«БИЗНЕС КЕҢЕСШІ» БОЛҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР КӨП
Қызылордада «Бизнес кеңесші» оқу курсы үлкен сұранысқа ие. Жыл артқан сайын аталмыш курсты оқуға қызығушылық танытушылардың қатары көбейіп келеді.
Мәселен, кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренерлері жыл басынан бері 804 қызылордалықты (оның ішінде 389-ы грантқа қатысу үшін оқығандар) «Бизнес кеңесші» курсы аясында оқытқан болса, әлі де 1560 азамат кезекте тұр.
Аталмыш курс аясында оқып, кәсібін жетілдірген азаматтың бірі –Ермек Жақатаев.
Мал шаруашылығымен ерте айналысқан ол, халқымыздың «Мал баққанға бітеді» деген тәмсілін санасына жастайынан сіңіріп өскен. Ерінбей еңбек етсе, кәсіптің қиындығы болмайтынын білетін кәсіп иесі мал бордақылаумен айналысуды ұйғарады. Өз ойын жүзеге асыру үшін облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, бизнес біліктілігін де шыңдайды. Осылайша, «Береке» бағдарламасы арқылы 4 млн. теңге несиеге қол жеткізеді.
– Біз бұрыннан мал ұстап келеміз. Жаңа бағдарлама шығып жатыр дегенді естіп, палатаға барып, мамандарынан кеңес алдым. Екі күндік «Бизнес кеңесші» оқуын оқыдым. Содан кейін мемлекеттік бағдарлама аясындағы несиеге алынған малды қыс бойы бағып, бордақылап, саттық. Кейіннен малдың басын көбейтсек деген мақсатпен сиыр алдық. Қазір олар төлдеп жатыр», – дейді кәсіпкер.
Алған несиеге баспақ алып, қорасын қоралап, жем-шөбін түсіреді. Кәсіпкердің қыс бойы бордақылап баққан баспақтарының күйі жақсы, қоңды. Енді алушы табылса сатып, қаражатқа айналдырмақ. Одан бөлек, қорасында сауын сиыры да бар. Күнделікті сауып, сүтін ішеді, артылғанын сатады. Отбасылық бизнес болғандықтан оның жемін беру, шөбін салып, оны тазалауды отбасы мүшелері бірлесіп атқарады. Кәсіпкер енді жылқы байлап, бие сауып, айналасындағыларды саумалмен де қамтамасыз еткісі келеді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.