НАУРЫЗ КӨЖЕ БАЗАРДА ТЕГІН ТАРАТЫЛДЫ
Ұлыстың ұлы мерекесі қарсаңында Наурыз тарту күні ерекше сипатқа ие болды. Оның жоғары деңгейде өтуіне қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі және жеке кәсіпкерлер үлесін қосқан.
Бұл күні «Талғат» базары жанына халық көп жиналды. Мұнда бейбіт өмір мен берекенің, мейірбандық пен ізгіліктің бастауы болған Ұлыстың Ұлы күніне орай киіз үйлер тігілген. «Сыбаға», «Жайна», «Талғат» базарының кәсіпкерлері наурыз мерекесін тойлауға өз үлестерін қосуда. Аталмыш шара барысында жиналған халық киіз үйлер ішіне кіріп, кеңінен жайылған дастархан басында ұлттық дәмдерден ауыз тиді. Ұлық мейрамның басты дәмі – Наурыз көже келген қонақтарға молынан тартылды.
– Ұлы мейрам қарсаңында халыққа ұлттық тағамдардан дәм таттырып жатқан жайымыз бар. Наурыз көже, құрт, май, ірімшік, бауырсақ дейсіңбе –бәрі де осында. Дастарханымыз жаюлы. Ештеңені де сатпаймыз, – деді «Жайна» сауда орталығының директоры Рая Сугурбаева.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.