ЕРТЕГІ СЫР ШЕРТЕДІ
2 сәуір – Халықаралық Балалар кітабы күніне орай А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде қалалық балабақшалар арасында байқау өткізілді. Бұл шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және қалалық кітапханалар жүйесінің ұйымдастырды.
1967 жылдан бастап балалар және жасөспірімдер кітабы жөніндегі халықаралық кеңестің шешімімен 2 сәуір – әйгілі ертекші Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай Халықаралық Балалар кітабы күні деп бекітілген. Неміс жазушысы Йелле Лепманның ұсынысымен пайда болған айтулы шара екі жылда бір рет өткізіледі. Онда Халықаралық Г.Х. Андерсен атындағы сыйлық беріледі.
Шара барысында түрлі балалар кітаптары жарнамаланды. Оларға бұрыннан таныс болмаған шығармалар жайында айтылып, түрлі дәрістер де оқылды. Байқауға қаламыздағы «Шұғыла», «Жайна Құлыншақ», «Алтын ұя», «Ер тарғын», «Қуаныш» балабақшаларының бүлдіршіндері қатысты. Бірінші кезеңде қатысушы балалар қазақ ертегілерінен үзінді қойылым көрсетті.
Кітап оқитын бала бүгін – табысты оқушы, ал ертең – қалыптасқан тұлға. Ата-ананың балаға сыйлай алатын тамаша сыйы – олардың кітап оқуға деген құмарлықтарын арттыру болып табылады. Оқитын кітап көп, соның ішінде ертегінің орны бөлек.
Шараның ерекшелігі – байқау үш тілде өткізілді. Оның екінші кезеңінде әрбір балабақша Г.Х. Андерсеннің ертегілерінен орыс тілінде үзінді қойылым қойды. Ал үшінші кезеңде балалар отан, туған жер, тіл, білім туралы тақырыпта бір шумақ өлеңді ағылшын тілінде жатқа айтып берді. Сондай-ақ шара барысында ертегі кейіпкерлердің шеруі өткізілді. «Ертегілер әлемінде» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Байқау қорытындысы бойынша «Шұғыла» балабақшасының өрендері жеңімпаз атанды. Ал «Алтын ұя» және «Ер тарғын» жеткіншектері үздік үштіктен көрінді. Қатысушылар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің дипломдарымен және демеушілік жасаған мекемелердің сыйлықтармен марапатталды.
Биболат Сәтжан