ЕЛ ЖҮРЕГІНДЕГІ ЕСІМ
Биыл Сыр өңірінің бас қаласы – Қызылорда 200 жылдық мерейтойын атап өтпек. Алғашқыда шағын ғана елді мекенде бой түзеген шаһар содан бері өсті, өркендеді, қанатын кеңге жайды. Қызылорданың дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар аз емес.
1950-1961 жылдар аралығында қалаға Долдаш Әлісов басшылық етті. Қалалық кеңес атқару комитетінің төрағасы басшысы болған азамат жайында көзкөргендер жақын істерін көп айтады.
Тілші болған соң әкімдердің есепті кездесулеріне қатысамыз. Сонда халық арасында Д.Әлісовтың аты жиі аталатын. «Жақсы басшы бола білген азамат» деп елі мақтап отыратын. Иә, «Халық айтса, қалып айтпайды» деген осы болар, сірә...
Ол 1902 жылы Ақмола губерниясы, Азат уезінің №2 ауылында дүниеге келді. Жастайынан еңбекке араласты. 14 жасынан байлардың малын баққан. Азат уезінің Танабай ауылында артельге мүше болған. 1920-1929 жылдары осы уездің «Тыныбай» ауыл шаруашылық артеліне кірді. Одан кейін қаржы агенттігінің курсын, 1949 жылы КОКП ОК Жоғары партия мектебін бітірді. Оған қоса Ақмола округінде, Жаңаарқада, Нұра мен Еркіншілік аудандарында қаржы бөлімін басқарды. 1937-1939 жылдары Қарағанды облысының Қарқаралы, Ворошилов аудандарында аудандық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарды.
1939-1941 жылдары қайтадан қаржы саласына оралып, Ақмола, Ақтөбе облысына келді. Сондай-ақ, Ақтөбе облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Ал, 1950-1961 жылдары еңбекшілер депутаттарының Қызылорда кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған құрметті мемлекет қайраткері Долдаш Әлісовтың аймақ пен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі зор.
Ең таза шаһар болған
Көнекөз қариялардың айтуынша, ол кісі қаланы басқарған тұсында Қызылорда еліміздіңдегі ең таза шаһардың біріне айналған. Жол, құрылыс, абаттандыру ісі бастау алған. «Ленин жолы» газетінің 1953 жылғы 6 сәуірдегі №180 санында Д.Әлісовтың «Өз қаласын көркейту – әрбір еңбекшінің борышы» атты мақаласы шыққан.
Онда төмендегі мәселелер қамтылған. «Елімізде соғыстан кейінгі бесжылдықтар ішінде мыңдаған тұрғын үй, мәдениет орталығы салынды. Бүкіл Отанымыздағыдай Қызылорда облысының еңбекшілері де өз қалаларының экономикасы мен мәдениетін көркейтуде қажырлылықпен еңбек етуде» деп келтірілген.
Асфальт төсеуді қолға алған
Сол тұста қала көшелеріне асфальт төсеу қолға алынып, облыс ортағында асфальт шығаратын зауыт салынды. Бұл жайында қоғам қайраткері, Қызылорда облаткомның бұрынғы төрағасы Ыдырыс Қалиевтің естелігінде: «Сонау өткен ғасырдың 50 жылдарында қаладағы халық саны 63000 ғана болатын. Қалада жарық, жылу болған жоқ. Ең алғашқы салған құрылысымыз 1956-1960 жылдар аралығында пайдалануға берілген Тасбөгет платинасы еді. Сол ауыр кезеңде қалалық атқару комитетінің төрағасы Долдаш Әлісов қала көшелеріне асфальт төсеуді бастап, зауыт салдырдық» деп жазылған.
Елуінші жылдардың басында өңірде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдай ауыр күйде болды. Көптеген мәселелер Тасбөгет плотинасының іске қосылмауынан туындады. 1951 жылы егілген егіс көлемінің 20 пайызы зая кетті. Бұл жағдай одан кейінгі жылдары да қайталанды. Осындай қиындықты жеуде Д.Әлісов өзінің іскерлік қабілетін көрсете білді.
Соммен сөйлеген кез
Долдаш Әлісовтың «Ленин жолы» газетінде тағы да мақаласы шыққан тағы бір мақаласында «Қаланы көркейту жұмысын ұйымшылдықпен жүргізейік» атты тақырып қойылып, онда «Қызылорда қаласын көркейтуге 1953 жылы коммуналдық шаруашылық министрлігі саласынан бөлінген қаржы өткен жылдағыдан екі есе көп. Мұнымен қатар қалада әкімшілік және тұрғын, мәдени, тұрмыстық үйлер салуға, жолды жақсартуға басқа министрліктер мен ведомстволар да едәуір қаржы қаратты. Мысалы, облыстық орман-тоғай басқармасының әкімшілік үйін салуға 70 000, шикізат дайындау мекемесіне 180 000, суландыру техникумының жатақханасын салуға 800 000, су шаруашылығына екі пәтерлі тұрғын үйге 100 000 сом бөлінді» деп әр нысанға тиісті қаражатты анық жазған.
Бас-аяғы 11 жылдың ішінде қалада жаңадан оңдаған өндіріс орны, мектеп, балабақша, мәдени-тұрмыстық нысандар бой көтерген. Сондай-ақ, көпқабатты 95 үй ел игілігіне берілді. Әсіресе, сүт зауыты, ет комбинаты, аяқ киім фабрикасы, балық зауыттарының жетістіктері елеулі. 1956 жылы құрылған облыс орталығындағы жөндеу-механикалық заводының міндеті – ауылшаруашылығы машиналарын жөндеп қайтадан пайдалануға беру болды.
1960 жылдың аяғында бұдан бұрынғы 10 жылмен салыстырғанда құрылыс саласына қаржы бөлу 50 есеге дейін артып, көпқабатты ғимараттар бой көтере бастаған. Облыс орталығын көгалдандыру және көркейтудегі үздік жетістіктері үшін 4 рет республикалық жарыстың жеңімпазы атанып, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің ауыспалы Қызыл Туын және ақшалай сыйлығын жеңіп алған.
Көпке үлгі боларлық адам
Ол қызметте де, өмірде де көпке үлгі болған. Ұрпағы – Галина Долдашқызының айтуынша, әкесі қарапайым, таза, әділетті, еңбекқор қасиетімен көзге түскен.
– Әкемнің ісі ғана емес, өзі де жақсы адам еді. Жүрегі кең, мейірімге толы еді. Әркез еңбекқорлығына тамсана қарайтынмын. Себебі, ол үшін қаланың дамуы, халқының жағдайы алдыңғы орында тұрды. Өте қарапайым қасиетін көзімізбен көріп өстік. Бізді де солай тәрбиеледі. Әкемнің жарқын бейнесін, атқарған игілікті ісін ұмытпаймын. Елі үнемі мақтайды. Әкемнің абыройын асқақтатып отыратын халқына ризамын. Мен үшін бұл – үлкен бақыт, – деді қызы асқар тауын осылайша еске алып.
Елге жасаған еңбегі еленді. Ол «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, 1941-1945 жылдарда Ұлы Отан соғысы кезіндегі «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 2 мәрте Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 1974 жылы «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ал, 1961 жылы алпысқа да толмай дүние салды.
Халық «Жақсының аты өлмейді» дегенді тауып айтқан. Ұрпаққа ұлағат болған нақылдың тектен-текке біздің санамызға сіңгенін түсіну қиын емес. Долдаш Әлісов атамыздың Қызылордада басшылық қызметте болған шақтың өзіне 60 жылдан асты. Облыс орталығының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген абзал жан әлі күнге дейін елдің есінде сақталып келеді. Ол кісіге әрдайым зор құрметпен қарайды.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.