АРАЛ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ
Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз мерекесі Арал ауданында жоғары деңгейде аталып өтті. Орталық алаңда ретімен құрылған киіз үйлер сән түзеп, алыстан көз тарта алаң ажарын ашып, мерекелік шараларға ерте жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады. Мерекеге жиналған тұрғындар ең алдымен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеген көріністердің куәсі болды.
Одан әрі салтанатты шарада аудан әкімі М.Оразбаев аудан жұртшылығын Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Мұнан соң аудан басшысы бастаған бір топ аудан азаматтары ауданның шығармашылық ұжымдары, колледж және мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен әзірленген түрлі қойылымдарды тамашалады. Сонымен қатар, алаңда құрылған киіз үйлерге бас сұғып, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан ұйымдастырған ұлттық ойындарды көрісті.
Күн мен түн теңесіп, жер-жаһан жайма шуақ рахат нұрына бөленетін осынау ұлы мерекені жаңа биіктерге деген ұмтылыс пен құлшыныс үстінде қарсы алған аудан тұрғындары, Наурыз тойына келген ауыл ақсақалдары мен қариялары наурыз көжеден дәм татып, ел мен жердің амандығын тілеп, ақ баталарын берісті.