзақ мерзімдік пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеміз. Әуелі зақымдалу қаупі туындаған кітаптар қалпына келтіріледі. Бұл мақсатта залалсыздандыру, тазалау әдістері бірінші жүзеге асырылады. Әр кітапты қайта қалпына келтіруге қойылатын талапты сақтай отырып, басылымның құндылығы, оның бірегейлігі, таралымы, дана саны, бүліну деңгейі сынды ерекшеліктері ескеріледі. Ал, оларды қолмен түптеу бірнеше үдерістерден тұрады, – дейді сектор меңгерушісі Салтанат Баекеева. Оның айтуынша, аталмыш үдерістердің қатарында кітапты бұзу, мұқаба қаптамасынан бөлу, дәптер топтамасын бөліп, сараптау, түбін тазалау, бетті толықтырып, парақтарын жинастыру, престеу әрекеттері бар. Содан кейін дәптер әдісімен кітап блогын тігіп, термоклейді станокпен желімдейді. Дегенмен, бұл ретте ескісінің түсі мен қалыңдығына сай қағаз іріктеліп, жыртылған жерге ұқыпты жабыстырылуын жіті қадағалау керек. Сектор меңгерушісінің сөзінше, кейде ұнды қайнату арқылы пайда болатын табиғи желім арқылы мұқият жөнделеді екен. Осындай қолдың күшімен жүзеге асырылатын таудай еңбектің арқасында олар тұтас ұлт кәдесіне жарайтын рухани байлықтың өскелең ұрпақ сабақтастығына мәңгі қызмет етуіне үлес қосады. Елімізде арнайы кітап түптеуші және шығарушы мамандар дайындалады. Дегенмен, қайта қалпына келтірушілер көбіне өздігінен үйренушілер болып табылады. Бізде аталмыш іске баулып, оның қалыпқа келтіру техникасына дағдыландыратын мектептердің жоқ болу себебінен бүгінде республикадағы бірнеше кітапханалар аталмыш мамандарға зәру көрінеді. Өйткені, мұндай руханият жанашырлары қоғамда қашанда сұранысқа ие.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.