ТАЗАЛЫҚ – ҚАЛА МӘДЕНИЕТІНІҢ АЙНАСЫ
Бүгінде күн жылынып, жайдарлы көктем мезгілінің лебі байқалады. Айналасына шуақ шашатын көктем қалың жұртты ұйқысынан оятып, тіршілік жасатуға бейім тұрады. Ауылдағы ағайын егіннің дайындығына кіріссе, қаладағылар шаһар шырайын келтіру үшін тазалық, көркейту-көгалдандыруға атсалысады.
Қазір Қызылордада бұл бағытта көрікті істер көп. Қызылорда-Шымкент автожолының қалаға кіре беріс бағытында, Қорқыт ата әуежайының автожолы бойында озық технологияларды енгізу арқылы тамшылатып суару тәсілімен жасыл белдеу жасалуда. Оған қоса қалаға сән беріп тұрған аллея мен скверлерде жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылды.
Қызылорданың келбеті жақсарды. Қаншама сәулетті ғимараттар бой көтерді. Орталық алаңда соңғы үлгідегі түрлі жарықшамдармен көмкерілген субұрқақ салынды. Оған қоса Тұңғыш Президент саябағы жанынан мемлекеттік Елтаңба, Гимн, биіктігі 60 метрлік Ту орналастырылған Рәміздер алаңы бой көтерді. Сондай-ақ, УАД жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен 120 млн. теңгеге «Шиелі-Қызылорда», «Сырдария-Қызылорда» бағыттарынан кіреберіс қақпалар салынды.
Мезгілге қарамай, уақытпен санаспай жұмыс істейтін – «Қызылорда тазалығы» ЖШС бүгінгі күні қаладағы санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында белсенді жұмыс атқаруда. Серіктестіктің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 100-ден аса техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, облыс орталығындағы аумақ әр секторға бөлініп, көктем мен күз мезгілінде екі ай тазалық акциясы бастау алатыны белгілі.
Осыған орай біз серіктестіктің тазалық бойынша аумақ басшысы Гүлзинат Жұмабековаға жолықтық.
– Біздің мекемеде мамандар екі ауысыммен жұмыс істейді. Негізгі мақсат – тазалық қаладағы аумақ 22 секторға бөлінген. Әрқайсысының өз жауапты шеберлері бар. Барлығы да өздеріне жүктелген міндетті атқарады. Оған қоса қала көшелерін қоқыстан тазартуға тырысады, – деді ол.
Былтыр сенбілік шараларына облыстық, қалалық мекемелер, кәсіпорындар және студенттер, оқушылар белсене атсалысты. Шара аясында арық жүйелері тазаланып, жиналған қоқыс орталық полигонға жеткізілген. Қала халқына тазалықты күшейту жөнінде түсіндірме жүргізілді. Айта кету керек, тазалық акциясына қарамастан қалада сенбілік басталды. Мемлекеттік мекеме ұжымдары шаһарды тазартуға атсалысты.
Көктемгі, күзгі қаланың санитарлық тазалық айлығы өз дәрежесінде жоспарға сәйкес жүргізіледі. Дей тұрғанмен, қала тазалығы тек аталмыш мекемелерге ғана емес, баршаға ортақ іс екенін ұмытпауымыз керек.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ,
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