ГОЛОВКИН ЕГЕР "КАНЕЛОМЕН" ЖЕКПЕ-ЖЕК ӨТПЕЙТІН БОЛСА КІММЕН КЕЗДЕСЕТІНІН АЙТТЫ
Геннадий Головкин The Ring басылымына берген сұқбатында допинг дауына ілккен мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен жоспарланған кездесуі өтпей қалса, кіммен кездесетінін айтты, деп хабарлайды Vesti.kz-ке сілтеме жасаған NUR.KZ.
"Мен әлі де 5-мамырға жоспарланған Альвареспен кездесуіміз өтеді деп сенемін. Өйткені, мен бұл деңгейде тағы да жұдырықтасқым келеді. Қазір бұл бокс әлеміндегі ең үлкен жекпе-жек. Егер комиссия допингке байланысты "Канело" жекпе-жек өткізе алмайды десе, мен Билли Джо Сондерске қарсы кездесу үшін жұмыс істеймін. Барлық белбеуді біріктіру - менің басты арманым", - дейді Головкин.
Еске салайық, Канелоның" допинг-сынамасының оң нәтижесін берген туралы ақпарат 6-наурыз күні шықты. Альварестің допинг-сынамасынан кленбутеролдың болмашы мөлшері табылғаны белгілі болған еді. Бұл препарат адамға бұлшықет массасын өсіруге және майды жоюға көмектеседі. Ал спорттан тыс бұл препарат жануарлардың массасын өсіруге арналған.