Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

НАЙЗАҒАЙ

   Өткен жылдың жаз айы еді. Ауылға келгенмін. Қаланың зәулім тас қабырғасынан шаршап жеткенде сонау сан мың шақырымдағы ауылдың ауасы жанымызға майдай жағады. Кең тыныстап, жан сарайың ашылғандай күй кешесің. Бұл жақтың күн райы да ерекше. Демде аспанды қазбауыр бұлт торлап, көзді ашып-жұмғанша ақ жауын селдете құйып өте шығады. Ал, кейде қою қара бұлт төбеңнен төніп, нөсерге айналатындай көрінеді. Бірақ, аяқ асты сараңдығы ұстаған адамдай бірде-бір тамшы тамбастан жөңкіле көшіп кете барады.                                                                                                  
  Осындай жайдары күннің бірі еді. Кенеттен аспан сұстанып, төңірек ала құйын болды да кетті. Жаңбыр електен өткендей майдалап, себезгілей бастады. Осы бір әдемі көріністі тамашалап, көзбен бағып тұрғанмын. Бір уақытта шатыр-шатұр еткен дыбыстан селк етіп, бойым демде мұздап кетті. Санаулы секунд бұрынғы жайбарақат сезім де көзден ғайып болған. Құдды бір аспанда үйір жылқы шауып өткендай астан-кестен. Арагідік айналаны жап-жарық өткір сәуле түгел шарпып, жарқ-жұрқ етеді. Шамадан тыс энергияның әсерінен бе, жанарымның алды су қараңғы секілді. Төңірек лезде қарауытып, қайта қалпына келді. Көктегі дауыс күшейген сайын жүрегім аузыма тығылып, бейне бір дүрмектегі жылқылардың екпіні таптап өтердей жайсыз әсерде қаласың. Сөйтті де, түбі тесілген шелектей аспан лезде селдетіп өте шықты.                                                                                              
Бұл – жаздағы нөсер жауынның найзағайы еді. Төбеңде төңкерілген көкжиекті отты қанжармен көбесінен сөгіп жібергендей әр жерінен өткір сәуле тілгілей түседі. Әсіресе, түнгі аспандағы мұндай көріністі тамашалаудың өзі мүмкін емес. Бейне бір фантастикалық фильмдегідей айнала ғажайып күйге енеді. Бір жағынан, жүрек түкпірінде үрей сезімнің қылаң бере қалатыны да жасырын емес.                             Үрей дегеннен шығады, бала күнімнен бері осы бір құбылыстан ерекше сескенетінім бар. Әлі есімде, кішкентайымда жасын ойнай бастаса болды, үйден-үйге тығылып, әбігерге түсуші едім. Ес біліп, бой тіктеген қазірдің өзінде бұл әдет менен жырақтап қалмады. Аяқасты күн райы бұзылып, аспан күркірей жөнелсе, асығып-аптығып бас сауғалауға дайын тұрамын. Несіне жасырайын, кейде өзімнің бұл әдетіме еріксіз күлкім келетіні де рас. Ал, бұл ғажайып табиғат құбылысының неден пайда болатынын сұрағанымызда үлкендер қауымы үнемі: «Адамдар бір-біріне жамандық ойласа, аспан денелері біздің бұл пасық ісімізге ашулана бастайды. Сөйтіп, жердегі тіршілік иелеріне жауап ретінде от шашып, арам ойдан арылуға ықпал етеді» деп жауап беруші еді. Ал, біз оған имандай сеніп, әркез шынайы, адал болуға тырысатынымыз есімде. Кейін есейе келе осы құбылыстың ғылыми тұрғыда зерттелуін саралағаным бар.          
      Негізі, оның қандайда бір тылсым қасиеттерi бар екенiн бағзылар бұрыннан бiлген деседі. Мәселен, ежелгi грек мифологиясында ол Құдайдың құдiреттi қамшысы ретiнде суреттеледi. Одан берi сан ғасыр өтсе де, бұл құбылыстың ашылмаған құпиясы әлi де көп екен. Ол туралы біле түскен сайын жасын ойнаса, үрейлене түсетін менің бұл әдетімнің бекер емес екендігін түсіндім. Себебі, оның кенеттен жазым ететін тосын әрекеттері расымен де бар екен. Оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдерінде орын алып жатқан табиғаттың апатты оқиғалары дәйек бола алады.       
Ғалымдардың айтуынша, найзағайдан мерт болған адам саны жылдан‑жылға артып келедi. Алайда, аталмыш құбылыстың ғылым заңдарына бағына бермейтiн тылсым қасиеттерi көп екен. Мәселен, найзағай өзi түскен адамның бiр тал шашын қалдырмай күйдiрiп тас­таған кезi бар екен. Ендi бiрде адам қолындағы металл заттардың быт-шытын шығарғанымен, оны ұстаған адамға еш әсер етпеуi ықтимал. Сондай-ақ, кейде күшi өте қатты найзағай адам денесiнен лезде өте шығатындықтан, өлтiрiп үлгермейдi екен. Десе де, бұдан тiрi қалған кісілерде түрлi ауытқулар байқалатын көрінеді. Бір қызығы, бұл деректер өмірде болған жағдаяттар арқылы нақты дәлелденген.         
      Міне, найзағайдың біз біле бермейтін құпиялары мен тылсым әрекеттері осындай. Сөйтсем, айналаны жарық сәуле шарпып өткенде үйдегі үлкендердің «біссімлләсын» айтып сыйынып, ерін ұшымен күбір-күбір ете түсуінде де бір мән жатыр екен ғой деген ойға келдік. Расымен, дала данышпандары не нәрсенің де қадір-қасиетін таным-түйсікпен ежелден-ақ бағамдай білген ғой. «Сақтансаң, сақтаймын» деген аталы сөз осындайдан қалса керек, сірә...
                                                                                                         Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
13 наурыз 2018 ж. 2 776 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам