ЖЫЛ БАСТАУЫ ДҮРКІРЕП НАУРЫЗ КЕЛДІ
Наурыз — Жаңа күн деген мағынаны білдіретін парсы сөзі. Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мейрамын 22-наурыз күні Қызылорда қаласы тұрғындары жоғары деңгейде атап өтті.
Таң атқаннан орталық алаңға жиналған халықтың қарасы қалың. Жұрт бар жақсысын киіп, ауыл аралап, бір-біріне игі тілегін айтуда. Бата сұраған жастарға адал ниетпен ақсақалдар да ақ тілегін аямауда. Қаз-қатар тігілген 30-дан астам ақшаңқан киіз үй қазақтың кербез сәні мен салтанатының айғағындай. Жұртшылық дастархан жайып, мереке думанын қыздыра түскен. Ашық аспан астында әсем әннен шашу шашылып, күмбірлеген күй төгілуде.
Әрбір киіз үйге заманға сай өзіндік атау берілген. Мысалы, «Білім шаңырағы» өңірдің білім саласында жеткен жетістіктерін тізбелейді, «Салауатты ел» аймақтың алғашқы дәрігерлері жайлы қызықты деректерді келтіреді, ал «Қазынадан» теңге көрмесін тамашалауға болады. Сондай-ақ, «Шығыс жұлдызы», «Рухани жаңғыру», «Астана қаласына – 20 жыл, Қызылорда қаласына 200 жыл» секілді өзге үйлерден де түрлі экспозиция көрмелерді қызықтауға болады. Келген қонақтар тәтті тағамдардан дәм татып, қызықты ойын-сауық бағдарламаларын тамашалады.
Негiзiнде жыл басының астарында «Наурызда жақсы атаулының бәрiн халыққа көрсетiп, ұсынады» деген түсiнiк қалыптасқан. Осыған орай әрбiр киiз үйдiң жасауы да өз ерекшелiгiмен айшықталады. Әсем ою өрнектер көріктендіре түседі. Түскиіз де үй ішін безендіріп, дала өркениетін көз алдыңа келтіреді. Наурыз мейрамына жиналған жұртшылық киіз үй ішіне және сыртына қойылған қолөнер шеберлері мен суретшілердің өнер туындыларын да қызықтап жатты.
Сонымен қатар, арнайы павильондарда жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылына арналған көрме ұйымдастырылып, онда жергілікті өндірушілердің өнімдері орналастырды. Бұдан бөлек спорт алаңшаларда күшін сынап көремін деушілерге арнайы дайындалған арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күрестiру сияқты ойын түрлерiне қатысты. Мерекелiк думанның қызған шағында ұлттық ойындар қаумалаған көпшiлiктi өзiне тартты.
Мерекенiң ашылу салтанатында «Наурыз керуенi» атты театрландырылған қойылымы көрсетiлiп, Қызыр баба елге, жерге жақсылық, молшылық, табыс, береке, ынтымақ, бiрлiк тiлеп, ақ батасын бердi. Мұнан соң «Ұлы керуен» барлық сән-салтанатымен алаңға жиналған елдің алдымен жүріп өтті. Кимешек киген аналар жаңа күннiң дәмi – наурызкөже, бауырсақ, тәттiлерiн қонақтар мен жалпы көпшiлiкке үлестiрiп, ақтан ауыз тигiздi. Өнерпаздардың музыкалық-мерекелік сәлемінен соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ тұрғындарын құттықтап, жылы лебізін білдірді.
- Биыл біз Астананың 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтіледі. Наурыз бен наурыз аралығында Сыр өңірі де желкенді жетістіктер мен тағылымды табыстар ордасына айналды. 2018 жыл облысымызда Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жарияланды. Сұлу Сырдың сол жағалауынан жаңа қала бой көтеруде. Елордамыз Астананы газдандыру – біздің Сыр өңірінен бастау алатыны біз үшін үлкен қуаныш, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі Титов мөлтек ауданындағы апатты үй тұрғындары қоныстанған Тасбөгет кентіндегі мөлтек ауданға барып, олардың жағдайымен танысты. Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Тұрғындар аймақ басшысына түйткілді мәселені тез арада шешіп бергені үшін ризашылығын білдірді.
Атап өтейік, биыл Наурыз мерекесін Сыр өңірінде жаңаша бастау мақсатында 14 наурызда «Қауышу» күнін атап өтті. Мереке қарсаңында Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда сенбіліктер, ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкелері, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
Тағы бір ерекшелік – биыл әрбір мерекелік күн белгілі тақырыппен өткізілді. Мәселен, 16 наурыз – «Наурыз дәстүр», 17 наурыз – «Наурыз-жаңару» күні болып бекітіліп, салтанатты шаралар, танымдық сабақтар мен кездесулер ұйымдастырылды. Осылайша, наурыз-думан ел есiнде айта жүретiндей сауық-сайранымен қалды.
Биболат Сәтжан