ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНДА 5 АГРОИНДУСТРИЯЛДЫҚ АЙМАҚ ҚҰРЫЛАДЫ
Бүгін Жаңақорған ауданында «Агроэкспресс» оқу семинары ұйымдастырылды. Онда кәсіпкерлерге ауданның туристік және агроөнеркәсіптік әлеуеті таныстырылды.
Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев және «Мансап-Қызылорда» ЖШС бизнес-тренері Наталья Мишукова шағын және орта бизнестің дамудағы әлеуеті жайлы айтты.
Айта кетейік, «Агроэкспресс» оқу семинары өңірдегі кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарды тәжірибе алмасып, нарықтық қатынастарға сай бизнесті дамытудың жолдарын үйретуге мүмкіндік береді.
«Жаңақорған ауданы облыста кәсіпкерлікті дамыту бойынша көш бастап тұр. Өткен жылы ауданымызда «Агро-индустриялдық аймақ» құрылып, кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалуда. Ауданда шағын және орта бизнестен 3338 субъекті тіркелсе, оның ішінде белсендісі- 3171 немесе 95 пайыздан жоғары. Бұл аймақтағы ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ, тарихи ескерткіштерге қызығушылық танытқандар үшін туристік кластерді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Биыл бес ауылдық округте Манап, Қандөз, Төменарық, Ақүйік және Қаратөбе ауылдық округтерінде инфрақұрылым мәселелерін шешуге жергілікті бюджеттен «Агроиндустриялдық аймақ» құруға қаражат бөлініп отыр»,- деді аудан әкімі Ғалым Әміреев.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімдігі, мәслихат, «Нұр Отан» партиясының филиалы және Қоғамдық кеңес 2018 жылды облыс бойынша «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялау туралы бірлескен шешім қабылдаған болатын. Жаңақорған ауданы алғашқылардың бірі болып аумағы 50 гектар «Агроиндустриялдық аймақ» құрған. Семинарға қатысушылар агро-индустриялдық аймақ жұмысымен және «Жаңақорған» шипажайымен танысты.
Күннің екінші жартысында тарихи орындарға саяхат жасалды. Қатысушылар «Төлек ата», Қылышты ата» және «Қорасан ата» кесенелеріне барды.
Айтпақшы, өткен жылы туристік саланы дамыту мақсатында тарихи орындарға баратын жол толық асфальтталған. Болашақта мұнда туристерге арналған «Ақтас» мешіті және көрші Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бару саяхатын ұйымдастыру кешені қызмет көрсететін болады.