СҮМЕСҮТТІ
«Сүмесүт» немесе «сүттік» деп аталатын сирек тағамды көпті көрген қариялар білмесе, жалпы жұрттың бәрі біле бермеуі мүмкін. Мен де ауылға барғанда көрші әжейдің аузынан естігенде бұл қандай тағам екен деп таңырқай қарағаным рас. Шәрбан әжей өткен заманнан есті әңгімелер айтқанда, оны бәрі үнсіз ұйып тыңдайды.
Біз біле бермейтін сөздерді жадында сақтаған бейне ол энциклопедия дерсіз. Айналасына адам да үйірілгіш. Сол күні қазіргі балалардың резеңке емізігі жайлы сөз болғаны сол еді. «Балалар сол сөскелерің резеңке ғой. Нәрестенің ернін сорып тастап, түрлі ауруға шалдықтырады. Бізге әжелеріміздің берген сүмесүтіне ештеңе жетпейді ғой. Жас сәбидің мейірін қандырады, емсе тамақ, әрі емшек секілді жұмсақ. Бұрынғы кісілер көшпелі өмір сүрсе де, қалай ақылды, тапқыр болған. Әжелеріміз айтып отырушы еді ерте замандарда жаугершілік, аумалы-төкпелі кезеңдерде ел басына күн туған немесе ұзақ жолдар мен көш-керуендерде күні бұрын әзірленетін сәбилер мен жас балалар үшін нәрем, ересектер үшін сағыз орнына жүретін бірегей нәрлі тағам деп. Біз сол сүмесүттің дәмін көрген адамбыз. Оның жасалу жолы қарапайым.
Әжеміздің айтуынша, семіз әрі жас түсі ақ қойдың жүнін мейлінше тақырлап қырқып алып сояды. Терісін сыпырып алғаннан кейін оның жүнін күйдіріп жібермей тағы үйітеді. Оны күйеден, кірден, шаң-тозаңнан тазартып жуады. Сонсоң шелін, етін сыдырады. Таза теріні қойдың сүті құйылған қазанға салып, баппен қайната береді. Сүт азайған сайын қазанға еселеп сүт құйып отырады. Тері неғұрлым піскен сайын қалыңдығы бармақтай болады. Құйған сүтің сіңбесе, ол қайнап, пісіп болды деген сөз. Осыдан кейін оны алып суытады. Енді бұрынғыдай тері емес, жұмсақ желін тәріздес тағам пайда болады. Мұны енді сығылмайтын етіп табақ, қазан сияқты дәмі шаппайтын ыдыстарға салып, күнге тигізбей салқын жерде сақтайды. "Сүмесүтті" бір жапырақ етіп тіліп, ұзақ, алыс жолдарға шыққанда баланың аузына емшек тәріздес етіп салып қояды. Баланың тамағына кетіп қалмас үшін шетінен ши немесе жіңішке арша өткізеді. Ал, бала анасының емшегін емгендей тәтті қою сүтті сорып, тойып балбырап жата береді. Сүті таусылған тері салбырап босап қалады. Бірақ ол да жерде қалмайды, әйелдер мен балалар сағыз орнына пайдаланып, шайнап жүреді. Қойдың бір терісі бірнеше балаға көп күнге жететін азық болады екен.
Аңызақ далада көшпелі өмір кешкен ұлтымыздың ұрпаққа берер ұлағатты тіршілігі өмірімізге жарқын сәулесін құйып тұрғаны қандай керемет. Халқымыздың рухани құндылықтарын әспеттеп, дәріптеп кейінгі ұрпаққа жыр қып айтып отыратын қарттарымыз аман болсын. Бағзы заманнан баян етілген сүмесүт дайындау тәсілін мен де үйрене бастағандаймын. Жазық дала заңы мен табиғатының құбылысын жетік игерген қазақтың ойшыл тапқырлықтарының ашылмаған құпиясы көп болар. Ол өз алдына бөлек тақырып.
Гауһар Қожахметова.