Ассалаумағалейкүм, АДЫРАСПАН мені саған жіберді Омар, Оспан
Ес білгелі ауылдағы үйдің босағасында бір шөп ілініп тұратын. Ойын баласы болғандықтан оған аса мән бермейтінбіз.
Ата-әжем жазда жайлауға шығып, киіз үй тігіп, мал бақты. Ол жақты «Сарыжайлау» деп атайтын. Шағын келген қараша үй қонағымен, есік алды үнемі қайнап тұратын сары самаурынымен, жайылымда жайылған малымен көрікті еді сол кез. Кешкі ауылдың иісі де бөлек болатын.
Әр көшкен сайын әжемнің әлгі шөбі қалмайды. Өзімен бірге ұмытпайтын. Одан қалды, қора жақты аралап, бірнәрселерді айтып, аластап жүретін. Содан себебін сұрайтынмын. Бірақ, әжем: «Жасаған бере салған, уақыты келгенде айтамын. Әлі кішкентайсың» деп жылы жауап қатып қоя салатын. Кейін мектеп жасына келгенде оның адыраспан екенін ұқтым.
Қасиеттілігі қандай?
Әлі есімде... Осы өсімдіктің тұқымы пісіп жетілгенде оны жұлып алуға үлкендер аса мән беретін. Олардың айтуынша, адам таза болуы керек. Сондай-ақ, әйелден гөрі ер адамның жұлғаны абзалырақ. Жәй ғана жұлып қоймайсыз, арнайы сөзін айтып алу қажет. Сол кезде үйде адыраспан таусылып қалса, әжем дереу атама өтініш айтатын. Ол шөп қазіргідей базарда сатылмайтын еді. Міне, қасиеттілігі де осында.
Оны аяқ-асты тастауға болмайды. Үйге ырыс-береке әкелсін деген ниетпен босағаға іліп қояды. «Біле білгенге емдік ерекшелігі де баршылық» деп отыратын әжем.
Осы шөппен жас келін босанғанда, сәбилер сырқаттанғанда, өкпе ауруына шалдыққанда адамдарды аластайтын көрінеді. Сонымен қатар, емдік мақсатта адыраспанның шөбін, сабағын, жапырағы мен гүлін пайдаланады. Мұның дәрілік шөп екені ежелден-ақ белгілі. Кезінде мың жылдық тәжірибесі бар дәрігер Ибн Сина оны сегізкөз жүйкесінің қабынуы кезіндегі шаншуды басатын дәрі ретінде қолдануға кеңес берген. Сонымен қатар, белге суық тигенде оның көмегімен емдеуге болады. Ол үшін кептірілген, ұнтақталған адыраспан шөбін шүберекке түйіп, сыртынан қайнаған су құяды. Сәлден соң суын сығып, қалтаны жылы күйде белдің ауырған тұсына басып, үстіне қыздырғыш қояды. Белді осылай күніне 30-40 минуттай булау керек. Бір қалта адыраспанды ыстық суға қайталап салып, 4 мәрте пайдалануға болады деп айтып отыратын ауылдың көнекөздері.
Халық медицинасында бұл өсімдіктің ревматизм, қышыма секілді тері аурулары кезінде оң әсері болған. Оған қоса шөбінен жасалған қайнатпа суық тигенде ем. Жалпы, әр ел адыраспанды әр дертке пайдалы деп есептейді. Айталық, кавказ халқы ұйықтататын дәрі ретінде ұсынады. Оның шөбін жағып, түтінімен бас ауруын емдейді, жұқпалы ауру-сырқауы бар адам жатқан бөлмені ыстап залалсыздандырады.
Түркияда ерте заманнан-ақ адыраспаннан қызыл бояу алып, онымен ұлттық бас киімі – фесканы бояған. Ши тоқымасында әлі күнге дейін одан жасалған бояуды қолданады. Ауғанстанда оның түтінімен сал ауруларын емдесе, жапырағынан ісікке таңатын булама жасайды. Тұқымның қайнатпасымен демікпені емдейді. Зәр қуалайтын қасиеті де бар. Ал, көрші өзбек ағайындар әлі күнге дейін жол сапары сәтті болсын деп көліктің алдыңғы әйнегіне іліп қояды екен.
Кейін қалаға келген соң әжем жасаған үрдісті анамнан байқай бастадым. Әр аптаның бейсенбі не жұмасында қасиетті шөпті түтіндетіп, аластауды ұмытқан емес... Міне, қаладағы үйде де солай жалғасып келеді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.