АЛҒЫСҚА ТОЛЫ МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕ
Достық үйінде Алғыс айту күніне орай «Алғыс – ел сыйы» атты мерекелік салтанатты кеш өтті. Оған облыс әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Қырымбек Көшербаев, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен этномәдени бірлестік мүшелері, төтенше жағдай, жедел жәрдем, әлеуметтік көмек көрсетуші қызметкерлері, ақ жаулықты аналар, аға буын мен ұстаздар қауымы, қала тұрғындары және республикалық, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Достық үйінің алдында этномәдени бірлестік басшылары мен белсенділері және жастардан құралған топ аспанға алғыс жазылған шарларды ұшырды. Тілек-алғыс сөздер жақсы істердің бастауы болсын деген ниетпен шараға келген қонақтар «Тілек ағашына» ізгі лебіздері жазылған парақшаларды ілді.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
Жүректі жылытар жылы сөз, бір-біріне жақсылық жасау, ризашылық сезім, ақ тілекпен алғыс білдіру – адамзат баласының ең ізгі қасиеттері екені белгілі. «Алғыс арқалаған асыл жандарға» патронаттық тәрбие беруші отбасыларға, жүрегі мейірімділікке толы жедел-жәрдем және мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп жүрген төтенше жағдай қызметкерлері мен сүрінгенді сүйеп, жылағанды демеп, адам баласына тек жақсылық жасап жүрген қайырымдылық жасаушылар мен әлеуметтік көмек көрсетушілердей абзал жандарға ерекше ілтипат көрсетіліп, халықтың қошеметіне бөленді.
Ел мұраты үшін жасап жүрген берекелі істері үшін облыс басшысына, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыныштықтың бағасын біліп, бейбіт өмір үшін ұйқысыз түн қатқан шекарашыларға, еңбекпен шамын жағып, ерте көктемнен сарала күзге дейін тынбай ел әлеуетін арттыру жолында еңбек етіп жүрген Сыр диқандарына, қаламыздың сәулетіне сән кіргізген құрылысшыларға арналған алғыс айтылған арнайы телеграмма келді.
Айта кету керек, бұл мереке әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні болып табылады. Осы орайда, жарқын мереке әсем ән мен көркемөнерпаздардың мың бұралған биімен жалғасын табады.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі