БІРҚАЗАН
Ұзақ жылдар бойы Белкөл кентінің тұрғыны болсам да, біздің елді мекеннің іргесінде жатқан Бірқазан ауылына ат басын бұрып көрмеппін. Онда қанша адам тұрады? Олар қандай тіршілік көзімен айналысады? Сол жайында хабарым шамалы екен. Сәрсенбінің сәтті күнінде сол ауылға барған едім. Елді мекенге кірген сәтте Бірқазан құсы бейнеленген тақтайша мен алыстан көрінген қара талды байқадым. Жергілікті тұрғындар тіршілік ауанында несібесіне бұйырған кәсіп түрлерінен нәпақа тауып келеді. Алаңсыз доп тепкен кішкене балақайлар да көзге шалынды. Жанға жылы, жүрекке жақын көрінді бізге.
Көнекөздердің айтуынша, қала іргесіндегі Белкөл кентіне қарасты Бірқазан ауылының ғасырлық тарихы бар. 1903-1905 жылдары Түркісіб теміржолы салынған кезде стансаның ашылуына үлкен орыс шенеунігі келген екен. Сол уақытта бұл мекен айдыны шалқыған көлі көп, одан ұшып-қонған қаңқылдаған қаз-үйректі жер болған деседі. Орыс шенеунігінің көзіне ерекше әдемілігі мен айрықша сұлулығымен бірқазан құсы түсіп, оны таңқалдырған. Содан бері бұл станса «Бірқазан» аталып кеткен екен.
Елді мекен Белкөл кентіне 1997 жылдан бастап қарайды. Қазіргі таңда ауылдың 292 тұрғыны бар. 2013 жылы №145 ескі орта мектеп жаңартылып, ел игілігіне берілген. Білім ордасында бүгінде 66 оқушы білім нәрімен сусындауда. Мектепте Әліби Мүслім, Еркежан Мүслім, Айдана Шалқарова сынды білімді де дарынды оқушылар бар. Айдана Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті ұйымдастырған мектеп оқушылары арасында дәстүрлі түрде өтетін «Жас тілшілер» және «Журналист болғың келе ме?» шығармашылық байқауына қатысып көш басынан көрінді. Сонымен қатар бұл оқушылар «Сыр үміттері» деп аталатын облыстағы ең үздік оқушылар энциклопедиясына енген.
Мұнда кезінде орыс ағайындары да тұрған екен. Олар теміржол саласы мен қамыс зауытта, орман шаруасында, су айдайтын мекеме сияқты орындарда жұмыс жасаған. Көнекөз қариялар Сумкин, Суровцев, Иванов, Михайлов, Калиниченко сынды көптеген отбасылар өмір сүргенін айтады.
Соғысқа қатысқан майдангерлерге арнап «Тағзым» алаңы жанашыр азамат Бағдәулет Ысқақовтың қолдауымен 2015 жылдың басында ашылды. Ол 7 мамыр күні арнайы салтанатпен ашылды. Бұл алаңда есімдері тасқа қашалып жазылған 357 майдангер, 147 тыл ардагерлері мен 9 ел ардақтысының есімдер мен «КСРО құрметті теміржолшысы» Кәкім Әбдіқадыровтың суреті қойылған.
Елді мекендегі айшықты тірліктер мұнымен шектелмеді. 2017 жылы жаңа медициналық бекет пен 3-6 жас аралығындағы балаларға арналған балабақша пайдалануға берілді. Бүгінде балабақшада 22 бала тәрбиеленуде. Ауыл тұрғындары таза ауыз сумен де толық қамтылған.
Жерлестер Кәкім Әбдіқадыров есімін ардақ тұтады. 1920 жылы Бірқазан стансасының жанындағы №14 бекетте дүниеге келген. Ол соғысқа дейін сол теміржол бойындағы бастауыш мектепте оқыған. Майдан даласында жауға тойтарыс берген ол «Даңқ» орденінің толық кавалері болды. Кәкім Әбдіқадыровқа 30 жылдан астам теміржол саласында жұмыс істегені үшін 1975 жылы «КСРО құрметті теміржолшысы» деген атақ берілген. Бүгінде ол кісінің атында Белкөл кентінде арнайы берілген көше бар.
Қазір ауылда 15 шақты адам теміржол стансасында еңбек етеді. Сондай-ақ, мал шарушылығымен де айналысып өз отбасын асырап жүрген жандар да бар.
Жоғарыда атап өткен қара талды ауыл тұрғыны бірқазандық Жүсіп Тасболатұлы 1920 жылдардың шамасында егіпті. Бұл деректі ауылдың байырғы тұрғыны Базарбай Кәрібайұлы айтқан екен. Ғасырға жуық жасыл желегін жайқалтқан бұл дарақ өткен күннің шежіресін шертеді.
Күрмеуі көп мәселелердің түйіні шешіле бастағанына көз жеткізіп қайттық. Тұрғындар жер-жерде қызу еңбек көрігін қыздыруда. Барлық жерде ертеңге деген құлшыныс. Ауыл тұрғындары кержалқаулық мінезден арылып, білек сыбана еңбек етуде. Бау-бақшамен айналысу, көшет отырғызу, ауылды жасылдандыру қолға алынғаны көрініп-ақ тұр. Бір кездері халқы аз болған ауыл, бүгінде қанатын кеңге жайған, айтса ауыз толарлықтай берекелі мекенге айналған.
Таңшолпан КЕНЖЕБАЕВА