«ЗАМАН-АЙ» ДРАМАСЫ ҰСЫНЫЛДЫ
Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театр ұжымы наурыз айының алғашқы күндері Шиелі ауданының көрермендеріне М.Серікбаевтің «Заман-ай» драмасын ұсынған болатын. Қазіргі таңда Жаңақорған ауданы мен сол ауданға қарасты ауылдардың көрермендері тамашалауда. Театр ұжымы жыл сайын аудан және ауыл тұрғындарына арнайы барып, спектакль қоюды дәстүрге айналдырған. М.Серікбаевтің «Заман-ай» драмасына қысқаша тоқтала өтсек...
Алпауыт өмірдің қандай сынақ дайындап тұрғанын біліп болмайсың. Жайбарақат өмір сүріп жатқан сәтте белгілі бір нәрсе сол тыныштықты бұзады кеп. Бұл өмірдің заңдылығы-ау шамасы. Ұлын қалаға аттандырып, артынан үлкен үмітпен қалған ата-ана. Жалғызының жан рахаты үшін жайлы өмірлерін тәрк етіп қалаға келгенде қандай жайтқа тап болды? Кімнің таңдауы басымырақ болып шықты? Ал, сіз сырттағы балаңыздың қандай тірлікпен айналысып жүргенінен хабарыңыз бар ма?Ауылдағы жайбарақат көріністен қаладағы нәхар тірлікке ауысатын спектакльде жаныңызға түйетін көп дүниенің бары анық.
Театр өнерін тек театр сахнасында ғана емес, сонымен қатар аудан және ауыл тұрғындарына да насихаттау жолында ұжым болып жұмыс жасаулуда.
Алдағы уақытта, яғни сәуір айында театр ұжымы аталмыш спектакльмен Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудан орталықтарын барып, спектакльді ұсыну жоспарлануда.