ЖАҢАҚОРҒАН - 95 ПАЙЫЗДАН ЖОҒАРЫ БЕЛСЕНДІ КӘСІПКЕРЛЕРІ БАР БІРДЕН-БІР АУДАН
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев мәлімдеді.
"Жаңақорған ауданында кәсіпкерлікті дамытудың потенциалы жоғары. Өткен жылы ауданымызда ашылған "Агро-индустриалық аймақта" жобасы кәсіпкерліктің дамуына жан-жақты жағдай жасады. Осының жалғасы ретінде биыл 5 ауылдық округте инфроқұрылым мәселелері шешілген "Агро-индустриалық аймақтар" құрылады. Міне, осы аймақтар алаңында кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы азаматтарды тәжірибе алмасып, біліктілігін көтеріп, нарықтық қатынастарға сай бизнесті дамытудың жолдарын үйретуге мүмкіндік береді. Яғни, біздер шағын және орта бизнес үлгілерін қалыптастырып, дамытудың локомативіне айналуға дайынбыз", - деді аудан әкімі.
Жалпы, өткен жылы ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны - 3338 жеткен. Оның 1160 шаруа қожалықтары, 1939 жеке кәсіпкерлер. Белсенді субъектілер саны 3171. Бұл жөнінен Жаңақорған облыста көш бастап тұр.