СҰЛУ СЫРДЫҢ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ҚАЛА
Сыр өңіріне келген адам алдымен қала келбетіне көз тастайтыны белгілі. Бүгінгі Қызылорданы өткен шақпен салыстыра алмайсыз. Түзу көше, әсем гүлдер, өңір тарихынан сыр шертетін белгілі тұлғалардың билбордтары, заманауи аялдамалар, архитектуралық бейнелер – бәрі-бәрі бір-бірімен үйлесім тауып тұр. Сырттан келген мейманға «Бұл – біздің қала» деп мақтана айтуға толық негіз бар.
Сырдың бас қаласы – Қызылорданың 200 жылдығын жоғары деңгейде атап өту жоспарланып отыр. Тарихты парақтасақ, қаланың кешегі мен бүгінгі бейнесінде үлкен айырмашылық, жетістік, толағай табыс бар... Тәуелсіздік жылдарында Қызылорданың келбеті жаңарды, жасарды, сәулеттенді. Ал, соңғы бес жыл көлемінде қаншама шағын аудандар бой көтеріп, облыс орталығының бейнесі шырайлана түсті.
Биік қақпасы менмұндалап...
Қызылордаға әуежай жақтан кіріп келе жатқанда, көптеген жаңа нысандарды көзіңіз шалады. Оған қоса сізді әдемі аллеялар қарсы алады. Солардың бірі – Рәміздер алаңы.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен осыдан екі жыл бұрын патриоттық рух беретін аллея салу ісі қолға алынды. Аталмыш орын қаланың кез келген бөлігінен анық көрініп тұруы ескерілді. Еліміздің аспан түстес көк туы желбіреп тұратын бұл орын әрбір қызылордалықтың жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, жастардың түрлі шаралар өткізетін орнына айналды.
Былтыр қала күні қарсаңында ел игілігіне берілген аллея осылайша отансүйгіштік сезім сыйлайтын орын болды деп санасақ артық емес. Кіре берістегі 3 гектар аумақта Елтаңбамыз, Әнұранымыз және 60 метрлік биіктікте көк байрағымыз айбынымызды асырып, мерейімізді өсіре түседі.
Жобаның жалпы құны – 325 млн. теңге. Онда мәрмәр тасымен әрленген паннода алтын түспен боялған Елтаңба мен Әнұран жазылған. Тәуелсіздік пен мемлекет символына айналған аллеяның бой көтеруі – рухани жаңғырудың оң қадамы деуге толық негіз бар. Мұнда көпшілік демалысы үшін бар жағдай жасалған. Аллеяның дәл іргесін бойлай аққан Сырдың суы, айналасы жасыл-желекпен көмкерілген керемет алаң. Мұндағы тасқа жазылған әрбір қанатты сөз өскелең ұрпаққа үлгі боларлық.
Халқымызда «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген даналық бар. Ал, әрбір қазақтың алтын босағасы Алатаудан да биік. Сырттан қалаға кіре беріс бетте қазақы ою-өрнектермен айшықталған биік қақпа күтіп алады. Ол УАД жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен салынған. Мұндай құрылыс нысандары Шиелі және Сырдария бағыттарынан да бой көтерді.
Құрылыс қарқыны
Елбасының сарабдал саясатының арқасында мемлекеттік бағдарламалар бойынша көптеген азаматтар тұрғын үйге қол жеткізді. Осындай серпілісті істер Қызылорда қаласында да көрініс беріп отыр.
Шырайлы шаһар қарқынды құрылыс алаңына айналып, зәулім үйлер бой көтерді. Көп адам арманына жетті, баспаналы болды. Облыс басшылығының қолдауымен тұрғын үйді дамытуға тартылған инвестиция көлемі 49 млрд. 378 млн. теңгені құрады. Өңірдегі атқарылған құрылыстың 80 пайызы облыс орталығы – Қызылорданың үлесінде. Таяуда ғана Демесінов көшесінде бір-біріне қарама-қарсы орналасқан төрт бірдей көпқабатты үй халық игілігіне берілді. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ тапсырысы негізінде оны «Бақ-Береке 2030» ЖШС жүргізді.
Өткен жылдың өзінде көпқабатты 61 тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында осындай игілікті істер жасалуда. Облыс орталығында апатты үйлер жайы толығымен шешілді. Бұл – қуантарлық жайт. Олардың орнына биік баспаналар салынып, тұрғындар жаңа қонысқа көшті.
Соңғы 4 жылда Сыр өңірінің бас шаһарында 7 мыңнан астам тұрғыны бар 12 шағын аудан бой көтерді. Бұдан бөлек, дарияның сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы қарқын алды. Биыл Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы кең ауқымда аталып өтілмек. Сол кезде жаңа шаһардағы алғашқы ғимараттар ел игілігіне айналады деп көзделуде.
Сәулеті сәнді сол жағалау
Дарияның Қызылорда қаласы тұсындағы сол жағалауынан тағы да жаңа шаһар салынуда. Мұндағы тұрғын үйлер де, зәулім ғимараттар да, әртүрлі нысандар да бәрі-бәрі жаңаша болмақ. Бұл керемет көрініске қарап тұрып, ерекше сезімге бөленетініміз анық. Киелі ордамыз осылайша замана заңымен үндесіп, көркіне көрік қосып келеді. Жақсылардың басын қосқан, ырыс пен дәулет қонған, сәулеті жарасқан қасиетті мекенге айналуда.
Қаланың даму жоспарына сәйкес, осы мақсатта 1532 гектар аумаққа барлық талаптарға сай ғимараттар бой көтермек. Маңызды жобаның алғашқы қадамы басталды.
Аталмыш аумақ 15 ауданнан тұрады. Атап айтқанда, онда тұрғындарға арналған 11 шағын аудан, 1 индустриалдық аймақ, 3 ірі парк пен жасыл желекті аймақ қарастырылып отыр. Жалпы, сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Өткен жылы Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпір ел игілігіне берілді. Былтыр сол жағалаудағы тұрғын үйлер, оқу орны ғимараты және балабақша іргетасы қаланды.
Алдағы уақытта республикалық бюджет есебінен тағы бір балабақша, мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхана құрылысын жүргізу де жоспарда бар. Оған қоса жастардың жан-жақты даму мәселелерімен айналысатын орталық, неке сарайы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, онкологиялық орталық салынады.
Сондай-ақ, мұнда Қызылорданың астана болған жылдарынан сыр шертетін Қазақ Орталық Атқару комитеті мұражай ғимараты бой көтереді. Онда облыстық рухани жаңғыру орталығы халыққа қызмет көрсетеді. Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бір ғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып, рухани жалғасын таппақ.
«Тұрғын үй құрылысы комбинаты» өнімдерін пайдалана отырып салынатын, сол жағалаудағы 50 пәтерлік арендалық тұрғын үйлердің жоба-сметалық құжаттарын мемлекеттік сараптамасымен қоса әзірлеуге облыстық бюджеттен қомақты ақша бөлінді. Бұдан бөлек, 60 пәтерлік 3 арендалық тұрғын үйдің құжаттарын мемлекеттік сараптамасымен қоса әзірлеуге қосымша тағы да қаржы қаралуда. Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында қала орталығындағы жаңа көпірден бастап «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автомобиль дәлізіне дейінгі аралықты жалғайтын 5 шақырымдық магистралдық көше жүргізіледі.
Берекеге бастаған «Бәйтерек»
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына және бас ордамыз – Астана күніне орай Қызылорда қаласында бір мезетте 6600 азаматқа жер телімі табысталды. Ол үшін Қызылорда-Жезқазған тасжолы аумағынан 980 гектар жер бөлінген.
Халықтың көкейтесті мәселелерінің бірі осылайша шешімін тауып, үлкен қуанышқа кенелді. Қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық бюджеттен, Ұлттық қордан қыруар қаражат бөлінді. Бұл қаржының 5,3 млрд. теңгесі «Қызылорда-Жезқазған» автожолының бойынан белгіленген аумақтың инженерлік-инфрақұрылымын дамыту шараларын бастауға жұмсалды. Бұл игі іс 2013 жылдан бастап қолға алынды. Алдымен қажетті аумақты айқындап, орналасқан жері зерттелді, геологиялық жұмыстар жүргізілді.
Аталмыш ауданда 36 мыңға жуық халық тұрады. Бұл жақтан алдағы уақытта 1 диагностикалық орталық, 260 төсектік аурухана мен ауысымына байланысты 100 келушіге арналған балалар және әйелдерге кеңес беру емханасы, 200 адам қабылдай алатын тағы бір емхана, 4 балабақша, 5 мектеп бой көтермек. Сондай-ақ, стадион, мешіт пен мәдениет үйі, демалыс саябағының құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Міне, тәуелсіздік жылдарында Қызылорда облысы жаңаша түлеп өсті. Соңғы жылдары Сырдағы халық үшін жасалған игілікті істердің бір бөлігі ғана... Мұндай игілікті шаралар әлі де жалғасын таба бермек.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
Суретті түсірген: Бағдат ЕСЖАНОВ.