ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРГЕ 77 БІЛІМ ГРАНТЫ БЕРІЛДІ
Олимпиадаға еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан 11 сыныптың 6500-ге жуық оқушысы қатысқан болатын. Мектеп түлектері 11 пән бойынша білімдерін сарапқа салып, тек үздіктері жеңіске жетті. Оқушыларға тегін сапалы білім алуына мүмкіндік туғызып отырған Олимпиаданың мақсаты жастардың интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін дамыту болып отыр.
Салтанатты марапаттау рәсімінде университет ректоры, профессор У.Әбдібеков және оқу орнының І вице-президенті, профессор М.Куталмыш жеңімпаздарға 3 түрлі аталымдар бойынша және 1, 2, 3 дәрежелі білім гранттары дипломы мен сертификатын табыстады. Университет базасында өткен қорытынды ІІ кезеңге 454 оқушы қатысып, өз білімдерімен оқ бойы озып шыққан 77 оқушы грант иегері атанды. Жеңімпаздарға ҰБТ-дан шекті балдан жоғары ұпай жинау шартымен Ахмет Ясауи университетінде шәкіртақысыз тегін білім алу құқығы берілді.
«Бүгінгі бәсекеден университет грантына ілікпей қалған қатысу-шыларға да үлкен жеңілдіктер қарастырылып отыр. Егер сіз мемлекеттік грантты иелене алмасаңыз, 25 тамызда сарапқа салынатын 700 Түркия грантына түсуге мүмкіндіктеріңіз бар», деген ректор У.Әбдібеков барлық қатысушыларды үміт үзбеуге шақырды.
Грант жүлдегерлері білім додасының әділ нәтижесіне ризашылықтарын білдіріп, ерекше қуаныштарын жеткізді. Университеттің жетістіктері мен кампусының салтанатына қаныққан оқушылар оқу орнының студенті болуды өздеріне мақсат ететіндіктерін де жасырмады.