ЖАҢАЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР ЖӘНІБЕК
2014 жылы өз қызметін бастаған «БалАра» коворкинг орталығы.арендалық негізде қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген орындарды тәулікке аптаға, бірнеше айға жалға беру қызметімен айналысады. Онда сан алуан кездесулер өткізу үшін жағдайлар жасалған.
Аталмыш орталықтың басшысы Жәнібек Күлетов жетістікке жету жолдарымен бөлісіп:
– 2011 жылы ақпараттық технологиялар саласында қызмет көрсетумен айналыстым. Өз бизнесімді ашуды жоспарлап жүрген едім. Мемлекет Даму орталығы кәсіпкерлікке гранттар бөліп жатыр екен. Бұл өзіме берілген мүмкіндік екенін ұғынып, ойлана келе коворкинг ашуға көңіл бөлдім.Тың идея болғандықтан қолдауға ие болды. Себебі, мұндай жобаны алғаш біз қолға алған едік. Осылайша 2013 жылы арнайы грант бөлінді. Осылайша өз кәсібімді бастап, барынша аяқтан тұрудың жолын қарастырдық.
Кейіпкеріміз әрбір кәсіпкердің бойында сенімділік, білім, сауаттылық, қаржыға деген тиянақтылық болуы қажеттігін айтады. Кішкене іс те сені таныса , кейін үлкен істе саған сенім білдіреді. Мысалы, неге адамдар adidas немесе apple таңдайды? Себебі, олар тауар және қызмет көрсету сапасымен өздерін көрсете білген. Қарапайым мысал, бірден аяқ киім жасайтын шеберхана салуға ұмтылған дұрыс емес. Алдымен кішкене жер алып, бастаған іс оң нәтиже берсе ғана, оны үлкейткен жөн. Қандай істе болмасын, алдымен адалдық керек. Кәсіпте бәсекелестік болғаны дұрыс.
– Бүгінде дүние жүзіндегі киім нарығында ең танымал атаулардың бірі –Adidas, – деді Жәнібек Күлетов әңгімесін жалғастырып. – Оны ойлап тапқан кім? Бай адамдар туралы айтылып жатқанда біз оның қалай сол жетістікке жеткеніне аса мән бере қоймаймыз. Ол қалай байыды, бұрын кім болды, оның жетістігінің құпиясы қандай? Бұл компанияның негізін қалаушы Адольф Дасслердің отбасы бай адамдардың қатарына жатпайды. Әкесі наубайханада, ал, анасы кір жуатын жерде жұмыс істеген. Олар өмір сүрген кез адамдардың инфляция мен жұмыссыздықтан әбден шаршаған кезеңі еді. Күнкөріс мақсатында Дасслердің отбасы аяқ киім тігуге бел буды. Әйелдер кенептен аяқ киім пішті, ер азаматтар болса тігетін. Олар дайындаған тауар көп ұзамай өте танымал болды. Әсіресе, кішкентай Ади (Адольф) ойлап тапқан үйде киетін аяқ киімдер зор сұранысқа ие бола бастады. Міне, осылай өздерінің брендтерін жасап шығарған. Өнім сапалы болса, тұтынушысы көп болады.
Мұндай деректер көп кездеседі. Оның әрбіріне өз деңгейінде назар аударуымыз тиіс. Сонда ғана өз ісін бастаған әрбір адам жетістікке жете алады. Кейіпкеріміз бізбен әңгіме барысында осындай орамды ойларымен бөлісті. Шынында да, назар аударуға тұрарлық дүние емес пе?
Мен кейіпкеріммен әңгіме соңында «БалАра» деген атауының сыры неде?» екенін сұрадым
– Ара өте еңбекқор, ешкімге зияны жоқ, қоршаған ортаға тек пайдасын ғана тигізетін жәндік. Менің басты ұстанымым сол еңбекқорлық, адалдық. Кәсіпкерлер жұмысын адал атқарса, бұл біздің мемлекеттің дамуына қосқан үлесіміз болмақ. Әр адам коршаған ортасында болып жатқан нәрсеге бей-жай қарамауы керек. Барлығы өзіміздің қолымызда, деді ол.
Ақерке СЕЙІТОВА,
ҚМУ-дің IV курс студенті