АЛТЫБАҚАН АЯСЫНДА
Балалық шақтың бекетінде қалған естелікті електен өткізген сәтте «Алтыбақан аясында сұлу бойжеткен, қыз-бозбала кең даланы әніменен тербеген» деп әндететініміз еріксіз ойға оралады.
Алтыбақан... Иә, ауыл сыртын мерекеге бөлеп, әзілдері жарасқан жастардың думан жасайтын ойыны ел аузында дәл осылай аталған. Ымырт түскен тынық кеште қол ұстасқан қыз-жігіттер осы маңнан табылатын еді. Үкілі кәмшат киген бұрымдылар сыңғырлаған әсем даусымен ән салса, сегіз қырлы, бір сырлы сері жігіттер бар өнерін ортаға салудан аянып қалмаған. Қамқа бөрік пен бүрмелі көйлегі әдемі үйлесім тапқан қылықты жандарға олар көз қиығын салып, қалжыңмен қағытып, бойжеткен жүрегіне жол табудың айласын іздеген. Алтыбақан осылайша үлкен өмірдің бастауындай аса маңызға ие еді. Біз ол кездері өмір сүрмесек те, бұл жағдай көркем әдебиеттер мен қазақтың тарихи-тұрмыстық жағынан сыр шертетін фильмдерден етене таныс. Сондай-ақ, ақсүйек те – жастардың кең таралған дәстүрлі ойыны. Көбіне, ол Ұлыстың Ұлы күнінде немесе той-томалақта жиі ойналатын болған. Бұл ойын үшін жаздыгүні бозбала-бойжеткендер ауыл сыртында бас қосқан. – Бұл ойын ережесі бойынша алдын ала әзірленген сүйекке белгі салып алған соң, оны топ басшысы бар күшімен алысқа лақтырады. Кейде екі топтың мүшелері кезектесіп те жасайды. Оған қатысушылар ақсүйекті іздеп табуы тиіс. Оны тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, көмбеге жеткізуі шарт. Ал мұны қарсыластары біліп қойса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Сүйекті тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге бұрын жеткізуге тырысады. Сол топ жүлдегер атанады. Негізі, бұл сайыс шапшаңдыққа, ұйымшылдыққа баулиды. Сөйтіп, әлгі дүние бірін-бірі ұнатқан жастардың оңаша кездесуіне дәнекер еді. Біздің кезімізде осылай ақсүйек ойыны арқылы табысып, шаңырақ көтерген замандастар кездесті, – дейді Үрпатша Есқараева есімді әже бізбен әңгімесінде. Рухани мұраларға аса бай халқымыздың алтын көмбесінде қаншама осындай ұлттық құндылықтардың сақталып қалғандығы сөзсіз. Тіпті, олардың кейбіреулері халық жадынан ұмыт та болған. Жылына бір мәрте, онда да ұлттық мерекеде ғана жылт етіп көрініп, қайта ғайып болатын осындай дүниелерге қалада өскен кей өрендердің үрке қарайтыны да рас. Үрке қарағаны емес-ау, осындай да болады екен-ау деп таңданыс білдіреді де. Бір жағынан, ол ұлттық құндылықты ұлықтайтын шаралардың мардымсыздығынан да шығар. Сондықтан мұндай жәйттердің орын алуы да заңды құбылыс. Кезінде ән-жырдың мекеніне айналған алтыбақанның бүгінгі таңда осылайша өгей күйге түсуі насихаттың, тиісінше дәріптеудің аздығының салдары екені сөзсіз. Расында, ұлыстың Ұлы күні – Наурызда ғана құрылатын оған бұрынғыдай қызықтап асыр салып тербелетіндер қатары да аз. Киіз үй жанынан тігіліп, ұзамай жығып тастайтын оның көркемдік әспеттелуі де бүгінде таңдай қағардай күйде емес. Алты ала бақанды түйістіре байлап, қызылды-жасылды маталары көгілдір көктемнің жайлылығын сезіндіретін құдіреті де кемігендей. Тіпті, кезінде оның жасалуына да аса мән берген. Себебі, үлкендердің айтуынша, дұрыс түйістірілмеген бағаналардың өзі алтыбақанның тепе-теңдігін сақтауына кедергі келтіріп, қауіпсіздігі төмендейтін болған. Жастардың уақытын тиімді өткізіп, тағылымды дүниелермен сусындауына бағытталған жобалар ел игілігі үшін қашанда маңызды. Қалай десек те, кезінде ұлттық мәдениетіміздің мәйегіне айналған ұлттық ойындарды тек мерекелік шара шеңберінде ғана қалдырмай, әрдайым дәріптеп, одан әрі жандандыру – бізге парыз.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.