Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЕЛДІКТІҢ ТӨРІ – ЕЛОРДА

ЕЛДІКТІҢ ТӨРІ – ЕЛОРДА

    Тәуелсіздіктің арайлы таңымен бірге Сарыарқа төріндегі бас қаламыз – Астана жылдан-жылға дамып, көркейе түсуде. Ұлт келбеті саналатын шырайлы шаһардың астаналық мәртебеге ие болғанына биыл 20 жыл толғалы отыр. Елордамыз осы уақыт аралығында көз тартар сәулетімен әлем жұртшылығын тамсандырып үлгерді. Расында, еліміздің жүрегі – Астана санаулы жылдар ішінде әлемнің ең сәулетті қалаларының бірі ғана емес, жаһандық деңгейдегі маңызды шешімдер қабылданатын келісім ордасына да айналды. Бас қаламызға Еуропалық саясаткерлер мен сарапшылар «Астана – жаңа дәуірдің дәулетті де сәулетті қаласы», – деген баға берген. 
Аз уақытта көз іслеспес жылдамдықпен бой түзеген бас шаһар жұмыр жердегі әйгілі астаналарымен иық тірестіріп, салтанат жарастырып отыр. Көркімен де, көлемімен де қатарлас деңгейге жетті. 20 жыл бұрын Арқа төсінде осындай үлкен қала бой көтереді деп ешкім ойламаған еді. Бүгінде сәні мен салтанаты жарасқан елорда сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелді. Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада батыс пен шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль  қалыптастыру идеясы негізге алынған. Еуразия жүрегіндегі бас шаһарды Еуропа мен Азияның тұжырымдалған баламасы деп таныған жөн. Себебі, елорданы салуда осындай архитектуралық бағыт-бағдар көрініс тауып келеді. Сәулеті жөнінен бас қаламыз осындай құндылықтарымен ерекшелене түседі. Алғаш қаланың іргетасы қалана бастағанда Елбасы «кез-келген сәулетші өзінің тың идеясын көрсетсін. Біз оны Астанада салуға тырысамыз» деген еді. Арқа төсінде өз қолтаңбасын қалдыруға ерінбей еңбек еткендер көп. Шет ел мамандары мен тәжірибе алмасу барысында өзіміздің сәулетшілер мен құрылысшылар көп нәрсені үйренді. Ол өз нәтижесін көрсетті. Қаншама әсемдігі көз тартар ғимараттар өмірге келді. Мәселен, Ақорда, «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр» – XXI ғасырдағы сәулет өнерінің озық үлгілері. Бұл архитектуралық ансамбльдерге «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» аркасы қосылды. Жаңа тұрғын үйлерден де Азиялық үлгі байқалып тұрды.
Қазақ сәулетшілері – Саматбек Бөкебай, Ақмырза Рүстембеков, Жандарбек Мәліков, Бақтыбай Тайталиев күні-түні сызба сызды. Нәтижесінде көңіл көншітер кешендер бой түзеді. Ұлттық сәулеткерлік өнер қарыштап дами түсті. Мәселен, Қазақстан гербінің авторы, сәулетшілік этномодерн үлгісін жетілдірген Жандарбек Мәлібеков сол жағалауға ақ қыш пен темірбетонды үлестіріп, бас мұнарасын құбылаға қаратып, Нұр-Астана мешітінің үлгісін сызды. Ал, «Астана-Бәйтерек» монументі – елорданың негізгі нышаны. Оның кешенін жобалаушы сәулетшілер тобын басқарушы – А.Рүстембеков. Сонымен қатар, онда С.Базарбаев, Ж.Айтбалаев сынды сәулетшілердің еңбегі зор. Оның негізгі идеясы – Елбасының эскиз-нобайы негізінде өмірге келген. Ол бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтардың ғұмырлық мұратын білдіреді. Кешенннің құрылым биіктігі – 105 метр. Салмағы 1000 тоннадан асады. 97 метрді құрайтын көрініс кешені замануи қаланың көркем бейнесін ашады. Панорамалық зал ортасында 17 жапырақтан тұратын, 17 түрлі әлем діндерінің уәкілдері қолы қойылған ағаш глобусы орналасқан. Ал қасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алақанының ізі бар.
Елорданың тағы бір тамаша өнер туындысы – «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы. Әйгілі сәулетші Лорд Норман Фостердің қиялынан туған бұл сәулетті ғимарат – Астана келбетіне айшықты көрініс беріп тұр. Оны британдық Foster & Partners фирмасы жобалаған. Биіктігі – 150 метрді, аумағы – 127 мың шаршы метрді құрайды. Қаладағы ең биік және әлемдегі киіз үй пішіндес ең үлкен ғимарат санатындағы сәулетті өнерді салуда әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет қолданылып отырған көптеген технологиялар мен материалдар пайдаланылған. Шатырдың ерекше қабаты оны Астана халқына үйреншікті болып кеткен боран мен аяздан қорғап, іште қысы-жазы қолайлы климат ұстап тұруға мүмкіндік береді. Әрдайым жайдарлы ауа райы мен күн нұрының төгілуі – «Хан Шатырға» тән белгі болмақ. Түрлі климаттық белдеулерде өсетін жасыл-желектерді мұнда сатылы террасадан кездестіруге болады.
 Осылайша Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің нышанына айналды. Бас шаһарымыз әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеудің жолында өз мақсат-мүддесін орындады. Қазіргі таңда Сарыарқа төсінде қоныс тепкен алып шаһарда әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, пікір алмасады. Тарихи маңызы зор шешімдерді қабылдайды. Мәселен, Астанада халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде болып келеді. Сонымен қатар, ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Өткен жылы Астанада EХРО халықаралық көрмесі өтті. Осындай жиындар арқылы жаңа елорда әлемге танылды.
 Шетелдік қонақтар Тәуелсіздіктің символына айналған Астана келбетіне көз тастап, өздерінің жоғары бағасын беріп келеді. Қысқа мерзім ішінде елорда ел мерейін асырып, жаһанға танылды. Бұл – мақтанышпен айтуға тұрарлық. Көкке ұмтылған бірегей, зәулім ғимараттар өзіне бірдей баурай түседі. Бүгінде Астана ТМД бойынша ең қолайлы, ғажайып қалаға айналды. Болашақта да елдіктің ерен ордасы Астанада асқақ армандар мен мақсат-мүдделер іске асырыла береді. Ару Астана – еліміздің жүрегі, Отанымыздың тірегі, Ұлы даланың кіндігі – Сарыарқа төсіндегі ғажайып қаланың абыройы асқақтай түседі. Көз тартар көркімен дәулетті де сәулетті қала болып қала берері сөзсіз. Олай болса, Астана – егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі, азаматтығымыздың айнасы екені айдан анық.
                                                                                               Айтолқын АЙТЖАНОВА
03 сәуір 2018 ж. 1 990 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам