«АҚЫЛДЫ АЯЛДАМАНЫҢ» АВТОРЛАРЫ
Еліміздің жарқын болашағы – білімді де білікті жастардың қолында. Қазір – білекке емес, білімге сенетін заман. Жастар өз озық ойлары арқылы еліміздің дамып, өркендеуіне жаңа технологияның көптеген мүмкіндігінің арқасында қол жеткізіп, зор үлес қосып келе жатыр.
Осы орайда облысымызда жобалық менеджмент жүйесін енгізу мақсатында «HACK DAY-2017» идеялар фестивалі ұйымдастырылып, 412 қатысушы 3 номинация бойынша 137 жоба ұсынды. Олардың қатарында логикалық ойын мен сервистік мобильді қосымшалар, мультипликациялық 2D, 3D жобалар, жарнама роликтермен бірге өзге де жобалар бар. 2014 жылы Қазақстанның үлкен қалаларында тәжірибе ретінде «Ақылды аялдама» жобасы шыққан еді. Кешеннің өзге де қарапайым аялдамалардан ерекшелігі – сол жерге келетін автобустардың кестесі мен олардың жүру бағытын анықтайды. Осы байқауда Қайырболат Әмреновтың ғылыми жетекшілігімен «Білім-инновация» лицейінен Әйгерім Жақсылық, Алтынай Садықбек, Анастасия Когай және Кәмшат Жармахан есімді 11 сынып оқушылары өз бақтарын сынады. Олар «Ақылды аялдама» кешеніне идеяларын ұсынды. Бір қызығы, қыздар бұл бір функциялы кешенді 48 сағаттың ішінде үш қызметті етіп, «Ақпараттық технологиялар» номинациясы бойынша жүлделі 1 орынды иемденді.
– Біз бұл кешенді бұрыннан арзан әрі қолайлы еткіміз келіп жүрген еді. Осы ойымызды идеялар фестивалі арқылы жүзеге асырдық. Біздің жобамыз үш функциялы, біріншіден онда кептіргіш (сушилка), ауа салқындатқыш әрі жылытқыш және автосвет бар. Кептіргіш жаңбыр жауған кезде, ауа салқындатқыш 28 градус температудан асса, ал жылытқыш 20 градустан төмен түскен кезде жұмыс жасайды. Ал, үшінші функциямыз автосвет ультрасоник сенсор арқылы жасалған. Яғни, ол белгілі бір нысанды көрген кезде ғана автоматты түрде іске қосылады. Мұның қазіргі аялдамадан бір ұтымды жағы ол түнгі уақытта жан-жағында адам болмаған жағдайда өшірулі болады, – дейді Алтынай Садықбек.
«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дейді дана халқымыз. Талай жарысқа қатысып, ой-зердесінің арқасында биіктен көрініп жүрген қыздар тек бұл фестивальмен ғана шектеліп қоймады. Олар – өзге де түрлі республикалық, облыстық және қалалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізген таланттар. Мәселен, Әйгерім «Uluslararasi Dil ve Kultur» фестиваліне түрікше мәнерлеп өлең оқып және «Kazakhstan robotics challenge» байқауына қатысып, жүлделі 2 орынды иемденген. Қатарласы Алтынайдың да жеткен жетістіктері жетерлік. Облыстық және республикалық жарыстарға қатысып, соның ішінде Катев білім олимпиадасынан жеңімпаз атанған. Сонымен қатар, Анастасия да болашақта IT технологияны меңгеріп, сол саланың үздік маманы болғысы келетінін де жасырмады.
Фестиваль міндеті – қатысушылармен топ болып жұмыс жасау. Өзгелерден оқ бойы оза шапқан лицей оқушылары осы жолы да өз ұйымшылдықтарын көрсетті. «Ақылды аялдаманың» бағдарламасын Алтынай мен Кәмшат бірігіп жасаса, оның сыртқы дисплейін Әйгерім және Анастасия ойластырып, жоба идеясын одан әрі қарай дамытты.
Таңшолпан КЕНЖЕБАЕВА.