ТАРТЫСТЫ ДОП ДОДАСЫ
Еліміздің ішкі істер органдары мамандандырылған күзет қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спортпен айналысуға жұмылдыру мақсатында шағын футболдан жарыс өтті. Спорттық шараның өтуіне облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы ұйытқы болды.
«Динамо» спорт клубында өткізілген жарыста еліміздің барлық облыстарынан келген 19 команда бақ сынады. Турнирдің ашылу салтанатында еліміздің ішкі істер министрлігінің мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығының орынбасары, полиция полковнигі Еркебұлан Нұржігітов жарысқа қатысушыларды құттықтады. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов:
- Соңғы екі жылда тек ішкі істер органдарында емес, ІІМ-де салауатты өмір салтын насихаттауда көптеген жарыс ұйымдастырылып келеді. Осындай ізгілікті істердің көкжиегінде олар әлемдік, республикалық, қалық сайыстардан жеңіспен оралып жүр. Спортта тек үздіктер жеңіске жетеді. Сондықтан бүгінгі бәсекеде мықты команда жеңімпаз атанады деген үміттемін, – деп спортшыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, қатысушы командалардың құрметіне республикалық патриоттық әндер байқауының жеңімпазы, полиция сержанты Ермек Жолдасұлы рухты оятатын ән шырқап, спортшыларға серпін берді.
Жарыста Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласыныңМКҚБ командасы жеңімпаз атанды. Олардың қарағандылық әріптестері екінші орынға табан тіресе, үздік үштікті жерлестеріміз түйіндеді.
Биболат Сәтжан