Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АҚМЕШІТ ҚАЛАЙ ПЕРОВСК АТАНДЫ?

АҚМЕШІТ ҚАЛАЙ ПЕРОВСК АТАНДЫ?

  Кезінде көне Ақмешіт Сыр бойы атырабының әлеуметтік және мәдени орталығы болып қалыптасты. 1850-1860 жылдар аралығында Ақмешіт бекінісі тарихи оқиғалардың ортасы болды.
Орынбор генерал-губернаторы В.Перовскийге Ақмешітті қалайда басып алу туралы тапсырма берді. Дұл нұсқауды орындауға кіріскен генерал бұл аймаққа жолды барлап, оны картаға түсіру үшін 1852 жылы 18 сәуірде топограф Голов басқарған 80 адамнан тұратын әскери топты Сыр бойына аттандырды. Бұл кезде дария бойындағы қазақтар да патша өкіметі тарапынан анық қауіп төне бастағанын сезді. Сондықтан бірнеше қауіпсіздік шараларын жүзеге асырған. Бұл жайында көршілес Өзбекстан елінің Орталық мұрағатынан табылған құжаттар бар.
Мысалы, осы мұрағаттағы 715 қордың 14-ші ісінде Ақмешіттің елбегі Абдуалидың сұраған көмегіне орай ташкенттіктер 2000 сарбаз жібереді. Оның 400-і сарт, ал қалғанының бәрі, яғни, 1600-і қазақтар болған. Құрамында Кенесарының ұлдары Тайшық, Құсман, Кенесарының ағасы Саржанның ұлдары Қошқарбай мен Иса бар. Алайда, көмекке келгендер де, Ақмешіт қазақтары да патша әскерлерімен мәселені бейбіт түрде шешуді көздеген.
Олар топограф Головтың 80 барлаушысын Ақмешіттен 80 шақырым жерден қоршауға алып, кейін қайтуын талап етті. Орындамаған жағдайда күш қолданатынын ескертеді. Амалы құрыған поручиктің барлау тобы Қызыл Жыңғыл шатқалына дейінгі жерлерді ғана картаға түсіріп, Райым бекінісіне оралды. Патша барлаушыларының сәтсіз аяқталған жорығына қарамай әрі қазақтардың күшін менсінбеген В.Перовский сол жылы қайтадан полковник И.Бламбергті, үш зеңбірегі бар 300-ден астам әскерді Ақмешіт бекінісін басып алуға аттандырды.
1852 жылы 18 шілдеде Ақмешітке жеткен полковник таң алдында бекініске шабуыл жасайды. Мұрағат құжаттары көрсеткендей, бұл жолы да ақмешіттіктерге дер кезінде көмекке келген ташкенттік қазақтар жауға қарсы шабуылға шықты. Орыс әскерлерінің 15 адамын өлтіріп, 57-сін жаралады. Осылайша болар Перовский әскерін кейін қарай қашуға мәжбүрледі. Осы шайқастан кейін берілген тапсырманы орындай алмаған полковник Бламберг жолдағы ауылдарын шауып, малдарын тонап кетті. Бламбергтің бейбіт жатқан қазақ ауылдарын шабуының салдарынан жергілікті халықтың наразылығы күшейген.
Перовский Ақмешітке келесі жорығын жасамас бұрын түрлі айла-шарғыға барды. Оған баратын жол бойында орналасқан қазақтардың көтерілісінен қорқып, Қазалы аңғарында №1, Қармақшыда №2, Күмісқорған бекінісінің орнына №3 фортты тұрғызды. Сондай-ақ, екі жорықтан сәтсіз оралған ол енді жан-жақты дайындалды. Ақмешіт бекінісінде орналасқан әскерлердің саны мен құрамы, Кенесарының ұлы Сыздық төре бастаған қазақтар туралы, Орта Азия хандықтарының саяси жағдайы, Сыр бойындағы жергілікті халықтың патша билігіне деген көзқарасы және тағы басқа да мәліметтер жинастыру үшін тыңшыларын жіберді.
Сол арқылы Қоқан ханы мен Ташкент бегінің арасында билік үшін соғыс басталғанын, Ақмешітті қорғауға келген сарбаздардың қайтадан Ташкентке қарай аттанып кеткені туралы мәліметке қол жеткізді. Осыдан кейін Перовский 1853 жылы 22 сәуірде 3 мыңнан аса әскерді бастап жорыққа шықты.
Ол бұл әскери іс-шараға жоғары деңгейде дайындалғаны соншалықты, оған сол уақыттағы орыс әскерінің жаяу, атты әскерлер, зеңбірек батареялары, инженерлік топ, саперлік бөлім, казактар және әскери флотилияны енгізеді. Ақмешітке жеткен Перовский бастаған әскер бекініске тіке шабуылға шығуға бата алмай, қоршауға алып, батареяларды орналастыру үшін оның жан-жағынан траншеялар қазды.
Бекіністі қорғаушыларға сырттан көмекке әскердің келмеу амалын қарастырған Перовский Жаңадариядағы тоспаны бұзып жіберді. Кейін орыстардың осы амалы өз-өзін ақтады. Өйткені, Ақмешітке көмекке келе жатқан ташкенттіктер дәл осы тоспадан жайылған судан өту үшін өткел іздеп, уақытын босқа өткізіп алады.
Жорыққа алып шыққан әскердің азық-түлігі санаулы күнге ғана жететін болғандықтан, бекіністі қоршау арқылы бағындыру жоспары іске аспады. Қалыптасқан жағдайды талдаудан өткізген ол енді шешуші шабуылға көшпесе, жағдайдың мүшкілге айналатынын білді. 1853 жылы 8 шілдеде барлық батареялардан бекініске қарай оқ жаудыруға бұйрық берді.
Бекіністі қорғаушылар жау күшіне төтеп беріп, қарсы шабуыл жасады. Олардың ерлігіне Перовскийдің өзі де таңғалып, Булгаков деген досына жазған хатында «Бекіністегі 300 адамды өз еркімен берілуге мәжбүр ете алар емеспін» деп мойындайды. Осылайша Ақмешіт бекінісін қорғаушылар өз күштерінің әлсіздігіне қарамастан, орыс әскерімен үш аптадан аса аянбай соғысып, ақыры оқ-дәрісі таусылған соң амалсыздан берілді. Ақмешіт қамалы алынған соң, Перовск атауы берілді. Осылайша, орыс отаршылдарының Сыр бойын өзіне қарату жоспары жүзеге асып, қала тіршілігі жаңа арнаға түсті.
                                                                         Биболат Сәтжан
28 мамыр 2018 ж. 1 963 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 438 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам