Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » БЕТАШАР МА, БИЗНЕС ПЕ?

БЕТАШАР МА, БИЗНЕС ПЕ?

    Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Қоғамның өзінің тарихының тамыры тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» дейді. Осыған байланысты бүгінгі әңгімеміз қазақ халқының ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүрі – беташар туралы болғалы отыр.
Жалпы білім беретін мектептің 10-сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында бұл үрдіс жөнінде «Беташар – жаңа түскен келінді таныстыру, күйеуінің туыстарына, ауыл ақсақалдарына сәлем бергізу, жас келінге ақыл-нақыл айту өлеңі. Оны бір адам орындайды» деп анықтама берілген. Ертеде беташар рәсімін ақын-жыраулар орындайтын.
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген лебіз ақын-жырауға берілген үлкен баға. Себебі, ата-бабасын дәріптеп мақтағасын, жас келінді айналасындағылармен ең алғаш таныстырушы болған соң, сол үйдің әрдайым құрметті қонағы саналады.
Қазіргі уақытта беташарды домбыра тарта алатын асабалар орындап жүр. Бұл жерде ақын болу шарт емес, беташардың түрлі нұсқалары интернеттен оп-оңай табылады. Айтайын деп отырғаным осы заманғы беташар бүтіндей өзгерген, келіннің сәлемін саудаға салатынды шығардық. Беташар бизнес көзіне, яғни табысқа айналғаны соншалықты оны қалыпты жағдай деп есептейтін болдық. Көлденеңнен келген кіріске құныққандықтан шаңыраққа, әруақтарға сәлем салдырып, шапанын иыққа жапқан асаба еш қысылмастан: «Ағайындар, ендігі сәлемнің бәрі платный» деп тойға келген қауымды бір күлдіреді. Сосын дәптер толы тізімді басшылыққа алып, ісіне кіріседі. Осыдан кейін атымыз аталғанда ақша салмасақ ұятқа қалатын күйге жеттік. Қазақ деген намысшыл, оның үстіне бір баласы екеу болып жатқасын аянып қалмайды.
Бірінші, келіннің ата-енесін шегіне жеткізіп мақтағасын атасы он мың, енесі бес мың теңге салады. Оны місе тұтпай, екінші рет мақтау сөзін жаудырып, ұлдың ата-анасынан шелекке бес және екі мың теңгені сұрағандай қылып, салғызады. Бұдан әрі домбырасын сабалап, келінге қайын ағаларын таныстыруға көшеді. Егер ол кісі мекеме басшысы болса «құдайдың бергені»:
«Анау тұрған қайын ағаң,
Іргелі мекемені басқарған,
Беташарда талай көргенмін
10 мың теңгені қысылмай тастаған», – деп соғады.
Енді бірде бір қайын ағасының шелекке екі мың теңге салғанын байқай қойып:
«Сәлемге сал деп жеңгемнің,
Төрт мың бергенін көргенмін.
«Бас жазуға» деп жартысын
Алып қалды-ау теңгенің» дегесін, бүгежіктеп амалсыз тағы екі мың теңге салуға мәжбүр болады.
Келіннің басына ақ орамал жабылып тұрғандықтан ол кісіні көре алмаса да: «е... мына қайын ағам, тойдан кейін ішуін жалғастырып кететін адам болды ғой» деп ойлайтыны асабаның қаперіне де кіріп шықпайды. Ұпайы түгел ақша шабытына шабыт қосып, ынталандырады-ау деймін:
«Анау тұрған қайын ағаң,
Жауын шетінен жайпаған.
Нар тұлғалы – Бектемірге,
Бес мың теңге не тұрады» деп желпіндіріп жібергесін қалтасында ақшасы болмай қалса керек, қызыңқырап тұрған қайын ағасы: «Айналайын, отвечаюға айта бер, айлық алғасын өзім хабаласамын» – дегеніне дүйім жұрт бір күліп алады. Қайын атадан кейінгі табыс көзі қайын ағалары болғандықтан оларға да ақшаны екінші рет салғызуға тырысып-тыраштанып бағады. Ақшаға араны ашылған асаба кейде ұят сөздерді айтқаның байқамай қалады-ау деймін:
«Анау тұрған қайын ағаң,
Екі көзі оттай жайнаған.
Қайын ағаңа сәлем сал,
Көрсең де оны айнадан».
Сонда қалай? Теріс қарап тұрған келін айнадағы бейнесіне сәлем салса, қайын ағасы келіннің әдепсіз қылығынан ұялғанынан үйден қаша жөнелмей ме? Бұған күлуге де, қор болған қайран дәстүрім-ай деп өкінуге де болады. Бұдан соң жас келін қайын апаларына, сіңілдеріне, інілеріне, нағашыларына, жиендеріне, бөлелеріне, құда-құдағиларға, құдашаларға, үй иесінің ұжымдастарына, жора-жолдастарына, көршілеріне тіпті бесіктегі балаға дейін сәлем салады. Беташарды аяқтағасын отау егесін ортаға шығарып «қамшыңа ие бол» деп, үстіндегі шапанын сол жердегі қарияның иығына жауып, әулеттің үлкендеріне батасын бергізіп, шелектегі ақшаны ақ шүберекке түйіп алып тайып тұрады.
Қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша беташардың ақысын той иесі берген. Ертеде күнкөріс көзі мал болғандықтан, әрине мал атаған. Беташарды қазіргі уақытта келінге беретін көрімдікпен шатастырып жүрміз, келінді жеңгелері көрсетіп көрімдік алып жүр ғой, сонда бұл екі есе шығын емес пе? Осыны түсінген кей өңірлерде беташардан жиналған ақшаны той жасаушыларға қалдырып, асабаға күні бұрын келісіп алған ақысын беретін болды. Бұрынғы жыраулар беташар рәсімінен соң келіннің қолынан шәй ішіп, дастархан басында өсиетке толы термелерін жырлаған, бұл тойдың ең әсерлі сәті болып, жиналғандар ризашылықпен тараған.
Тағы бір айтайын дегенім, беташарды тойханада өткізу үрдіске айналуда. Бұл мақұлдарлық жағдай емес. Келінді үйге кіргізерде киелі табалдырықтан оң аяғымен аттаттырамыз, беташарда қара шаңыраққа және әруақтарға сәлем салғызамыз. Тойханадағы дастархан үстінде ішімдіктердің түр-түрі тұрғандықтан имандылығымызға сына түсері айдан анық. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, еліміздегі жастардың құрған әрбір үшінші отбасы ажырасып кетуінің бір себебі осында ма деп те ойлаймын. Сөз соңында айтарым, беташар дәстүрі келер ұрпаққа бұзылмаған түрінде жетуі тиіс, оны өз деңгейінде сақтау сіз бен біздің бұлжымас міндетіміз екенін бір сәт еске алайық, ағайын!

Бақытжан ТҮМЕНБАЕВ,

тарихшы.
17 наурыз 2018 ж. 1 895 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам