ПОЛИЦЕЙ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА МАРАПАТТАЛДЫ
Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің үлкен мәжіліс залында «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай, жаны нәзік болса да, рухы мықты ақ жаулықты аналардың, ардақты апалар мен қаракөз қарындастардың құрметіне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шара барысында полиция қызметінің ауырлығына қарамастан, азаматтық борышын өтеу жолында қажымай еңбек етіп, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген нәзік жандыларды құттықтау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің құттықтау жеделхаты ресми түрде оқылып, полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың бұйрығымен өз қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, қызметтерінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген департаменттің қыз-келіншектері марапатқа ие болды.
Жалпы айтулы күнге орай, департаменттің 41 зейнеткеріне және 100-ден асақызметкеріне құрмет көрсетіліп, оның ішінде 21-і департамент бастығының Құрмет грамотасымен, 23-і Грамотамен, 21-і Алғыс хатпен марапатталып, 13-іне Алғыс жарияланды. Ал, «Қазақстан полициясына – 25 жыл» естелік төсбелгісімен 24 ішкі істер органдарының ардагері және 29 департамент қызметкерлері марапатталды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, отбасының ұйытқысына, татулық пен келісімнің тірегіне айналған, сұлулықтың символы саналатын құрметті ақ жаулықты аналардың, ардақты әйелдердің құрметіне әндер шырқалып, билер биленіп, ақ тілектер мен мадақтар айтылды.
Сонымен қатар, шара барысында жоғары кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, ішкі істер органдарында халықтың мүддесі үшін көп жылдар бойы қажымай еңбек етіп келген ішкі істер органдарынан құрметті еңбек демалысына шыққан зейнеткер апалардыңқұттықтауы, естеліктері, кейінгі буын өкілдеріне айтар ақыл-кеңестері тыңдалды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі