ӘЛЕУМЕТТІК САЛА – МЕМЛЕКЕТ ӘЛЕУЕТІНІҢ КӨРСЕТКІШІ
Таң атып, күн батқанша халықтың көбі осы мекемеге жиналады. Әрқайсысы әртүрлі мәселемен. Бірі – жұмыссыздық, екіншісі – әлеуметтік сұрақпен келеді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жол түсе қалғанда осы көріністі көзің шалады.
Бұл салада көптеген реформалар жүзеге асты. Халықтың әлеуметтік жағдайы – қай кезде де бірінші кезекте тұруы тиіс. Бұл жайында Елбасымыз кеңінен айтып, әлеуметтік саланы көтеруге нақты тапсырмалар беріп келеді.
Әлеуметтік сала – халық тұрмысының индикаторы, мемлекет әлеуетінің көрсеткіші. Ел азаматтары тұрақты жұмыспен қамтылса, әр жоба бойынша нақты іс жүзеге асырылса, онда нәтиженің оң болғандығы. Мұндай көрсеткіш Гүлмира Рахметова басқарып отырған бөлім жұмысынан айқын аңғаруға болады.
Жұмыспен қамту қай деңгейде?
Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде қалада экономикалық белсенді халық саны 121171 құрады. Оның ішінде жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайыз. Жалпы, облыс орталығында 3842 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болса, меженің орындалуы барлығы 5000-нан асты.
Бөлім басшысының айтуынша, қалада ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіледі. Онда кәсіпсіз жүрген азаматтардың жұмыс берушілермен кездесуіне мүмкіндік беріледі. Өткен жылы 16 рет осындай жәрмеңке ұйымдастырылып, 346 жұмыс беруші 1686 бос орынды ұсынды. Нәтижесінде сол орынның бәрі қамтылды. Арасында қоғамдық жұмыстарға, кәсіптік оқуға, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне де біраз адам жіберілді.
Бағдарламалар бағыты
2016 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданды. Мұндағы басты міндет – жұмыссыз, өзін-өзі еңбекпен қамтыған және біліктілігі жоқ азаматтарды, аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелерін жұмыспен қамтуға тарту. Бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда.
Бұл бағытта кәсіптік және техникалық оқыту қыркүйек айында басталады. Сол арқылы 965 адамды оқыту жоспарланған. Шілде-тамыз айларында қалалық білім бөлімі арқылы 702 үміткердің құжаттары жинақталып, қалалық комиссия отырысына ұсынылды. Одан өткендер оқуға түсіп білім жетілдірді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға біршама қаржы бөлініп, өз деңгейінде игі істі атқаруда. Ал, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 153 адамға шағын несие беру көзделді. Соның аясында 200-ден астамы өз кәсібін ашуға ниет білдірген.
Несиеге қаражаттар «Ауылшаруашылығын қаржылай қоры», «Аграрлық несие корпорациясы», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы бөлінді. Қалаға қарасты елді мекендер бойынша барлығы 41 адам қамтылған. Әрқайсысы түрлі жоба аясында өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Сонымен қатар, қосымша жаңа жұмыс орындары да ашылды.
Мұқтаж жандарға жәрдем сала басты назарда
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек бойынша тиесілі отбасыларға белгіленген жәрдемақы төленіп келеді. Оның ішінде шартты ақшалай және тұрғын үй көмектері де бар. Ардагерлермен жұмыс жасау секторы қолға алынған.
Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне, қаза тапқан жауынгерлердің қайтадан некеге отырмаған жесірлеріне, тыл ардагерлеріне, Ауған соғысының, Чернобыль, Кеңес әскерінің мүгедектеріне және Семей апатынан зардап шеккен азаматтарына әлеуметтік көмектер төленді. Мұндай жәрдемақы алатын адамдардың бәрі қамтылуда.
Оған қоса аталмыш бөлім мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көрсетіп келеді. Жеке оңалту бағдарламасы бар 186 бала есепке алынған. Әр әлеуметтік қызметкер 7-8 баланы қамтып отыр. Жыл басынан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының күндізгі бөліміне 45 балғынға жолдама берілді. Психоневрологиялық ауытқулары және тірек қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған сауықтыру, тәрбиелеу «Алтаир-бөбек» қайырымдылық үйіне жартылай стационарға 36, үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге 28 бала жолдамамен қамтамасыз етілді.
