БИШІ ЖІГІТ НҰРСҰЛТАН
Би – музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін өнер. Адамдардың күнделікті еңбек кезіндегі іс-әрекеті, қоршаған дүниеден алған сезім әсерлері би қимыл-қозғалыстары мен ишарасына негіз болған.
Билеу жай кез келген қимыл жасау емес. Әр халықтың биіне қарап сол елдің тұрмысын, салт-дәстүрін, тіршілігін, жалпы өмірін, мінез- құлқын аңғаруға болады.
Мәнерлі де әсем қимылымен музыканың сазына сәйкестендіріп билейтін Нұрсұлтан Маханбеталиев – қаладағы кәсіби биші жігіттерден құралған «Орда» би тобының негізін қалаушы. Байқоңыр қаласының тумасы. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің хореография мамандығын тәмәмдаған.
– Мен бала кезімнен биші болуды армандадым. Американдық әнші әрі биші Майкл Джексонға еліктедім. Алдыма мақсат қойдым және оған жету жолында күш-жігерімді саламын. Қызығы, мен дүниеге келген 29 сәуір бишілер күні екені белгілі. Әрине, оны сәйкестік деп қараймын. Мен биді өнеріміздің бөлінбес бір бөлшегі деп білемін. Ол – сіз бен біздің бар өміріміздің қозғалыстарымен өрілген көркем өрнегі, – дейді Н.Маханбеталиев.
Ұлттық өнерімізді кеңінен дамытып жүрген «Орда» би тобы 2016 жылы құрылған. Шығармашылық қоржынында «Балбырауын» қазақ биі, грузиндік «Лезгинка», үнділер мен қазіргі заманауи ретро сынды өзге де би жанрының түрлері бар. Халық мұрасын насихаттап жүрген жігіттер түрлі байқауларға да қатысып келеді. Мәселен, былтыр қаламызда өткен 29 сәуір – бишілер күніне арнайы ұйымдастырылған жарыста бас жүлдені иемденген.
Ертеректе адам баласы аң мен құстың қимылына, жапырақтың сыбдырына, бұлақ суының сылдырына елітіп дамыған екен. Ұлттық билер әр түрлі мағынада, түрлі жағдайда бастау алған. Мысалы, испан биі көбіне махаббаттан, ұйғырлар тікелей өздерінің мінездерінен, қытай мен жапондар ішкі сезімді білдіруден, үнді билері құдайларын баяндаудан бастау алған. Ал өзіміздің қазақ биі салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігіміз бен ою-өрнегімізден басталған. Қазақ биінің ерекшелігі – қол мен дененің икемділігінде. Сонымен қатар, қыздарымыздың еркелігін, назын, сұлулығын көрсетіп, ер азаматтардың жанып тұрған өткірлік, түрлі күрделі секірулер мен буын қимылдары және өзге де жігерлі іс-әрекеттерді сипаттаумен ерекшеленеді.
– Биші «әйтеуір билеп шықсам болды» деп ойламай, оның көріністік әсерінен гөрі ішкі айтайын деген табиғи сұлулығына көбірек мән беріп халық назарын өзіне аудару керек. Міне, сол кезде бишінің биі көңілден шықты деген сөз. Әр бидің де адам сияқты өзіндік ерекшелігі, мінез-құлқы бар. Бұл тілсіз өнер түрі болғандықтан жүректегі, ойдағы жазуды би тілімен жеткізу қажет, – дейді биші жігіт.
Топ құрмастан бұрын биші жігіттің жеткен жетістіктері жетерлік екен. Астана қаласында өткен халықаралық «Розы Казахстана» 2 орын, Байқоңырдағы «Все краски танца» 1 орын және бүркіт биімен бас жүлдені және өзге де биік белестерін бағындырып үлгерген. Нұрсұлтан бимен қатар әр кешке киетін сахналық костюмдерінің дизайнын да өзі жасайды. Қазақ өнерін жоғарғы дәрежеге жеткіземін деген өнерлі жігіттің арманы асқақ, мақсаты айқын.
Таңшолпан КЕНЖЕБАЕВА.