ЖАЙДАРМАН – ДОСТЫҚ МЕКЕНІ
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттер сарайында облыстық жоғары лига жайдарман ойындарының 1/2 жартылай финалдық сайысы өтті.
Оны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Қазақстан КВН» одағының аймақтағы «Қызылорда КВН» филиалы ұйымдастырды. Көңілді тапқырлар сайысына жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен ауданның белсенді жастарынан құралған үздік 8 топ өнер көрсетті. Олардың қатарында «ҚМУ», «ҚГЭК», «Абылайхан», «БУ», «Қызылорда» құрмаларымен қатар, Байқоңыр, Қазалы, Сырдария аудандарынан келген ойыншылар да бар. Жайдарманшылар сайыс ережесі шеңберінде сәлемдесу мен көрініс көрсету кезеңдері бойынша өзара бақ сынады. Ал, олардың өнеріне облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Еркебұлан Меңлібаев бастаған әділ қазылар төрелік етті.
Облыстық «Жас Отан» жастар қанатының арнайы жүлдесі сарапқа салынған ойында қатысушы командалар сәлемдесу кезеңі бойынша 7-8 минуттың ішінде бар өнерін салып, көрерменнің көңілінен шығуға тырысты. Қызықты да тартысты өткен әзіл кеші қала тұрғындарына керемет көңіл-күй сыйлады.
– Жайдарман жастардың жан-жақты қабілетін шыңдай түсумен қатар, олардың өзара достық қатынасын нығайтуға ықпалы зор. Ойында жайдарманшылар кез келген тақырыпта ұтымды әзілдер айтып, көптің көңілінен шығуға тырысады. Алдағы маусым айында Қызылорданың 200, Елордамыз – астананың 20 жылдығына арналған жоғары деңгейдегі жайдарман кешін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді «Қызылорда КВН» филиалының директоры Алиби Басаров.
Ойын қорытындысы бойынша арнайы жүлдені «Қызылорда» құрамасы жеңіп алды. Ал, ақтық мəреге «Қызылорда», «Байқоңыр», «ҚМУ», «ҚГЭ» жəне «Қоғалыкөл» құрама командалары жолдама алды. Қалған қатысушыларға алғыс хат табыс етілді.
Бағлан ЖАРЫЛҚАПҚЫЗЫ.