КӨЗАЙЫМ БОЛҒАН ҚОС ШАҺАР
Биыл бас қаламыз – Астананың елорда болғанына 20, туған шаһарымыз – Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы өтеді. Биыл Елордаға да, Қызылордаға да елеулі жыл. Соған орай жан-жақта әртүрлі шаралар атап өтілуде. Соның бірі – №20 кітапханада ұйымдастырылды.
Елбасының биылғы Жолдауын кеңінен насихаттау мақсатында алдымен «Жолдау – дамудың даңғыл жолы» атты ақпараттық сағат өтті. Шара барысында болашақты бағдарлаған, халықты ортақ мақсатқа топтастыруға арналған тарихи құжаттың маңыздылығы жан-жақты айтылды. Оған қоса кітапханашы К.Аманова Жолдауда атап көрсетілген 10 кешенді міндеттің 7-ші «Адами капитал – жаңғыру негізі» бағытына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, кітапхананың қашықтан қызмет көрсету жолы мен осы салаға еніп жатқан жаңа технологиялар туралы ақпараттар берілді.
Одан кейінгі «Елімнің бақ ордасы – Астана» деп аталатын әдеби дайджест бойынша «Жаңа Астана – жарқын өмір» және «Өсе бер, өрлей бер, Астана!» атты бөлімдер ұйымдастырылды. Онда Еуразия жүрегінде орналасқан, ерке Есілдің жағасында бой көтерген, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған және еліміздің бақ ордасына айналған арман қала жайында әңгіме айтылды.
Шара барысында Қызылорда қаласының негізі қаланғанына 200 жыл толуына орай «Тамыры терең, тарихы кенен – Қызылорда» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қойнауы қасиетті Қызылорданың екі ғасырлық тарихынан сыр шертетін және сәулеті мен дәулеті жарасқан бүгінгі келбеті көркем, келешегі кемел шаһардың тарихи-мәдени ескерткіштері, көрікті жерлері, құрметті азаматтары мен еңбек адамдары жайлы жазылған ғылыми-танымдық кітаптар, фотоальбомдар қойылып, оқырмандарға таныстырылды. Айта кетейік, бұл игі іс жыл аяғына дейін өз жұмысын жалғастырады.
А.Сейітжаппар.