ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ КҮКІРТ ҚЫШҚЫЛЫ ЗАУЫТЫ «АЛТЫН САПАҒА» ҚАТЫСПАҚ
Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастыруымен өткізілетін ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысушылар үшін құжат қабылдау жүріп жатыр.
Биыл Қызылордадан «Алтын сапада» бағын сынау үшін алғашқылардың бірі болып жаңақорғандық күкірт қышқылын өндіретін зауыт – «СКЗ-U» ЖШС-і құжаттарын тапсырды.
«СКЗ-U» ЖШС-і 2007 жылы қазақстандық, канадалық және жапониялық компаниялардың құрылтайшылығымен құрылған.
Жаңақорған ауданындағы күкірт-қышқылы зауыты 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған Қызылордадағы ғана емес еліміздегі теңдесі жоқ озық технологиялы өндіріс.
Зауыттың қуаттылығы күніне 1500 тоннаны, жылына 500 мың тоннаны құрайды.
Кәсіпорын 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Күкірт қышқылын өндіруден зауыттың еліміз бойынша аналогы жоқ. Өндіру технологиясы бойынша қалдықсыз жұмыс жасайды десе де болады. Шикізатты өнімге айналдыру көлемі 99,9 пайызды құрайды. Жобаның ерекшелігі – экологиялық тұрғыдан таза.
Дүние жүзінде мұндай ондаған зауыт бар. Дегенмен, қызылордалық күкірт қышқылы зауыты өнім өндіру көлемі жағынан олардан көш ілгері болып саналады. Мәселен, Италияның Сардиния аралындағы осындай зауыт жылына 180 мың тонна өнім өндіреді екен.
Зауыт «Қазатомпром» АҚ-на қарасты уран өндіретін кәсіпорындарды ең басты реогент күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді.
«СКЗ-U» ЖШС-і күкірт қышқылын өндірумен бірге электр энергиясын да өндіреді. 2013 жылы зауытта өнім өндіріле бастағанда электр энергиясына деген сұраныс артып, нәтижесінде зауыт сағатына 420 кВТ-тық өзінің күн электр станциясын іске қосады. Бүгінде аталмыш электр энергиясы серіктестіктің жұмысшылар тұратын қалашығын толықтай жарықпен қамтамасыз етіп отыр.
«СКЗ-U» ЖШС-і еліміздің экономикасына үлес қосумен бірге әлеуметтік жауапкершілікті де қатар алып жүр. Жұмысшыларының өміріне жауапкершілікпен қарайтын серіктестік басшылығы қызметкерлердің әлеуметтік пакетіне ерекше мән берген. Әлеуметтік пакетке толықтай медициналық сақтандыру енген. Мұнымен қоса, зауытта күн сайын қызметкерлердің денсаулығын қадағалайтын тұрақты медициналық пункт жұмыс жасайды.
Серіктестік болашақ мамандарды дайындауда да белсенділік танытуда. Мәселен, бүгінгі күнде кәсіпорын есебінен 3 студент жоғарғы оқу орнында, 5 студент колледжде оқуда. Жастар оқуын бітірген соң осы зауытта жұмыс жасайтын болады.
«СКЗ-U» ЖШС-і өңірдің әлеуметтік мәселелеріне де баса мән беріп, қайырымдылық, демеушілік шараларына белсенді қатысады. Мәселен, 2012-2016 жылдары Серіктестік бұл бағыттағы шараларға 32,45 млн.теңге қаржы бөлген. Сондай-ақ, зауыт орналасқан Кейден ауылында скважина қазып, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Мұнымен қоса, жыл сайын «Мектепке жол» акциясына қатысып, тұрмысы төмен отбасы балаларын тиісті мектеп құралдарымен мереке күндері арнайы сыйлықтармен, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерін қаржылай сыйақымен қамтамасыз етуде.
Айта кету керек, «Алтын сапа» сыйлығына қатысуға үміткерлер Комиссияға кемiнде үш жыл iшiнде шығарылатын өнiмнiң немесе көрсетiлетiн қызметтiң жоғары сапасын растауға тиiс.
Ұйымдар байқауға мынадай номинациялар бойынша қатысады:
1) «Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк кәсiпорын»;
2) «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздiк кәсiпорын»;
3) «Қызметтер көрсететiн үздiк кәсiпорын».
Әр номинация бойынша мынадай:
1) шағын кәсіпкерлік субъектісі;
2) орта кәсіпкерлік субъектісі;
3) ірі кәсіпкерлік субъектісі санаттары бойынша сыйлық беріледі.
Ал «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мынадай үш номинация бойынша жүргізіледі:
1) «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;
2) «Халық тұтынатын үздік тауарлар»;
3) «Үздік азық-түлік тауарлары».
Байқау құжаттар қабылдау жүргізілуде. Қатысуға ниеттілер Қызылорда қаласы, Әйтеке би 28 мекен-жайындағы Кәсіпкерлер палатасына құжаттарын тапсыра алады. Жауапты маман Гүлдана Таңатова. Сұрақтар туындаған жағдайда 40-09-81 /ішкі 4311/ байланыс телефонына хабарласа аласыздар.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі