КОСТЮМЕР
Н.Бекежанов атындағы драма театрдың жертөлесіне түсе қалсаңыз, құдды бір қазынаға толы қоймаға тап болғандай күй кешесіз. Мұнда әртістердің қойылымға киіп шығатын сахналық киімдері сақталған. Ілгіштерге қаз-қатар реттілікпен ұқыпты жиналған осындай қойманың мұнда төртеуі бар.
Бүгінде театр қоры өте бай. Бөлмеде ескісі, жаңасы бар 500-ге жуық киім ілініп тұр. Құндыз бөріктер мен жағалы қамзолдар, сырма шапандар, бүрмелі көйлек, оюлы тақия, үкілі сәукеле мен батырлар сауытының түр-түрін де осы жерден табуға болады. Олардың барлығы уақытында жуылып, үтіктеліп, қайтадан орнына мұқият қойылады. Театрдың киім беру бөлімінің меңгерушісі Саракүл Шүренованың бұл өнер ордасына келгеніне биыл 20 жыл толды. Тігінші мамандығын игерген ол осында алғашында тігін цехында еңбек жолын бастады. 2002 жылдан бері меңгеруші қызметін атқарып келеді. Ол қоймадағы кез келген киімнің кімге тиесілі екенін астарындағы жазуға қарамай-ақ жазбай танып, жатқа айтып бере алады. – Әр киім спектакль бойынша бөлек-бөлек жиналады. Әртіс образды жоғары деңгейде алып шығу үшін ол үлкен роль атқарады. Сондықтан костюмерлердің театрдағы еңбегі зор. Жуып, тазалап әртістің сахнаға шыққанынша тыным таппаймыз. Қойылым тамашалауға келген жүздеген көрермен алдында ойнайтын өнер адамы үшін ең бастысы – киімінің қонымдылығы мен ыңғайлылығы. Сахнада қандай қимыл жасаса да киімі өте ыңғайлы болуы шарт. Әрбіріне өз өлшеміне сәйкес бірдей болып тігіледі. Киімдер ауысып кетпес үшін нөмірленіп, әртістердің есімдері жазылып қойылады. Ал, ұзақ жылдан келе жатқан дүниелер әбден ескіріп, жыртыла бастаса, онда толығымен жаңасы тігіледі. Мәселен, бізде жақында ғана «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» пьесасының костюмдері жаңартылды. Алдағы уақытта Шотландияда болатын шығармашылық іссапарда өнер ұжымы аталмыш қойылымды сахналамақ. Бірақ, жаңа киімге актердің үйренуі де оңай емес. Премьера алдында олар жаңа костюмдерін киіп, әбден дайындық жасайды, – дейді ол кісі бізбен әңгімесінде. Қаздай тізілген киімдердің арасында Мұстафа Шоқай, Абай, Жамбыл, Қорқыт абыздың образына арнайы тігілген шапандар ерекше көзге түседі. Сондай-ақ, Сыр театры тарихында есімі алтын әріппен қалған Серік Шотықов, Әлия Арысбай, Якуда Халықұловтардың кезінде киген киімдері де бүгінде рухани шаңырақтағы шағын музей төрінен орын алған. Кейде әртістер олардың костюмдерін ырым етіп репетиция кезінде де, сахналық ойындарында да ара-тұра пайдаланып тұрады екен. – Әртіс кейде сахнада ойнап жүріп секірмек болғанда немесе оқыс қимылдап киімі жыртылып кетеді. Бұрын мұндай кезде сахна сыртында ине-жібімізді ұстап біз де дайын тұратынбыз. Қазір жастар ұқыпты, мұқият болғандықтан мұндай оқиғалар сирек кездесіп жүр. Кейде спектакль ортасында оларға киім ауыстыруға тура келеді. Екі көмекшіммен санаулы секунд ішінде тез-тез ауыстырып жібереміз. Осындайда қызық оқиғалар көп орын алып жатады. Күлуге уақыт жоқ, кейіннен еске алып әбден езу тартып аламыз. Бірде Таупиқ әл-Хакімнің «Сұлтанның сасқаны-ай» спектаклінде бір ағамыз соттың рөлін ойнады. Сөйтіп, ол кісі аз ғана минут ішінде сахна сыртына келіп, соттың киімін киіп шығу керек болатын. Бір кезде ағамыз үстіне ақ жейде мен аяғына саптама етікті киді де, қайта сахнаға жүгіріп шығып кетті. Сырттай бақылап тұрған театр қызметкерлерінің бәрі бетін шымшылап, қыран-топан болысып жатыр. Сөйтсек, ағамыз асыққанынан шалбарын киюді ұмытып кетіпті. Қалай болғанда бұл кемшілікті көрерменге білдіртпеу керек болғандықтан, Серік аға сол кейпімен рөлін соңына дейін ойнап шықты, – дейді костюмерші бізбен мамандығының қызығы мен қиындығын бөлісіп. Расында, киім – сахнаның үлкен құрамдас бір бөлігі. Суретші алдын ала үлгісін жасап, арнайы тігілген костюмді киіп шыққан әртіс сахнада адам танымастай өзгеріп шыға келеді. Сол сәттен бастап ол сахнаны сән мен салтанатқа бөлеп, көрермен көзайымына айналады.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.