Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » САЯЛЫ БӘЙТЕРЕК

САЯЛЫ БӘЙТЕРЕК

   Бейбіт күннің ұрпақтары биыл Жеңістің 73 жылдығын атап өтеді. Зұламатты жылдарда кірпік қапастан ел тыныштығы үшін ерен ерлік үлгісін көрсеткен жауынгерлер жоғары бағаға лайық. Бүгінде қалада 17 соғыс ардагері бар екен.
Соның бірі – 97 жастағы қала тұрғыны соғыс және еңбек ардагері Ибрагим Нұрымбетов. Ол – өз әулетінің ғана емес, елінің де қадір тұтар құрметті қарты. Оған саналы ғұмырындағы қиындығы мен қызығы қатарласқан күндері мен адами қасиеттері дәлел.
Шиелі өңірінде қарапайым отбасында өмірге келген ағамыз жастайынан тағдырдың тауқыметін тартып өсті. Ашаршылық кезінде ата-анасынан айырылды. Бір демде тұлдыр жетім болып шыға келді. Қарындасы екеуінің одан кейінгі өмірі балалар үйінде өтті. Есейген шағында Ташкент теміржол техникумына жіберілді. Онда жатақханада тұрғанымен ішерге тамағы, киерге киімі болмай қиын күнді бастан өткізгенін әлікүнге дейін ұмытпайды.
Сұрапыл соғыс басталып, неміс басқыншылары Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағанда бұл кісі әлі  20-ға да толмаған кезі еді. 1941 жылдың қараша айында алғашқылардың легінде әскерге алынған ол 99-шы кавалериялық полк сапында станокті пулеметші болып, жан беріп, жан алысқан шайқасқа араласты. Одан кейін кіші лейтенант дәрежесін алған жас сарбаз Иваново облысындағы Горьковецкий станциясынан марштық артиллерия құрамында Сталинград облысындағы Котовский қыстағынан бір-ақ шығады.
– 1943 жылы Запорожье қаласын азат ету шайқасына қатыстық. Қырғынның көкесі асау толқындары буырқанған Днепр өзені жағасында басталды. Гитлер армиясы өте күшті қорғаныс жасаған екен. Екі жақтан да адам шығыны аз болмады. Сол шайқастан соң маған «Ерлігі үшін» медалі тапсырылды. Бірақ, біз соғысқа марапат алу үшін емес, Отан қорғау үшін бардық. Десек те азды-көпті ерліктеріміз ескерілді. Соның арқасында үшінші дәрежелі «Даңқ», екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерін де кеудеге тақтық. 1945 жылдың ақпан айынан бастап бірыңғай шабуылға шыққан біздер Днестр, Тирасполь, Румыния жерлерін фашистік басқыншылардан босатуды бастадық. Әсіресе, Будапештті алу оңайға соқпады. Сондағы көрсеткен ерлігім үшін «За взятия Будапешта» медаліне ие болдым. Бірақ, сұм соғыстың жеңіспен аяқталғанына 73 жыл толса да талай азапты күндердің куәсіндей майдан жолы көз алдымнан кетпейді, – деді қарт сарбаз.
Қарияның  әрбір оқиғаны ай-күні мен жылына дейін нақты айтып отырғанына таңғалдым. Есінде сақтау қабілеті әлі де зор екендігі қуантты. Тіпті, соғыс жылдарындағы бір оқиғасы әлі есінен кетер емес.
– Украинаның жерінде катушканы арқалап кетіп бара жатқанмын. Айнала сабан басқан шөп. Бір кезде арасынан тарсылдаған дыбыс шыға келді. Бар ойым, жау екен деп ойлап, алғашқыдақорқып кеткенім рас. Сөйтсем, қалың сабанның түбіне тығылып қалған бір қыз екен. Сол аумақтағы жергілікті қыз қашып жүріп, қалып қойған болуы керек. Оны комбатқа апарып тапсырдым, – деді Ибрагим ата бір күліп алып.
Ұлы Жеңістің куәгері туған жерге 1947 жылы аман-есен оралды. Алайда, бейбіт өмірде де ер-азаматтарды ауыр тіршілік күтіп тұрды.
– Жастай әке-шешеден, бауырдан айырылып, жалғыз қалдым. Үш жыл бойы жұмыссыз жүрдім. Әйткенмен, әр нәрсенің бір қайыры болады. Кезінде әкем Шиеліде қасапшы болған. Оның жақсы араласатын туысқандай болып кеткен досы бар еді. Сол досының анасы – менің кіндік шешем. Міне, осы жақсы адамдардың септігі көп тиді, – деді кейіпкеріміз.
1950 жылы ол кісі өмірлік жары – Нәлшайым екеуі шаңырақ көтереді. Қырық жылдан астам тату-тәтті ғұмыр кешкен жарасымды жұп өмірге қос ұл мен үш қыз әкелді. Кейінірек бухгалтерлік курсты тәмамдаған ол кісі өзінің кіндік қаны тамған,  Жаңақорған ауданындағы қазір Сүттіқұдық, бұрынғы «Красная звезда» ауылында ұзақ уақыт бас есепші болып қызмет атқарған.
– Жалпы, 53 жыл сол қызметте болдым. Содан шығар, әлі күнге дейін сандарға қатысты оқиғаларды ұмытпаймын, – дейді ардагер.
 Расында, ол кісі ұл-қызының, немере-шөберелерінің, келіндерінің туған күндерін тізіп жазып қояды екен. Оған арнайы қойын кітапшасы бар. Тіпті, осы күндері газет оқи береді.
1994 жылы сол өмірлік жары бақилық болды. Бүгінгі күні Ибрагим атамыз ұрпағын шөберелер шуағына бөленген батагөй қария. Көзқуанышы – 5 баладан 20 немере, 27 шөбересі бар.
Бала күнінен тағдырдың талай тауқыметін тартса да, табиғатынан сабырлы кейпінен танған емес. Кездескен қиындыққа мойымай, тік тұра білді. Жеңіс мерекесі жақындап келеді. Осынау мерейлі күнге жеткен қазыналы қария үнемі елдің амандығын, тыныштығын тілеп, шүкіршілік етіп отырад.
                                                                                                   Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
10 мамыр 2018 ж. 1 266 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам