ШІЛДЕ СУЫ
Гүлбағдан әжей жалғыз ұлынан туған атұстар сәбиді ұзақ күтті. Бала қызығына зар болған жандардың тілегін Тәңір жарылқап, шекесі торсықтай ұл дүние есігін ашты. Сол сәби бүгін перзентханадан шығып, шаңырақты шат-шадыман күйге бөлеуде.
Қуаныштан төбесі көкке бір елі жетпей жүрген кейуана баланы алғашқы суына да өзі түсірді. Қазаққа тән барлық жөн-жоралғысын ықылым заманнан қалған салт-дәстүр бойынша атқарып шықты. Келіні үшін де арнайы қой байлап, қалжалады. Келіні күш-қуатын арттырып, алты күннің ішінде аттай шауып, үй тірлігіне тез араласып кетсін деген ниетпен жас қойдың етін асты. Баланың мойны берік болсын деген тілекпен малдың мойын омыртқасын анасына пышақ тигізбей мүжгізді. Сөйтіп, оны үйдің биік жеріне іліп қойды. Келінге тіске жұмсақ етін беріп, ыстық сорпа ішкізді. Көпті көрген ананың келіні мен немересін халқымыздың қадым заманнан бері жалғасқан осындай әдет-ғұрпымен баптаған ісіне тәнті болдық. Қалжаға арнайы сойылған қой eтiнiң қайнағанда шыққан қан көбігін сүзіп алып, бала шомылдыратын суға араластырды. Сол жердегі көбіміз бұл кәдені білмейді екенбіз. Мұндай да болады екен-ау деп таңғалыстық. Кейбіреуі жиіркенгендей тыжырынып та қалды, байқадым. Кейуана оның себебін айтты. Осылай шомылдырылған баланың денесі тез пісіп, ширақ болады екен. Себебі, су қайнаған кезде сорпа бетіне қалқып шыққан алғашқы көбіктің құрамындағы қан мен майдың жаңа туған шарана ағзасына пайдасы ұшан-теңіз көрінеді. Ал, бала шомылдырған әлгі суды данышпан халқымыз «шілде суы» деп атап кетіпті.
– Бұл салтты менің бала кезімнен білемін. Кішкентайымда үлкендер аузынан жиі естуші едік. Есейе келе өзіміз де бұл жоралғыға куә болып өстік. Уақыт өткен сайын мұндай салт-дәстүрлердің қасиетін ұғына бастадық. Бабалардың мұндай көрегендігін жоққа шығара алмаймыз. Қазір осы көрген-білгенімізді өзіміздің бала-шағамызға жасап жүрген жайымыз бар. Бірақ, бүгінде шілде суының аты өзгермегенімен, сипаты ауысқан ба деп қалдым. Өткенде бір танысымның үйінде өткен шілдеханада мынадай жағдайды аңғардым. Баласын ең алғаш шомылдырған суын төкпей, аузы берік ыдысқа құйып сақтап қойып жатыр. Айтуынша, ештеңе салынбай шомылдырылған сол қара су ертенгі күндері бала ауыра қалған жағдайда соған қайта түсірсе, дертінен лезде айығады десті. «Шілде суы» деп олар осыны атайды екен. «Әр елдің салты басқа» деген осы. Енді мұның қаншалықты салт-дәстүрімізге жанасымды екенін білмеймін. Әйтеуір, бізден үлкендер ес білгелі қалжаның қанды көбігін араластырып шомылдырып жатушы еді. Бала шымыр болып өссе, үлкендер қауымы «Шілде суынан нәр алған бала ғой» деп отырушы еді, – дейді Гүлбағдан әжей. Кейуананың бұл әңгімесінен соң бәріміз сәбидің алдағы өміріне шыр етіп жерге түскен минутынан бастап жасалатын әрбір қадамның айрықша ықпал ететінін талқылай түстік. Шындығында, дала данышпандары дөп басып болжап кеткен мұндай болжамдарға еріксіз таңдай қақпасқа амал жоқ. Бәрі рас...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.