ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕГЕН ЖАҢАҚОРҒАН
Биыл Жаңақорған ауданы үшін толағай табыстарға толы жыл болды. Атап айтсақ, олар ауылшаруашылық саласында облыс бойынша алға шықты. Сондай-ақ, жеке кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер саны артты. Аудан көрсеткіші біршама өсіп, жоғарғы нәтижеге қол жеткізді.
Бұл өңірдің қай саласын алсақ та алға қарай ілгерлеушілік байқалады. Мәселен, жыл сайын жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді. Атап айтсақ, биыл ауылшаруашылық саласы бойынша 9163 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Ол өткен жылмен салыстырғанда 111,4 пайызға өсіп отыр. Сондай-ақ, аймақта егістік көлемі біршама ұлғайған. Ондағы егілген өнімдерді жинау жоспарға сәйкес аяқталып, күріштің әр гектарынан 48,6 центнерден өнім алынды. Сонымен қатар, өңірде мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Өйткені, мұнда «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары жүйелі түрде жүзеге асып келеді.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев мәлімдеді. Ол осы жылдың 10 айын қорытындылап, ауданда атқарылған ігі істер мен қолға алынған жаңа бастамаларға тоқталды. Сондай-ақ, жиынға «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының басшысы Ғалымбек Жақсылықов қатысты.
– Соңғы кезде құрылыс саласын басты назарға алып отырмыз. Соның нәтижесінде биыл республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Төменарық, М.Нәлібаев ауылдарында 300 орындық мектеп салынды. Бүгінде Қожамберді, Аққұм, Түгіскен, ауылдары мен Жаңақорған кентінде білім ошақтарының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, кенттің «Саяжай» аймағында қосымша 20 гектар жерге көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысын салуға жеке инвестор тарту арқылы 18 пәтерлі үш қабатты тұрғын үй салынды. Енді 36 пәтерлі төрт қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Жыл сайын ауданда кәсіпкерлік саласының көкжиегі кеңейіп келеді. Атап айтсақ, қазір шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны – 3252, оның 234-і заңды тұлғалар, 1114-і шаруа қожалықтары, 1904-і жеке кәсіпкерлер. Олар бүгінде 9213 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып, жұмыссыздық мәселесін біршама жеңілдетіп отыр, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, бұл өңірде өнеркәсіп бойынша тұтас нәтижелерді қалыптастыруға өңдеу өнеркәсібі мен кен өндірісі елеулі ықпал етуде. Себебі, олардың үлесі 41,6 мен 56,8 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, бұл аймақта индустриалды-инновациялық даму мақсатында қомақты инвестициялар салынуда. Соның нәтижесінде аудан экономикасы өсіп-өркендеп келеді. Оған уран өндірісімен айналысатын «Қызылқұм», «Байкен-U» ЖШС, жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін зауыт салып жатқан CK3-U ЖШС, қорғасын-мырыш кенін өндіретін «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ, қиыршық тас дайындайтын «КДСМ Қыран», «УАД» ЖШС компаниялары сеп болуда. Қазіргі кезде олар заман талабына сай жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтарды қолданудың арқасында зор табыстар әкелуде.
Жаңақорған облыс бойынша халық санынан ең үлкен аудан. Сондықтан бұл аймақта медицина, білім, мәдениет, әлеумет саласы – басты назарда. Сондай-ақ, мұнда жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға көңіл бөлініп отыр. Атап айтсақ, өңірде жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз, оның ішінде жастар арасында 4,3 пайызды құрайды.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.