ЕКІ КӨЗІҢ – ШЫРАҒЫҢ...
Адамның ең нәзік бөлшегі – көз. Көру арқылы біз қоршаған ортаны тани отырып, ақпаратты көріп, оны ұғына аламыз. Қарап отырсаңыз, соңғы жылдары көзілдірік кигендердің саны артқан. Тіпті, олардың саны жылдан-жылға өсіп бара жатқаны ойлантады. Оның ішінде жастар жағы көзілдірік киюге намыстанып, линза тағады. Алайда, оны дұрыс қолданбау ертеңгі күнге қауіп төндіреді. Себебі, линза көзге ауаның баруын тежейтін көрінеді.
XXI ғасыр – техниканың дамыған заманы, бұл кезеңде көзге көңіл бөлмесек дертке қалай шалдыққаныңды білмей қаласың. Қазіргі кезде адамдарда қозғалыс аз. Қыс түгілі жаймашуақ жаздың өзінде далада бұрынғыдай асыр салып ойнап жүрген баланы көрмейміз. Өйткені, олар оның орнын компьютер мен ұялы телефондағы ойындарға алмастырды. Бұл дегеніміз –көздің шаршап түрлі аурулардың пайда болуына әкеп соғады.
Бүгінде офтальмолог мамандарды оқушылардың арасындағы миопия дертінің көбею мәселесі толғандыруда. Миопия – жақыннан көргіштік дерті. Мұндайда адамның алыстан көру қабілеті нашарлайды. Бұл ауру көбінесе мектеп жасындағы балаларда пайда болады екен. Себебі, компьютерлік ойындар, ұялы телефонды шамадан тыс пайдалану, теледидар көргенде арақашықтық сақтамай ұзақ отыру салдарынан туындайды. Сондықтан әрбір адам жас ерекшелігіне қарамастан жылына бір рет көз дәрігеріне тексерілгені абзал.
Облыстық медицина орталығында офтальмохирургия орталығы жұмыс істейді. Онда барлығы 6 дәрігер, 16 медбике қызмет етуде. Аталған бөлімде өткен жылдың қорытындысы бойынша 2825 науқас емделіп шыққан. Мамандардың айтуынша, оның ішінде 2099 науқасқа ота жасалған. Алайда, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 358 науқасқа азайды. Орталық соңғы үлгідегі диагностикалық және офтальмологиялық емдеу аппараттарымен жабдықталған. Атап айтқанда, хирургиялық лазер, офтальмологиялық микроскоптар, факоэмульсификатор инфинити, контактасыз офтальмотонометр тағы осы секілді құрылғылар бар. Мұнда емделушілер күндізгі және ақылы негізде, сондай-ақ портал бойынша ем қабылдайды. Соның нәтижесінде аймақтан сыртқа емделуге кеткен науқастар саны 4 есеге төмендеді. Айта кету керек, басқа өңірден осы орталыққа 21 науқас емделуге келді.
– Қазіргі кезде глаукома (су қараңғы) мен катаракта (көз ішіндегі бұршақтың қартаюы) ауруы кең белең алуда. Глаукома ауруы тұқым қуалайды. Бұл дерт адамның көру қабілетін төмендетіп, уақытысында емделмесе соқырлыққа алып келеді. Бір өкініштісі, науқастар ауруы асқынып, көзінің көру қабілеті төмендегенде ғана тексерілуге келеді. Осындайда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген тәмсіл еске түседі. Бұл дерттің алғашқы белгілері бірден байқалмауы мүмкін. Сондықтан әрбір адам біздің орталыққа келіп, қаралғаны жөн, – дейді облыстық медицина орталығы көз аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Бабаомарұлы.
Оның айтуынша, ұзақ уақыт қызмет істесе көздің қызаруы, бұлдырлауы секілді ауру белгілері біліне бастайды екен. Жолда немесе көлікте отырғанда қалтафонды қарау немесе кітап оқу секілді әрекеттер ауруды одан әрмен асқындырады. Көз шаршағанда адамдар оны уқалауды әдетке айналдырған. Алайда, қолда бактериялар көп болғандықтан көзге қол тигізу ауруды одан әрі асқындырады.
Қазіргі кезде ата-аналар жан тыныштығы үшін балаларына ұялы телефондарын береді. Тіпті, бесіктегі сәбидің өзі әуен тыңдамаса ұйықтамайтын жағдайға жетті. Десе де, ондағы балаға берілетін жағымсыз энергияны ескеріп отырған ешкім жоқ. Бірақ, баламыздың ақыл-есі дұрыс, он екі мүшесі аман болсын десек, жаман әдеттерден аулақ ұстағаныңыз абзал.
Фариза МАДИЯРОВА,
ҚМУ-дің IV курс студенті.