«Өрлеу» өрлей түспек
Елбасы тапсырмасымен елімізде «Өрлеу» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл пилоттық жоба негізінде Қызылорда қаласы бойынша табысы аз қамтылған отбасыларға шартты ақшалай көмек көрсету 2015 жылдың шілдесінен бастап қолға алынды. Аталмыш жоба – күнкөрісі төмен шаңырақ иелеріне әлеуметтік көмек бағдарламасындағы жаңа бағыт. Оның басты мақсаты – тұрғындар арасындағы кедейліктен шығуға жағдайы бар, бірақ, еңбек нарығына қайта оралу және өмір сүру деңгейін арттыру жолында кедергілерден өту үшін қолдау көрсетуді, қолдауды қажет ететін топтарға көмек көрсету.
Отбасы белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты негізінде шартты ақшалай көмекті алу үшін үйдің еңбекке жарамды мүшелері өздеріне жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу, нормативтік құжаттарда көрсетілген талаптарды орындау, қиын өмірлік жағдайдан шығу үшін күш салу міндетін алады.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы қала және қалаға қарасты ауылдық округтер бойынша 166 отбасымен әңгімелесу жүргізілді. Оның 20-ы келісімге келіп, 100 адамға 3,8 млн. теңге шартты ақшалай көмек төленді. Олардың қатарындағы еңбекке жарамды 27 жанның 15-і ақылы қоғамдық, 10-ы тұрақты жұмысқа орналасса, 2-і қайта даярлау курстарында оқытылды.
Ал, 2016 жылы ондай отбасылар саны өсіп, 1846 шаңырақ иесіне бағдарлама мәні түсіндірілді. Нәтижесінде 77 отбасының 397 адамына 15 млн. теңге төленді. Сондай-ақ, 96 адамның 41-і ақылы қоғамдық, 54-і тұрақты түрде кәсіп көзін тапса 1-і әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді.
2017 жылы аталған мақсатқа жоспар бойынша 1942 адамды қамтуға республикалық бюджеттен 35,8, жергілікті бюджеттен 36,1, барлығы 71,08 млн. теңге қаралды. Қала және қалаға қарасты ауылдық округтер бойынша 2153 отбасы қамтылып, шартты ақшалай көмек берілді. Нәтижесінде олар ақылы қоғамдық, тұрақты жұмысқа тартылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне, қайта даярлау курстарына жолдама алғандар да бар.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа форматтағы бірыңғай жәрдемақы-атаулы әлеуметтік көмек енгізілді. Бұл көмек түрі табысы аз отбасыларға арналған қолданыстағы үш әлеуметтік төлемді біріктіреді. Яғни, төрт және одан да көп балалы жандарға арналған арнаулы мемлекеттік 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақымен атаулы әлеуметтік көмек қамтылған.
Жыл басынан бері бөлім мамандары қала бойынша жаңа сиапттағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу жөнінде бекітілген кестеге орай жұмыспен қамту орталығы арқылы табысы аз отбасыларды анықтау мен ақпараттандыру, олардың белсенділігін арттыру мақсатында 2 кент, 7 ауылдық округтегі 34 орта мектепте тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Бұған дейін елімізде жан басына шаққанда орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленіп келді. Енді «Өрлеу» жобасы бойынша шартты ақшалай көмек егер жұмыссыз адам осы жобаға қатысудан бас тартса, онда оған атаулы әлеуметтік көмек төленбейді. Сол себептен ол азаматтарды еңбекке тартуға зор ықпал етеді. Деген сенім бар, – деді аталмыш бөлім басшысы Гүлмира Рахметова.
Сондықтан да «Өрлеу» жобасы кедейліктен шығуға мүмкіншілігі бар топқа, тек кездесетін қиыншылықтарды жеңуге көмек қажет ететін, өз мүмкіндіктерін толық пайдалануға ұмтылғандарға ғана берілуге тиіс. Дәл осы қарқынмен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жұмысын бастап кетті...
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.